ӘЙЕЛДЕРГЕ ҚАБІРДІ ЗИЯРАТ ЕТУГЕ БОЛАДЫ МА? 183

ӘЙЕЛДЕРГЕ ҚАБІРДІ ЗИЯРАТ ЕТУГЕ БОЛАДЫ МА?

29 қыркүйек 2020 3783 Оқу 1 минут

Сұрақ: Әссәләму алейкум!

Әйелдердің бейіт басына барып, қабірді зиярат етуіне шариғат рұқсат береді ме? Әлде, ер кісілер ғана бейіт басына бара алады ма?

Жауап: Уа алейкум ассалам!

Бұл мәселеге қатысты мынадай риуаяттарды айтуға болады: Айша (р.а.) анамыз бейіт басынан қайтып келе жатқанда жолай Абдулла бин Әбу Мулайкат (р.а.) кездесіп, оған: «Уа, мұсылмандардың анасы! Қайдан келе жатырсыз?» - деп сұрайды. Айша анамыз (р.а.): «Бауырым Абдрахманның қабіріне барып қайттым», - дейді. «Алла елшісі (с.ғ.с.) қабірлерді зиярат етуге тыйым салған емес пе еді?», - дегенде, Айша анамыз (р.а.): «Иә, қабірлерді зиярат етуге тыйым салған болатын. Бірақ кейін рұқсат еткен», - деп жауап берген екен[1].

Әнас бин Малик (р.а.) риуаят еткен мына оқиғада қабір басында жылап отырған әйелдің жанынан Алла елшісі (с.ғ.с.) өтіп бара жатып: «Алладан қорық, сабырлы бол», - дейді. Сонда әйел: «Менен аулақ жүр, сенің басыңа менікіндей қайғы келмеген», - деп пайғамбарды танымағандықтан, жекіп жауап береді. Кейіннен пайғамбардың (с.ғ.с.) үйіне барып, сізді танымадым, - деп кешірім сұрады. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с.): «Расында, сабыр – алғашқы соққыда», - деп айтқан екен[2].

Бұл хадистен байқағанымыздай, Алла елшісі (с.ғ.с.) әйелге қабір басында отыруға немесе зиярат етуге тыйым салған жоқ, тек сабырға шақырды. Сонымен бірге, Алла елшісі (с.ғ.с.) әйелдерге де, ер кісілерге де қабір басына барғанда:

السلام عليكم أهل الديار من المؤمنين والمسلمين وإنا إن شاء الله للاحقون أسأل الله لنا ولكم العافية

«Әссаламу алейкум, әһләд-дияр минал муминина уал муслимин, уә иннә ин ша Аллаһу бикум лахиқун. Насалу Аллаһа ләнә уә ләкум ъафиа[3]», - деп айтуды үйреткен.

Дұғаның мағынасы: «Мүміндер мен мұсылмандардан болған мекен тұрғындары, сендерге Алланың сәлемі болғай! Біз де, Алла қаласа, сендердің арттарыңнан барамыз. Алладан бізге және сендерге амандық сұраймыз».

Демек, бейіт басына баруға және қабірді зиярат етуге ерлерге де, әйелдерге де шариғатта рұқсат бар. Бейіт басына барудағы мақсат –марқұмдардың рухына дұға бағыштау және зиярат етуші адамның өзі үшін ғибраттануы. Алайда, дауыс көтеріп жылауға, басқа да шариғат көтермейтін амалдарды жасауға қатаң тыйым салынады.

Дайындаған: nurgasyr.kz


[1]Әбу Яғлә «Муснад», Хаким «Мустадрак»

[2]Бұхари

[3]Ахмед