Хромтаулық арулар ұлттық құндылықтарды дәріптеді
ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігіне қарасты «Нұр» мешітінде тағылымы мол рухани-танымдық шара өтті. Аталған жиынға облыстық әйел-қыздар секторының меңгерушісі Кенжегүл Қошқарова арнайы қатысып, «Ислам және адал қоғам» жылы аясында ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытында мазмұнды насихат жүргізді.
Шара барысында қазақ халқының байырғы дәстүрлері кеңінен насихатталды. Қатысушы қыз-келіншектер жеті түрлі дәмнен Наурыз көже әзірлеп, оны көпшілікке ұсынып, үлкендерге құрмет көрсетті. Сонымен қатар ақ дастарқан жайылып, қазан көтеріліп, ет асылып, қонақжайлықтың үлгісі көрсетілді.
Рухани кеш аясында қатысушылардың білімін, ой-өрісін дамыту мақсатында түрлі зияткерлік ойындар ұйымдастырылып, тапқырлық пен жылдамдық сынға түсті. Бұдан бөлек, ұлттық ойындардың бірі — қол күрес сайысы өтіп, қатысушылар өзара күш сынасты. Бұл сайыстар шараға ерекше серпін беріп, қатысушылардың белсенділігін арттырды.
Кездесу барысында Кенжегүл ұстаз Ислам дінінің ұлттық салт-дәстүрлермен сабақтастығына тоқталып, ата-бабадан мирас болған құндылықтарды сақтау мен оны жас ұрпақтың бойына сіңірудің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, дін мен дәстүр – бір-бірінен ажырамас ұғымдар, ал олардың үйлесімділігі қоғамның рухани тұтастығын нығайтады.
Шара соңында ойындар мен сайыстарда ерекше көзге түскен, тапқырлығы мен білектілігін танытқан арулар марапатталып, арнайы сыйлықтар табыс етілді.













































