Әйел жамағаты Мәуліт мерекесін ұлықтады (Фото)
Бүгін ҚМДБ Ақтөбе облысы бойынша өкілдігінде «Әйел-қыздар» секторының ұйымдастырумен облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде «Мәртебелі Мәуліт айы» тақырыбында Мәуліт мерекесі ұлықталды.
Шара барысында қыз-келіншектерге зәмзәм суы таратылып, қатысушылар қыблаға қарап, зәмзәм суын ішіп, дұға етті.
Облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің ұстазы Ардақ Бағдал: «Мәуліт мерекесі – ғаламның рақым нұры, екі дүниенің сұлтаны, қараңғылықтың түнегін түріп, жарыққа бастаушы, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) дүниеге келген айы – мұсылман қауымы үшін ерекше мейрам» -деп ардақты Пайғамбарымыздың өнегелі өмірінен сыр шертетін естеліктер айта келіп, жиналған жамағатты қасиетті мерекемен құттықтады.
Сонымен қатар сүннет амалдарды күнделікті өмірде қолдану мәселесіне қатысты «Қадам» ойыны ойнатылып, белсенді қатысушыларға «Әйел-қыздар» секторының Ақтөбе облысындағы жетекшісі Кенжегүл Кошкарова кітаптар сыйлықтар табыстады.
Одан өзге «Пайғамбарға сағыныш хаты» оқылып, «Қорған» және қазаға сабыр ету туралы қойылым қойылды.
Мерекелік шара аясында дастарқан жайылды. Дастарқан басында арнаулы қонақтар мен ақсамайлы аналар құттықтау сөз сөйлеп, мерекенің мерейін асыра түсті. Алла Елшісінің (с.ғ.с.) өнегелі өміріне қатысты сұрақ-жауап сайысы да жиналған жамағатқа Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаның шұғылалы өмір-белестерінен зор мағлұмат берді.
Шара қортындысында әйел жамағаты шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі