Даниял деген пайғамбар болған ба? 133

Даниял деген пайғамбар болған ба?

21 қыркүйек 2020 2009 Оқу 1 минут

Сұрақ: Әссәләәму алейкум! Досымның аты – Даниял. «Неге есімің Даниял, мүмкін Данияр шығар?» - деп едім. «Сондай пайғамбар болған екен», - деп жауап берді. Бұл рас па?

 

Жауап: Уа алейкум ассалам!

Көптеген тарих кітаптарында Даниял (ғәлейһиссәләм) атты пайғамбар болғаны айтылады. Даниял (ғ.с.) – Бәну Исраил әулетінен шыққан пайғамбарлардың бірі. Ол Құдысты қиратқан, Бәну Исраилді қырған және Тауратты өртеген Бухтунасар патшаның дәуірінде өмір сүрген.

Ғұламалар: «Даниял (ғ.с.) пайғамбарлығында Масих Исаның және Мұхаммедтің (с.ғ.с.) келетіні жайлы сүйінші хабар бар. Сонымен бірге, кең түрде Мұхаммедтің (с.ғ.с.) және үмбетінің сипаты баяндалған. Мұсылмандар Ирақ жерін фатх еткенде оқыған. Мұны Әбу Алия бастаған ғалымдар жазып кеткен», - дейді.

Халид бин Динар Әбу Алиядан риуаят етеді: «Тустар қаласын фатх еткенде Һурмузанның қазынасынан табыт таптық. Онда бір кісінің мүрдесі бар еді. Мүрденің бас жағында кітап бар еді. Кітапты халифа Омар бин Хаттабқа жеткіздік. Халифа Кағбты шақыртып, кітапты арабшаға аудартты. Мен сол кітапты оқыған арабтардың алғашқысымын. Ол кітапты Құран оқығандай оқып шықтым[1]», -делінген.

Халифа Омар бин Хаттаб (р.а.) дәуірінде Ирақтағы Тустар қаласы фатх етілгенде Даниял (ғ.с.) пайғамбардың мүрдесін табады. Қолбасшы Әбу Мұса (р.а.) халифа Омарға мән-жайды баяндап хат жөнелтеді. Халифа: күндіз он үш қабір қазып, түнде солардың біріне жерлеуді тапсырған екен.

Міне, жалпы бұл Даниял пайғамбар жайлы қысқаша дерек.

Дайындаған: nurgasyr.kz

 


[1]Байһақи