Ақтөбе Әйел жамағаты судан зардап шекккендерге көмек берді
Ақтөбе қаласы мен облысқа қарасты 5 ауданның тұрғындары (Мұғалжар, Темір, Ойыл, Қобда, Ырғыз) су тасқынынан зардап шекті. Көптеген отбасылар қаладағы оқу орындарының жатақханасына орналасқан еді. Қазіргі таңда үйлерінде жөндеу жұмыстары аяқталған отбасылар өз қоныстарына оралуда.
ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігі су апатынан зардап шекккендерді назарынан тыс қалдырмай әрдайым көмек қолын созуда.
Осы орайда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ақтөбе облысы, «Әйел-қыздар» секторы дін мен дәстүрді сабақтастырып, өзара жәрдемдесу, жақсылық жасауда иық тіресіп бірлесе отырып атқаруға үлгі болатын ежелден келе жатқан дәстүріміз – «Асар » ұйымдастырды.
Үш күндік асарда ұйымшылдық танытқан ақтөбелік әйел жамағаты 100 көрпенің тысын тігіп, мақтасын өз қолдарымен салып, сыртынан сырып тікті.
Үшінші күні көрпелерді көктемде су тасқынынан зардап шеккен 30-дан астам отбасыға табыстап, мешіт асханасында дастархан жайып, ұстаздар уағыз-насихат айтты.
Ак жаулықты әжелер, қазақы салт-дәстүрді жандандырып жатқан ұйымдастырушыларға алғыс айтып оң бағасын берді, Жиналған жамағат осындай игілігі мол шаралар жалғасын тапса, әрдайым қолдау көрсететінін жеткізді.
Өз кезегінде қонақтар да мешіт тарапынан әрдайым көмек беріліп тұратынындығын айтып, разылығын білдірді.
Шара соңында ақ жаулықты әжелер батасын беріп, Алла ел-жұртымызды төтенше жағдайлардан сақтасын деп дұға етті.
Одан өзге балаларға базарлық ретінде отбасыларға 10 кг азық-түлік қоржыны табысталды.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі