Хромтау: Аудандық бата сайысының жеңімпазы облыстық байқауға жолдама алды
Хромтау ауданында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жариялаған «Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында 5 бағыттың бірі «Дін мен дәстүр» негізінде аудандық «Нұр» мешітінің ұйымдастыруымен бата сайысы өтті.
Бата беру дәстүрін дәріптеу, аталы сөздердің қадір-қасиетін, ұлттық құндылықтарымызды насихаттау мақсатында ұйымдастырылған игі шараға 11 үміткер қатысты. Ал 50-78жас аралығындағы үміткерлер сайыста екі бөлім бойынша білімдерін сарапқа салды.
Бірінші бөлімде қатысушылар өздері жаттаған баталарын нақышына келтіре орындаса, екінші бөлімде қазақ халқының салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптарына байланысты қойылған танымдық сұрақтарға жауап берді.
Сайыс қорытындысы бойынша І орынды Айтуған Құлмурзин, ІІ орынды Абат Истеков, ІІІ орынды Қайырбай Бажаканов иеленді.
Сонымен қатар шара барысында Хромтау аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуаныш Біржанов «Жастарға бағыт сілтеу – ұлттық құндылықтарымызды, қазақы тәрбиемізді насихаттау арқылы жүзеге асырылуы керек» екендігін айта келе, баталы сөздерде қазақтың тарихы, салт-сана, салт-дәстүрі, болмысы, адамгершілік келбеті, жанұя жарастығын сақтау, ұрпағын тәрбиелеуге негізделген керемет игіліктер көрініс тапқан. Батадағы ғибратты сөздер ұрпақты әділетті, салиқалы, көркем мінезді болуға тәрбиелейтіндігін айтты.
Ал аудандағы белгілі ақын Жақсығали Баяндиннің айтуынша, ізгі қоғамда мұндай рухани шаралардың қажеттілігі ауадай, маңызы өте жоғары.
«Ескірмеген салттың бірі – бата беру. Қазақ бала кезінен ұрпағын үлкеннің алдын кесіп өтпеуге, тек ақ батасын алуға тәрбиелеген. Өйткені, батаның адам өміріне тигізер әсері зор болғаны тарихтан белгілі. Сенімге негізделген батада айтылған әрбір сөздің қабыл болатынына халық ешқашан күмән келтірмеген. Сондықтан, мұндай игі шаралар көптеп өтуі керек»- дейді ақын.
Қазылар алқасы қатысушылардың ұлттық киім үлгісіне, сахна мәдениеті мен батаны жеткізуіне баса назар аударды.
Көрермен көзайымына лайық деп танылған Құлмурзин Айтуғанға Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде өтетін облық бата жарысына жолдама берілді.
Ізгі шара қортындысында ауданның Бас имамы Ерік Қонақбайұлы бата беру дәстүрін жаңғырту, кейінгі буынға үлгі ету екендігін атап өтті.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі