Көшпелі уағыз-насихат Темір ауданында жалғасын тапты 1702

Көшпелі уағыз-насихат Темір ауданында жалғасын тапты

13 мамыр 2022 178 Оқу 1 минут

Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлының бастамасымен, өңірдегі діни тұрақтылықты сақтау мақсатында «Көшпелі уағыз-насихат» жобасы қолға алынып, алғашқы іс-сапар 10-11 ақпан күндері Мұғалжар ауданынан бастау алды. Ал жобаның жалғасы 12-13 мамыр күндері Темір ауданында жалғасын тапты. 

«Көшпелі уағыз-насихат» құрамында Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлы, РАНТ мүшесі, «Ақтөбе» медресе-колледжінің директоры Әбдімүтәлі Дәуренбеков, Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Мұхаммедисмаил Шадман, «Әс-салам» мешітінің имамы Нұрлыбек Такеев, Мұғалжар ауданындағы «Қадырәлі ата» мешітінің имамы Дархан Өксікбаев пен ұстазы Ақылбек Елубаев, Алға аудандық «Мұхаммедқазы Меңдіқұлұлы» мешітінің наиб имамы Қуанышқали Илиясов, Қарғалы ауданының Бас имамы Нұрлан Қырықбаев т.б қатысты.

Іс-сапардың алғашқы күнінде Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлы, РАНТ мүшесі Әбдімүтәлі Дәуренбеков т.б имамдар Темір ауданының әкімі Саламат Аманбаевтың қабылдауында болып, Темір ауданындағы 2 күндік жұмыс жоспары мен имамдары жоқ мешіттерді имамдармен қамтамасыз ету, имамдардың әлеуметтік жағдайы (тұрғын үй, жалақы т.б) талқыланды.
Аудан әкімімен кездесуден кейін имамдар Темір ауданы, Шұбарқұдық кентіндегі Досжан ишан Қашақұлының кесенесіне зиярат етіп, баба рухына қасиетті Құран аяттарын бағыштады.
Ал бесін намазынан кейін облыстың Бас имамы Серікжан Еншібайұлы мен «Ақтөбе» медресе-колледжінің директоры Әбдімүтәлі Дәуренбеков аудандық мәдениет үйінде кездесу өткізді.

Іс-шара барысында Облыстың Бас имамы «Дәстүрлі дін тұрақтылық негізі» тақырыбында баяндама жасап, ақсақалдар мен мектеп мұғалімдері, оқушылар мен жастар тарапынан қойылған «мектеп жасында ораза ұстау, балиғат жасы қай жастан басталады?» сынды т.б сұрақтарға Бас имам тұщымды жауап берді. Кездесуде медресе-колледждің директоры Әбдімүтәлі Қайназарұлы жастардың діни білім алуының маңыздылығына тоқталып, оқу орны туралы қойылған сұрақтарға жауап беріп, медресе-колледждің тыныс тіршілігі мен мамандықтар туралы баяндады.

Сонымен қатар жамағаттың ынтымақ, бірлігін арттыру мақсатында Темір ауданы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде футболдан ойын ұйымдастырылып, ал дін мамандары арасында үстел теннисінен ойын өтті. Одан кейін жаңа мешіттің құрылысымен танысып, қолданысқа ену барысындағы жұмыстар талқыланды.

Бірінші күннің іс-сапары құптан намазының алдында аудандық «Досжан Ишан» мешітінде облыстың Бас имамы «Исламда себепсіз ажырасу күнә» тақырыбында уағыз айтумен қортындыланды.

Көшпелі уағыз-насихаттың екінші күнінде Облыстың Бас имамы Шұбарқұдық кәсіпшілігінде мектеп мұғалімдерімен кездесіп, «Бала тәрбиесінде жіберілетін қателіктер» тақырыбына тоқталып, жат ағымның алдын алу мақсатында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ Шұбарқұдықтағы аудандық мешітте Бас имам Серікжан Еншібайұлы жамағатқа «Пара алу да, беру де күнә» тақырыбында жұма уағызын айтып, жұма намазын жүргізді.

Облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Мұхаммедисмаил Шадман Алтықарасу ауылдық округіндегі мешіттің тыныс-тіршілігімен танысып, Қайыңды ауылдық округіндегі «Құмдық» мешітінде құптан мен жұма намазын жүргізіп, уағыз айтты. Ал Қайыңдыдағы мәдениет үйінде халықпен кездесіп, жат ағымнан туралы ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жамағаттың ауызбіршілігін арттыру мақсатында футболдан жарыс ұйымдастырылды.

«Әс-салам» мешітінің имамы Нұрлыбек Такеев Кеңкияқ ауылдық округіндегі «Ырысты ана» мешітінде жамағатқа екінді намазының алдында «Дін ілімдерінің маңызы», ақшам намазынан кейин дастархан басында «Дін – жауапкершілік», құптан намазының алдында «Құл ақысына құрмет» атты тақырыптарында уағыз айтты. Сонымен қатар Кеңкияқ ауылдық округінің тұрғындарымен «Жат діни ағымдардың белгілері» атты кездесу ұйымдастырылды. Ал жұма уағызында «Пара беру де, алу да күнә» тақырыбына тоқталып, жұма намазын жүргізді.

Мұғалжар ауданындағы «Қадырәлі ата» мешітінің имамы Дархан Өксікбаев Шұбарши ауылында «Жамағат намазы» туралы уағыз, ал Шұбарши мәдениет үйінде «Ислам мәдениет діні» тақырыбында ақпараттық түсіндіру жұмысын жасады.

Қарғалы аудандық мешітінің Бас имамы Нұрлан Қырықбаев Темір ауылдық мешітінде құптан намазының алдында "Құрандағы мүминнің сипаты", жұма уағызында «Білім алудың артықшылығына» тоқталып, жұма намазын өткізді.

Жоба аясында ауданға келген 10 имамнан құралған делегация 2 күннің ішінде 1793 адамға ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, Әбу Ханифа мәзһабы мен Мәтуриди сенімін ұстанудың маңызын кеңінен түсіндіріп берді. Сондай-ақ салт пен дәстүрге, қоғамда қалыптасқан құндылықтарға құрметпен қарауға үндеді.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі