Baizaq, Taraz – 2021
Бұл неткен бітпейтін сабылыс,
Ақша бұлт ақ тілек алып ұш!
Біздерге тағы бір ескерту-
Таразда болған бұл жарылыс.
Алланың бұл да бір жазасы,
Бітсінші, қазақтың азасы!
Жүректі ауыртып барады
Бейкүнә жандардың қазасы.
Солардың обалы кімге енді?
Кім шешер түйілген күрмеуді?
Жаратқан сақтай гөр, елімді,
Бәледен бүтін қыл, іргемді!
Басымда бейбіт күн барында,
Әскери қоймалар жарылма!
Жазықсыз құрбандар рухы
Әр қазақ жүрегі, жадында.
Иман бер, қазадан жан күйді.
Ел үшін сол Ерлер жан қиды.
Рухы олардың биікте,
Қыран боп мәңгілік қалқиды.
Бар болсын ұрпағы соңында,
Қиды олар перзентін, жарын да.
Қиды олар жанын да Қазақтың
Жалғыз-ақ Ұлы елі жолында.
Аулақ жүр,қайғылар жын соққан,
Бүкіл ел жүрегі бір соққан.
Қазақтың жаны Аза тұтады,
Аллаға жалынып, мұң шаққан.
Елімнің асқақтап айбыны,
Оңынан тусыншы, Ай, Күні!
Бір қазақ жыласа, Бар қазақ,
Бірігіп көтерген қайғыны!
Сабыр ет, жақсы күн жетеді.
Бұл күн де өтеді, кетеді,
Қаратау қазақтың ежелден
Болған ғой киелі мекені.
Неге ерте кеттіңдер о жаққа?!
Дұға еттік, жандарың азат па?
Аманат еттіңдер біздерге,
Жаманат болмауын қазаққа.
Тұтаспыз, қымтаулы іргеміз,
Бірлікті тіледік күнде біз.
Қара бұлт төнсе де төбеден,
Біргеміз, біргеміз, біргеміз!
Мың өліп, мың рет тірілдік,
Жүгірдік, сан мәрте сүріндік.
Қиын сәт туғанда, қашан да,
Алланың алдына жүгіндік.
Я,Алла, медет бер халқыма,
Адалмыз атаның салтына.
Біз көңіл айтамыз, дәл бүгін,
Ақындар атынан жалпыға!
Бауыржан Жақып