Ақтөбе: Имамдар 2022 жылды қорытындылады
Кеше, 7 желтоқсан күні «Ақтөбе имамдарының 2022 жылды қорытындылау» атты Ақтөбе өкілдігінің кезекті жиынында қала, аудан имамдарының есебі тыңдалды. Есеп беру жиналысы Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде өтті. Оған облыстың Бас имамы Серікжан Еншібайұлы және қала, аудан бас имамдары және мешіт қызметкерлері қатысты. Алқалы жиынды өңірдің Бас имамы ашып жүргізді. Жиында имамдар ҚМДБ-ның тапсырмаларына сәйкес, негізгі 7 бағыт бойынша: Діни білім және ғылым, уағыз-насихат және ихсан, дін мен дәстүр, ақпарат және ағарту, қоғаммен байланыс, уақып және қайырымдылық және діни оңалту шараларына қатысты жыл бойы жүргізген жұмыстарын егжей-тегжейлі баяндады. Сондай-ақ, ҚМДБ бекіткен «2022 жыл – «Ислам – ынтымақ пен бірлік діні» жылы аясында атқарылған қоғамдық шаралар, жастар секторы, әйел-қыздар секторының жұмысы, қажылық насихаты, отандық туризм «Darhan Dala» жобасы, діни оқу орындарына шәкірт даярлау, мешіт құжаттарын рәсімдеу, діни рәсімдердің орындалу барысын қадағалау, шаруашылық шаралары сынды мәселелер бойынша да есептері тыңдалды.
Өкілдік тарапынан қала, аудан мешіттерінің жұмысына арнайы талдау жасалып, көрсеткіштеріне қарай баға берілді.
Қайырымдылық шаралары мен діни рәсімдерді атқарып, әртүрлі бағытта халыққа қызмет жасағандары үшін барша облыс имамдарына алғыс білдірді. Сонымен қатар облыс имамы Серікжан Еншібайұлы биыл діни қызметте белсенділік танытқан 9 діни қызметкерді алғыс хатпен марапаттады.
Облыс Бас имамы «Уақып және қайырымдылық» бағытындағы қайырымдылық шараларын ұйымдастырудағы белсендігі мен аудан орталығында «Қайырымдылық мекемесінің» құрылысын тұрғызылуын ұйымдастырған Шалқар ауданының Бас имамы Бақыт Әбдіисламұлын, «Зекет және қайырымдылық» қорының «Ел үлесі пәтерге» акциясы аясында Мұғалжар ауданы, Ембі қаласында 3 мұқтаж отбасының баспаналы болуына ұйымдастырушылық қасиетімен ұйытқы болған Ембі қаласының имамы Нұрсұлтан Қалдыбайұлын, «Уағыз-насихат және ихсан» бағытында Алға ауданы жамағаты арасында ауызбіршілік пен тұрақтылықты белсенді насихаттаған аудан Бас имамы Абдууахид Әбдікәрімұлын, «Meshit Life» Youtube каналы мен инстаграм әлеуметтік желісінде асыл дінімізді насихаттау жолында әртүрлі видеоуағыздар түсіріп, тікелей эфирлердің өткізілуін ұйымдастырған Ақтөбе қаласының Бас имамы Нұрлыбек Шакизадаұлын, әйелдер жамағаты арасында жат ағымның алдын алу шараларын ұйымдастырып, теріс идеологиядан қайтару бойынша белсенді түсіндіру жұмыстарын жүргізген «Нұр Ғасыр» мешітінің ұстазы Айнұр Сапаралықызын, «Ақпарат және ағарту» бағыты аясында әлеуметтік желілерде ислам құндылықтарын насихаттау бойынша белсенді жұмыс жасаған Хромтау ауданының Бас имамы Ерік Сұлтанов және Шалқар ауданы, Айшуақ ауылдық мешітінің имамы Нұрдәулет Сәбитұлын және Ақтөбе қаласы, «Бақытжан» мешітінің ұстазы Кәрім Еламанды, «Ақпарат және ағарту» бағыты аясында «Муфтият» газеті мен «Иман» журналына аудан жамағатын жазылуға шақырып, дінімізді осы қырынан ыждағатпен насихаттағаны үшін Мұғалжар ауданының Бас имамы Әсемхан Бахтиярұлын алғыс хатпен марапаттады.
Облыс Бас имамы Серікжан қажы Еншібайұлының марапаттауы барша имамдардың алдағы уақытта діни қызметте белсенді болуына күш-жігер береді деп сенеміз.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр-ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі