ҚАЖЫЛЫҚТЫҢ ХИКМЕТІ 1893

ҚАЖЫЛЫҚТЫҢ ХИКМЕТІ

08 шілде 2022 128 Оқу 1 минут

«Қаж» сөзі араб тілінде «бір нәрсені айналу», «ерекше ниет қылу», «бір бағытқа жөнелу», «көздегенге ұласу» мағыналарын білдіреді. Ал, «қаж» сөзінің діни мән-мағынасына тоқталар болсақ, Қажылық маусымында бейбітшілік мекені – Меккеге бет түзеп, Ұлы Жаратушының ризашылығы үшін қасиетті Қағбаға тәуап жасауды айтамыз. Бір сөзбен айтқанда, қажылық уәзипасына шариғатта бекітілген мерзім  – Арафат пен Құрбан айт күндері тиісті мекендерде (Арафат, Муздалифа, Қағба) құлшылық амалдарын орындау жатады.

 

                                  Қажылықтың тарихы

Әсілі, ғалам тарихында тұңғыш рет қажылық құлшылығын өтеген Адам пайғамбар мен Хауа анамыз еді. Екеуі жұмақтан қуылып, сынақ ретінде жер бетіне түсірілгеннен соң, біршама уақыттан кейін Арафат тауында жолығады. Адам ата мен Хауа анамыз жер бетінде алғаш кездескенінде, бір-біріне «Таныдың ба?» – деген екен. Арафат («тану») тауының атауы осыдан шыққан. Іле-шала Жаббар Хақ екеуіне Меккеден Қағбаны  тұрғызуды бұйырады. Жәбірейіл періштенің көмегімен екеуі жер бетіндегі тұңғыш ғибадат үйін тұрғызып, онда алғаш қажылық құлшылығын атқарады. Бұл туралы Құран Кәрімде: «Негізінде адам баласы үшін Меккеде алғаш құрылған (Қағба) бүкіл әлемге мүбарак және тура жол» (Әли-Ғимран, 96) – деп баяндалады.

Исрайлат деректерінде Шит пайғамбардың Адам ата мен Хауа ана тұрғызған қасиетті Қағбаға жөндеу жұмысын жүргізгендігі айтылады. Нұһ пайғамбардың дәуіріндегі Топан судан кейін Алла Тағала Ибрахим пайғамбарға Қағбаны қайта тұрғызуға бұйрық береді. Ибрахим пайғамбар баласы Исмайыл екеуі Жаббар Хақтың әмірін орындап, қазіргі Қағбаны қайта тұрғызады. Олар да Қағбаға тәу етіп, сонда намаз оқиды. Бұл туралы Алла Тағала қасиеттi Құран-Кәрімде: «Ибраһимнiң (ғ.с.) орнын намаз орны етiңдер» («Бақара» сүресi, 125 аят) – деп бұйырған.

Ислам тарихына назар салатын болсақ, ең алғаш рет қажылық хижраның тоғызыншы жылы парыз болып бекіген. Тәпсірші ғұламалар бірауыздан (жумһур) қажылықтың парыз екенін білдіретін Құран Кәрімдегі: «Оның жолында шамасы келген кісілер Алла үшін Қағбаны зиярат етуі керек» (Әли-Ғимран, 97) деген аяттың осы мезгілде нәзіл болғанын баяндайды. Алла Елшісі (с.а.у) бұл аят нәзіл болғаннан кейін сол жылы алғаш рет сахабаларымен бірге қажылық сапарын өтеген. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ислам бес нәрседен тұрады: Алладан басқа тәңір болмағанына, Мұхаммедтің Оның елшісі екендігіне илану, бес уақыт намаз оқу, ынты-шынтымен зекет беру, Рамазанда ауыз бекіту және Қағбаға қажылық жасау» (Бұхари, Мүслім. Абдуллаһ бин Омар риуат еткен) деп, қажылық құлшылығын Хақ діннің негіздерінің бірі екенін паш еткен. 

 

                               Қажылық даналығы

Расында қажылық – Алла Тағаланың разылығы үшін жасалатын ғибадат. Құран Кәрімде қажылық ғибадатының рухани мән-мағынасы орасан зор екендігі айтылады (Хаж, 28-33). Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз хадис-шарифтерінде «Уа жарандар! Алла сіздерге қажылық жасауды парыз етіп бекітті. Демек, қажылықты орындаңыздар» (Найлул-Әфтар, ІV, 279) деп, исі мұсылман қауымын қажылық ғибадатын өтеуге шақырады. Тегі, мұсылман баласының уақыты, мал-мүлкі, дене күші сарп етілетін қажылық ғибадаты адам өмірінде ерекше орын алады. Әрі қажылық мұсылман қауымын ортақ бір рухани мойынсұнуға үндейді.

