Білім алу – әрбір мұсылманға парыз 1100

Білім алу – әрбір мұсылманға парыз

16 қараша 2021 166 Оқу 1 минут

Араб тіліндегі «илм» деген сөз білім деген мағынаны білдіреді. Білімсіздіктің антонимі болған «илм» сөзінен «ғалым», «мәлімет», «мұғалім» т.б сөздер шыққан. 

Алла елшісі (с.а.с) білім алудың парыз екендігі және өте маңызды амалдардан екені туралы айтады: «Кімде-кім білім іздену жолына түссе, Алла Тағала оған жәннатқа бару жолын жеңілдетеді. Періштелер ғылым ізденушінің талабына разы болып, оның аяғының астына қанаттарын жаяды. Шын мәнінде, ғалымға көктегілер және жердегілер, тіпті, судағы балықтарға дейін жарылқау тілейді».

Алақ сүресінің 1-ші аятында: «Оқы, жаратқан Раббыңның атымен» - деп, Пайғамбарымызға (с.а.с) ең алғашқы иләһи уахи түскен еді. Раббымыз бізді оқу мен жазуға, білім алуға шақырды. Өйткені білім іздеу – Исламның талабы. Білім алу барысында Алланың атымен бастау керектігін және жәрдем сұрап, «Раббым! Менің білімімді арттыр» деп дұғада болу керектігін де Таһа сүресінің 114 - аятында келтірген.

Білім – Алланың сүйікті пендесіне ғана нәсіп болады. Білім жолындағы адамға да қойылар талап жайлы: «Кімде-кім білімді үйренсе, Раббысының разылығына лайықты болуы үшін үйренуі тиіс. Ал керісінше, тек қана дүниені иелену, байлық, мансап үшін үйренген болса, ол пенде қиямет күні жәннаттың өзі тұрмақ иісін де сезбейді».

Хасан Басри: «Ғалымдар болмаса, адамдардың басқа жан иелерінен айырмашылығы болмас еді. Өйткені, олардың оқытуымен адамдар адамдық дәрежеге жеткен».

Білімнің шыңына нағыз шынайы ниеті бар, білімге ынтызар адам ғана жете алады. Ілімді шынайы іздеген жанның саусақтан сусыған ағынды судай ағып кетпей, жадыңда жатталып қалары анық. Білім ізденушінің ойын бөлетін күнделікті істерден іргесін аулақ салып, шама-шарқы жеткенше мақсатына қарай ұмтылғаны жөн. Танымал ғалым Әл-Бұхари түн ішінде 15-20 рет оянып, әр тұрған сайын шақпағымен от тұтатып, (шамын) жағады екен. Содан соң, хадис (жазылған қағаздарын) шығарып (бір нәрселерді) түртіп қояды екен. Осындай білім жолындағы ғалымдардың өмірінен тағылым алу білімге деген құлшынысты арттырады.

Ата-бабаларымыз «Білім – инемен құдық қазғандай»,- деп білімді тал бесіктен жер бесікке дейін алу керектігін, ізденіп үйренген сайын әлі де көп нәрсені білу керектігін білім талап етушінің терең түсінетіндігін көрсетеді.

Зумар сүресінің 9-аятында: «Білетіндер мен білмейтіндер бірдей бола ма?!» - дей отырып, білімді адамның жарық шам секілді, білімсіз адамның қараңғы түнек секілді надандықта болатындығын жеткізеді.

Оған қоса, Алла Тағала білімді мүминдердің дәрежелерін басқалардан жоғары ететіндігі туралы Мужәдәлә сүресінің 11-аятында баяндайды: «Алла Тағала сендерден иман келтірген мен ғылым бергендердің дәрежесін жоғарылатады». Бұл туралы ата-бабаларымызда : «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез деген қасиеттермен озады», - деген ұлы ақын Абай Құнанбайұлының сөзі барлық уақытта өз мәнін жоймайтындығы белгілі.

Ислам – білімді үйреткен ұстазды да, білім алған шәкіртті де құрметтейді. Себебі, білімі жоқ адам тура жолдан тез таяды. Сол себепті, мұсылман үмбеті Пайғамбарымыздың (с.а.с) өсиетін орындап, өзін жан-жақты дамытып, білімге ден қойғаны абзал.

 Жұлдыз ТЛЕУБАЙ

Шалқар аудандық «Матай Қоқанұлы» мешітінің ұстазы