Ғұламалар кеңесінің ХХХІІІ мәжілісі басталды
Бүгін Алматы қаласындағы орталық мешітте ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен Ғұламалар кеңесінің ХХХІІІ мәжілісі басталды.
Наурызбай қажы Тағанұлы кеңес жұмысын ашып, Ғұламалар кеңесінің осы уақытқа дейін атқарған жұмысына оң баға берді.
«Аллаға шүкір, Ғұламалар кеңесінің жұмысы жоғары деңгейде өтіп келеді. Соның нәтижесінде былтыр «Пәтуалар жинағының» үшінші томын жарыққа шығардық. Сонымен қоса ғылыми жобаларды қолға алдық. Осы орайда еңбек етіп, атсалысқан баршаңызға тағы да Алла разы болсын деп шынайы алғысымды білдіремін» деді Бас мүфти.
Екі күнге жалғасатын мәжілісте «Әскери борышты өтеудің үкімі», «Қауесет таратудың үкімі», «Мемлекет және жеке тұлғаның мүлкіне қол сұғудың үкімі» т.б тақырыптар талқыланып, пәтуа беріледі. Сондай-ақ «MUFTIYAT» баспасынан жарық көрген жаңа кітаптардың тұсауы кесілмек.