Осы орайда, қажылық ғибадатының мынадай үш хикметін атап өтумізге болады:

Біріншіден, Алла-Тағала адам баласына белгілі бір амалдарды бұйырып, атқарту арқылы оларды рақымына бөлейді.

Екіншіден, қажылық парызын өтеуші мұсылман баласы бұл қасиетті сапарға дайындалып, оны шама-шарқынша орындап, ғибадатын аяқтағаннан кейін Алла Тағаланың адам баласына берген қабілетінің мүмкіндігіне көз жеткізе алады.

Үшіншіден, мұсылман баласы неше күн, неше аптаға созылатын соншама тауқыметті амал-әрекетімен Алла Тағалаға жақындай түсіп, өзінің рухани кемелдігін (тақуалығын) арттырады.

Шынтуайтында, қажылық мұсылман баласына әртүрлі қырынан әсер ететін парыз амалдардың бірі. Мұның түрлі себептері бар. Өйткені, әр адам ниетіне, ерік-жігеріне, қабілетіне қарай қажылықтан әртүрлі игіліктеріне қол жеткізе алады. Тіпті, ниет пен амал дұрыс болмаса, қажылықтың сауабынан мүлде мақұрым қалуы да ғажап емес. Ал, ынты-шынтымен қажылық парызын өтеген жан теңдессіз илаһи сый-сияпатқа ие болатыны – хақ.

Иә, қажылық құлшылығы басқа парыздардан қарағанда рухани әмбебаптығымен ерекшеленеді. Баз біреулерге қажылық сапар барысында тартқан тауқымет, келесі біреулер үшін шайтанға тас ату, келесі бір мұсылман үшін Арафаттағы дұға-тілек, келесі бір мұсылманға қасиетті Қағбаны тәуап ету, келесі бір мұсылманға қара тасты (Хажар әл-Асуад) сүю, келесі бір мұсылманға барша қауымның Аллаға деген атқақтаған махаббаты айырықша әсер етуі мүмкін. Жалпы, мұсылман өмір бойы қасиетті Қағбаға қарап бес уақыт намаз оқиды. Енді, сол бейбітшілік мекенін өз көзімен көріп, қасиетті Қағбаға тәу етіп, рухани бойлауы, адам баласының Алла Тағалаға деген сенімін одан арықарай асқақтата түседі.

Қажылық – ғибадат ғұмырдың шырқау шегі іспетті. Себебі, Алла жолында ұзақ сапарға шығып, ол жолда небір қиыншылықты бастан өткеріп, мал-мүлкін, күш-жігерін, алтын уақытың жұмсап, жан-жарын, бала-шағасын, туыс-туғанын, туған елін тастап, дүние есебіне шебер нәпсісін тойтарып, Аллаға нар тәуекел етеді. Бұл жолда жәнтәсілім етсе – шахид кешеді. Аман-есен оралып, туыс-туғаныңмен қауышып жатса – қажы мақамына ие мұсылман атанады. Бейне Хақты танып, енді Оны таныту үшін халыққа қарай жүрген сайру-сулук иесі секілді. Одан арғы ғұмырыңда қу дүниенің арбауына дес бермеген болса, иманын һәм періштедей пәк арын сақтаған ол салиқалы жан – көпшілікке үлгі-өнеге көрсете алатын қас момын-мұсылманға айналмақ.

 

ТҮЙІН:

Шариғат бойынша қажылық парызды мұсылман баласының бәрі өтеуі шарт емес. Фиқһ кітаптарында қажылықты өтеушінің кәмілет жасына толуы, ақылы кеміс емес, басы азат болуы (құл емес), қажылықты өтеу үшін денсаулығы мен байлығы және қауіпсіз болуы шарт ретінде бекітілген. Яғни, құлдықтан босамаған, ақылы кеміс, сырқат және мүгедек, қажылық жасауға материалдық жағдайы жоқ және әлі жас балаларға қажылық парыз емес. Сондай-ақ, адал емес ақшамен қажылық жасау харам, қарызы бола тұра немесе қарызға кепіл бола тұра, көмекті қажет ететін ата-анасы немесе ата-әжесі бола тұра қажылық жасау да дұрыс емес (мәкруһ). Мұсылман баласы көрсетілген осы фиқһ шарттарының негізінде ғана қажылықтың хикметін толық сезіне алады.  

 

Ермек Мұқатай,

Шығыс Қазақстан облысының бас имамы