Дем салудың қандай шарттары бар? 305

Дем салудың қандай шарттары бар?

30 қазан 2020 24895 Оқу 1 минут

Сұрақ: Әссәләму алейкум! Мен өз бала-шағама дем салсам болады ма? Оның қандай шарттары бар?

 

Жауап: Уа алейкум ассалам!

Ел аузында үшкіру, түкіру, ем салу немесе дем салу деп айтылып жүрген амал шариғатта рұқия деп аталады, қазақшалап айтқанда дем салу.

Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) аяттарды оқығанда демін алақанына үрлейтін. Міне, қазақтың дем салу деп айтуының төркіні сонда жатыр. Дем салу – Құран аяттарын оқумен тіл-көз және тағы басқа дертке қарсы емделу әдісі.

 

Дем салудың төмендегідей шарттары бар, олар:

Бірінші: Дем салушы кісі мен емделуші адамның екеуі де шипаны тек Алланың беретіндігіне жүрегімен сенуі керек. Ал, періште, жын, әулиелер ем-дауа береді деген ойда болу – Аллаға серік қосу. Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «...Аллаға серік қосу болмаған дем салуда әбестік жоқ[1]», - деген.

Екінші: Дем салуда оқылатын дұғалар араб тілінде және сөздері түсінікті болуы керек. Бұл – ғұламалардың тұжырымы.

Үшінші: Дем салуда Құран аяттары мен зікірлерді оқу. Науқастың өз-өзіне дем салуына болады немесе оқи алатын кісінің көмегіне жүгінеді. Демді тікелей адамға салумен қатар суға оқып, оны ішуге немесе онымен жуынуға болады. Сонымен бірге, зәйтүнге және балға да дем салып ішу пайдалы.  Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Екі шипаға берік болыңдар: Құран және бал[2]», - деген. Бұған қоса, Құран Кәрімде: «Біз Құраннан мүміндер үшін шипа және мейірім түсіреміз[3]», - деп айтылғандай, шафранмен (бояумен) ыдысқа шипа аяттарын жазып оны зәмзәм суымен шайқап ішуге рұқсат.

 

Төртінші: Жабир бин Абдулланың (Алла оған разы болсын) риуаяты: «Алла елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) Үмму Саибтың үйіне кіреді, ол кісі желпіп жүр екен. Пайғамбар: «Ей, Үмму Саиб, саған не болды?» - дегенде, ол: «Ыстығым көтеріліп тұр, қарғыс атқыр» -деді. Сонда пайғамбар (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Ыстықты тілдеме, ол көрік темірдегі жаманды кетіргені сияқты адам баласының қате-кемшілігін жояды[4]», - деді. Демек, сырқатты тілдемеу керек.

Бесінші: Мұсылман емес адамға және сиқыршыға барып дем салдыруға қатаң тыйым салынады. Құран Кәрімде: «...шын мәнінде, Алла тақуалардан ғана қабыл етеді[5]» делінеді. Алайда, мұсылманның басқа адамға дем салуына болады. Сахабалардың да жылан шаққан кісіге дем салғаны хадистен мәлім.

Демек, осы шарттарды орындай отырып, әркім өзіне немесе отбасы мүшелеріне дем сала алады.

 

Сұраққа жауап берген: nurgasyr.kz

 

 

 


[1]Муслим

[2]Хаким

[3]"Исра" сүресі, 82-аят

[4]Муслим

[5]"Мәида" сүресі, 27-аят