Әл-Азһар студенті ижаза алды
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының 2022 жылға арналған кеңейтілген Төралқа мәжілісінде «Ижаза беру орталығын» ашу туралы шешімі Мысыр елінің әйгілі әл-Азһар университетінде оқып жатқан қазақ студенттеріне серпін берді.
Бүгінде шәкірттер мысырлық ұстаздардан ижаза алып, елге білікті маман болып оралуға ынталанып отыр. Бұл игі бастаманың көрінісі ретінде ҚМДБ тарапынан әл-Азһар университетінде білім алып жатқан «Шариғат және заң» факультетінің 3-курс студенті Мұхаммед Сабыржанның ижаза алғанын ерекше атап өтуге болады. Ол «Асим» қырағаты – «Хафс» және «Шұғба» риуаяты бойынша ижазаға қол жеткізді.
Мұхаммед Сабыржанның ұстаздары – Александрия қаласы бойынша әл-Азһар оқу орнының «Құран Кәрім және ғылымдары» бөлімінің директоры, ғылым докторы Сами Хамид бин Рамазан үлкен және кіші 10 қырағат иесі, сондай-ақ ғалымның шәкірті шейх Ахмет Абдулла.
Ижаза алу емтиханына ҚМДБ-ның Мысыр Араб Республикасындағы өкілі Руслан Амантұрсынұлы арнайы қатысып, шәкірттердің ижаза алу рәсіміне куә болды. Ғалым Сами Хамид пен Ахмет Абдуллаға шәкірттерге Құран Кәрімді жаттатудағы қажырлы еңбегі үшін алғыс айтып, қазақи дәстүрімізге сай иықтарына шапан жапты.
Руслан Амантұрсынұлы мысырлық қари ұстаздарға елімізде ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен «Ижаза беру орталығы» ашылатынын айтты. Қуанышты хабарды қари ұстаздар әрдайым қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.