«Имани жаз – 2023» жазғы лагерінің қортындылауына орай ата-аналарға арналған ашық есік күні ұйымдастырылды
Ақтөбе қаласындағы «Бақытжан» мешіті жанынан ашылған «Имани жаз – 2023» жазғы лагерінің аяқталуына орай ұстаз Анар Қойшығұлованың ұйымдастыруымен ата-аналарға арналған ашық есік күні өтті.
Биылғы жыл жылдағы үрдіс бойынша ҚМДБ бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы хазіреттің бастамасымен балалардың жазғы демалыс күндерін тиімді, пайдалы, қызықты ету мақсатында әр мешіт жанынан ашылған сауат ашу курстары өз жұмыстарын бастады. Осы үрдіс аясында «Бақытжан» мешіті жанындағы сауат ашу курстарында жалпы 80 астам шәкірт балалар діни сауаттарын ашты. Олардың ішінде 36 қыз балалар болды.
Ұстаз Анар Қойшығұлова «Балаларды ойната отырып оқыту» авторлық әдісі бойынша балаларға «Әдептілік әліппесі», «Құран үйрену», «Иман сабақтары» және «Пайғамбарлар қиссасы» бойынша балалардың жас ерекшелігін ескере отырып, қызықты сабақтар өтті. Әр сабақтарда танымды ойындар, жұмбақтар, сурет салу, дамытушылық тапсырмалар арқылы балаларға берілген рухани тәрбие барынша балаларды қызықтыра түсті.
Сонымен қатар лагерь барысында ауқымды, тартысты спорт ойындары да ұйымдастырылды. Балалар таза ауада серуендеп, ұлттық ойындар ойнады. Ертеңгілік жаттығуларын жасау арқылы бауырмалдық, достық, бірлікке үндеді.
Перзенттерінің имандылық, адамгершілік тәлім-тәрбие алып, аз уақыттың ішінде Алланың кәләмін оқып үйренген жетістіктеріне ата-аналары да дән риза.
Үш аптаға созылған лагерь соңында үйренгендері мен білгендерін ортаға салып балалар аналарына ашық сабақ көрсетті.
Кеш соңында Ақтөбе «Әйел-қыздар» секторының жетекшісі Кенжегүл Қушкарова
мен «Бақытжан» мешіті ұстазы Анар Қойшығұлова Құран түскен шәкірттерге салтанатты түрде тәж кигізіп, қасиетті Құранды табыстады. Ал «Әжелер» мектебінің мүшелері ақ баталарын берді.
Ел ертеңі, ұлт болашағы – тәрбиелі, имани ұрпақтың өсуіне ілім алып, тәрбие беру ісінде мешіт жанындағы сауат ашу курстары жыл сайын шәкірттерді асыға күтеді.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі