«INFAQ»: Ырғыз аудандық мешітіне қызметтік баспана табыстады
«INFAQ» белсенді тобынан құрылған 200 ерікті адамның атсалысуымен алғашқы баспана ретінде Ырғыз аудандық мешітіне қызметтік пәтер табысталды.
Ырғыз аудандық мешітінің 30 жылдығына орай Рамазан айында демеушілердің көмегімен мешіттің меншігінде болатын имамның қызметтік үйі сатып алынды. Оған атсалысқан белсенді жамағаттың алғашқысы – Хидаят қоры. Игі іске мұрындық болған «INFAQ» жобасы.
Одан өзге Ырғыз ауданының әкімдік және мекеме басшылары да «INFAQ» жобасына қаржыларын аударды.
Айта кетсек, Ырғыз ауданында 27 сәуір күні имамның қызметтік үйін салтанатты табыстау рәсімі өтті. Іс-шарада аудан әкімі Нұрлан Қасымханұлы көпшілікті Рамазан айымен құттықтап, сауапты іске атсалысқан азаматтарға ризашылығын білдірді. Ал Ақтөбе облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Мұхаммедисмаил Шадман қасиетті айдың адамзат баласы үшін берер жақсылығы мен ізгі мәніне тоқталып, пәтер табыстау рәсімінің лентасын қиды.
Салтанатты рәсімде Ырғыз аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуанышбай Кенжебаев жұртшылыққа игі тілегін жеткізді.
Қадір түні қарсаңында Ырғыз аудандық мешітте қайырымдылықтың игі бастауы болған «INFAQ» жобасының алғашқы баспанасының сертификатын Ақтөбе қаласында орналасқан «Нұр-Мүбарак» университетінің дайындық курсының директоры Төлеген Талдыбаев ауданның Бас имамы Бауыржан Мырзабайға табыстады.
Іс-шара қортындысында Төлеген Талдыбаев: «Жоба аясында бір жарым, екі жылдың ішінде Ақтөбе облысындағы дін қызметкерін үймен қамтамасыз етсек деген ниетіміз бар»,-деп «INFAQ» жобасының мақсаты туралы «Aqtobe» телеарнасына сұхбат берді.
Қазіргі таңда «INFAQ» жобасы арқылы облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің ұстазы Қайрат Дәрменовке баспана алу мәселесін қолға алды.
Жобаның ғұмырлы болып, сауапты істерге мұрындық болуға тілектестік білдіреміз! Қайырымдылыққа атсалысқан жандарға Алла Тағала сауаптан жазсын!
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі