АЛЛА ЕЛШІСІНІҢ МӨРІ ҚАНДАЙ? 3074

АЛЛА ЕЛШІСІНІҢ МӨРІ ҚАНДАЙ?

05 қазан 2023 105 Оқу 1 минут

Имам әт-Термизидің «Әш-Шамайл әл-Мухаммадия» атты еңбегінде Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сырт келбетін баяндай келе, екі жауырынының ортасында пайғамбарлық мөрі болғаны жайлы айтылады. Пайғамбарлық мөр дегеніміз – көгершіннің жұмыртқасының үлкендігіндей, түсі қызыл, жұмыр денеден өсіп шыққан бір бөлек ет. Бұл мөр Пайғамбарымыздың хақиқи пайғамбар екеніне дәлел.

Бұған ғалымдардың бәрі бірауыздан келіскен. Алайда «Пайғамбарлық мөр Пайғамбарымыз туған уақытта болған ба?», «Әлде кейін пайда болған ба?» деген сұрақтар ғалымдардың арасында тартысты мәселе. Дұрысы ол мөр Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көкірегін жарып, жүрегіндегі қою қанды алып, зәмзәм суына жуылып, қайта салынған уақытта екі жауырын ортасына басылған. Екі жауырын ортасында деп айтылғанымен мухаққиқ ғалымдар сол жауырынға жақын жүректің тұсында деген.

Бұл мөр алдыңғы түскен кітаптарда Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сипаттары қатарында айтылған. Әһлі кітап иелерінің ішіндегі білімді адамдар бұл мөрді жақсы білген. Олардың кейбірі осы белгіні көріп, иман келтіріп мұсылман болған. Бұл пайғамбарлық мөр жайында бірнеше хадис келген. Солардың кейбіріне тоқталсақ:

1. Сайб бин Язид (Алла оған разы болсын): «Мені нағашым Пайғамбарымыздың құзырына алып барып, «Уа, Алланың елшісі! Жиенім ауырып жүр», – деді. Сол уақытта Пайғамбарымыз басымды сипап, маған дұға етті. Кейін дәрет алды. Мен дәреттен қалған суды ішіп, арқа жағына өтіп тұрдым. Сол уақытта екі жауырынының ортасындағы мөрге көзім түсті. Ол кекіліктің жұмыртқасындай көлемде еді», – деген. Осы хадистің шархтарында Сайб бин Язидтің (Алла оған разы болсын) Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)дұғасының арқасында 94 жыл өмір сүргені әрі белі бүкіреймей дүниеден өткені айтылады.

2. Жәбир бин Сәмурадан (Алла оған разы болсын) жеткен риуаятта: «Пайғамбарымыздың екі жауырынының ортасынан көлемі кептердің жұмыртқасындай қызыл түсті мөрді көрдім», – деген.

3. Бурайдадан (Алла оған разы болсын) келген риуаятта былай делінеді. «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауатымен сәлемі болсын)Мәдинаға қоныс аударғанда Салман Фариси (Алла оған разы болсын) Пайғамбарымыздың құзырына келіп, дастарқанға жаңа піскен құрма жемістерін қояды. Пайғамбарымыз: «Уа, Салман. Бұл не?» – деп сұрады. Салман: «Бұл Сізге және сахабаларға садақа», – деді. Пайғамбарымыз: «Оны алып кет, Біз садақа жемейміз», – деді. Ертеңіне тағы құрма алып келіп, Пайғамбарымыздың алдына қойды. «Бұл не?» деп сұрағанда, Сізге сыйлық деп жауап берді. Сонда Пайғамбарымыз сахабаларына: «Қол созып, құрмадан алыңдар», – деді. Кейін арқасындағы мөрді көріп, Салман (Алла оған разы болсын) иман келтірді.

Бұл Пайғамбарымыздың белгісін Салманға монах ұстазы айтқан болатын. Ол Хижаз жақтан бір пайғамбар шығатынын, оның сыйлықты қабыл етіп, садақаны алмайтынын әрі екі жауырынының ортасында мөрі болатынын жеткізген еді. Салман Пайғамбардың садақаны жемегенін көріп, бұл пайғамбарлықтың бірінші белгісі екінін білді. Құрманы сыйлық деп алдына қойғанда, құрмадан дәм татқанын көріп, пайғамбарлықтың екінші белгісі екенін білді. Ақырында екі жауырынының ортасындағы мөрді көріп, иман келтірді. Қорыта айтқанда, бұл мөр пайғамбарымыздың хақиқи пайғамбар екеніне дәлел. Өйткені ол алдыңғы пайғамбарларға түскен кітаптарда айтылған. Бұл мөр сол жауырынға жақын, жүрек тұсында орналасқан. Көлемі кептердің жұмыртқасындай, көпшілік ғалымдардың айтуынша, түсі терісінің түсіндей болған. Бұл мөр көпшілік ғалымдардың айтуынша, Пайғамбарымыздың көкірегі жарылып, жүрегіндегі ұйыған қанды яғни шайтанның нәсібі алынған соң, жүрегін раббани хикметпен толтырылып, осы мөр басылған. Алла Тағала білуші!

Медет ҚҰРСАҚОВ,

«Иман» журналы, №9, 2023 жыл