Дәретте суды қандай мөлшерде қолдануымыз қажет?
Асыл дініміз исламда кез келген құлшылықта ысырапқа да асыра үнемділікке де жол берілмеуі керек.
Судың да сұрауы бар демекші кез келген істі аса ұқыптылықпен орындау маңызды. Осы орайда сахаба хазреті Әнәстан (Алла одан разы болсын) мынадай хадис риуаят етіліді:
عَنْ أَنَسٍ رضي الله عنه قَالَ: كَانَ النَّبِيُّ صلى الله عليه وسلم يَتَوَضَّأُ بِالْمُدِّ وَيَغْتَسِلُ بِالصَّاعِ، إِلَى خَمْسَةِ أَمْدَادٍ
«Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір муд (өлшем бірлік) сумен дәрет алатын, бір сағ пен бес муд аралығындағы (өлшем бірлік) сумен ғұсыл алатын»[1].
Хадистерде Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дәретпен ғұсылда суды әртүрлі мөлшерде қолданғандығы айтылады.
Фиқһ кітаптарында жоғарыдағы аталмыш хадистегі бір сағ – 3,328 грамм, ал бір мүд болса – 832 грамм суды құрайды деп түсіндіріледі[2]. Бұл жерде судың мөлшері орта денелі бір кісінің ең аз мөлшерде суды қолданғандағы мөлшермен тең. Осылайша суды өте көп қолдану ысырап болғаны секілді өте аз да қолдану дұрыс емес екендігін түсінеміз.
Ал Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ғұсылда бір сағ, ал дәретте бір мүд су қолданғандығы судың нақты мөлшерін осыдан асырмау керек екендігін көрсетпейді. Өйткені басқа да риуаяттарда бұл мөлшерден көп не аз да қолданғандығы айтылады
عَنْ عَائِشَةَ ، أَنَّ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ كَانَ يَغْتَسِلُ بِالصَّاعِ ، وَيَتَوَضَّأُ بِالْمُدِّ.
Айша анамыз былай жеткізеді: «Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір сағ сумен ғұсыл алатын, бір муд сумен дәрет алатын.[3]
Сондықтан бұл мәселеде ескере кететін негізгі жайт – аса ысырапшылдыққа және немқұрайлылыққа жол бермеу.
Дайындаған:
Мұхаммедисмаил Шадман
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің найб имамы
[1] Мүслим, №51-53.
[2]Ахмет Найм, Тажрид сарих, 1/140-141.
[3] Әбу Дәуіт 92