Бас имам Ақтөбе облысы асабаларымен кездесті
ҚМДБ-ның биылғы атқаратын жұмыс бағыттарының бірі – «Ислам және ізгі қоғам» бағыты. Аталған бағыт аясында халықты жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю бойынша насихат жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу күн тәртібіне қойылған болатын.
Бас Мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қазақи құндылықтарымыз бен асыл дініміздің негіздерін ұштастырып, егіз ұғым болған дін мен дәстүрдің сабақтастығын насихаттау мақсатында республика көлемінде «Асаба болу – өз ісің, әдептен озбау борышың» атты іс-шара өткізу бастамасын қолға алған болатын.
Осыған орай, ҚМДБ Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлы Ақтөбе облысы асабаларымен кездесу өткізді.
«Кез-келген қуанышты тойлап, оны жоғары дәрежеде атап өту қазақ халқының табиғатындағы қасиет. Осы орайда қазақ шаңырағында өтіп жатқан той-томалақты басқаратын жүргізуші асабалардың орны жақсылыққа шақырып, жамандықтан қайтару ісінде маңызды рөлге ие.
Асабалар – той-томалақты жүргізетін, оны сәнді де мәнді, мағыналы да өнегелі өткізетін орны өте бөлек тұлғалар» деп Бас имам сөзін түйді.
Жиында сөз кезегін алған «Ауған соғысы ардагерлері» қауымдастығының төрағасы, Ақтөбе облыстық маслихат депутаты, Марат Қойлыбаев асабаларға ағалық ақыл-кеңесін айтып, үлкенге құрмет, кішіге ізет, ұяттылық пен әдептен озбау қағидаларының сақталуына аса назар аудару керек екенін басты назарға алуларын сұрады.
Кейін асабаларға сөз тізгіні жолданды. Өздерінің парасатты ойларын ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді. Өткізіліп жатқан іс-шараның ұйымдастырылғанына қуанып, көтерілген мәселелердің жүзеге асырылуына атсалысып қолдау білдіретіндерін жеткізді.
Асабаларды жинаудағы мақсат той мен мерекелік шараларда үлкенге құрмет, кішіге ізет, әдептен озбау, отбасылық құндылықтардың бұзылуына себеп болмау, ұрпақ тәрбиесі, «қызды қырық үйден тыйым» қағидаларын бұзбау, сахна мәдениеті мен сөз мәдениетін сақтау, қазақи тәрбие мен құндылықтарды бұзбай келер ұрпаққа саф күйінде жеткізу секілді негізгі тәртіптерді ұстану үшін бағыт пен бағдар беру.
Имамдар «Асаба болу – өз ісің, әдептен озбау борышың» атты кездесуге келген асабалармен «Нұр Ғасыр» мешітінің асханасында дастархан басында әңгімелерін жалғастырды. Түскі аста бас қосқан жамағат тілектерін айтып, соңында Бас имам бата жасады.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі