ТУҒАН-ТУЫСТЫҢ ХАҚЫСЫ 3069

ТУҒАН-ТУЫСТЫҢ ХАҚЫСЫ

19 қаңтар 2024 113 Оқу 1 минут

Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын! 

Туыстық қарым-қатынасты сақтаудың мұсылман адам үшін мән-мағынасы өте үлкен. Ыбырай Алтынсарин атамыз: «Балаға берілетін бірінші тәрбие ата-анасын, туған-туысын, жолдасын сыйлауға үйретуден басталады», – демекші, туған-туыспен жақсы қарым-қатынас жасаудың бір әулеттің ғана емес, жалпы қоғамдық бірліктің берік болуына ықпалы зор. Қазақ халқының: «Туысы бірдің – уысы бір», «Ағайын тату болса – ат көпабысын тату болса – ас көп»«Мал қонысын іздейді, ер туысын іздейді» – деуі де жайдан жай айтылмаса керек. Алла Тағала Қасиетті Құранның «Нахыл» сүресі, 90-аятында:

إِنَّ اللَّهَ يَأْمُرُ بِالْعَدْلِ وَالْإِحْسَانِ وَإِيتَاءِ ذِي الْقُرْبَىٰ وَيَنْهَىٰ عَنِ الْفَحْشَاءِ وَالْمُنكَرِ

«Негізінде Алла әділетті, игілікті және ағайынға қарайласуды бұйырады. Сондай-ақ арсыздықтан, жамандықтан тыяды», – деп айтқан.

Туыстар – бір түбірден өскен ағаштың бұталары тәрізді. Осы себепті де олардың арасында береке мен бірліктің болуы, өзара татулық пен мейірімділіктің аясында қарым-қатынас жасауы аса маңызды іс. Туыстарына ізгілік етпеген адамның өзгелерге мейірбан болуы екі талай. Қазақ халқы туысқанды өзін ойлағандай ойлау, оның арын өз арын қорғағандай қорғау, қуанышы мен қайғысына ортақтасу, тарыққанда сұратпай қол ұшын беру сияқты істерге аса мән берген.

 

Ғибратты әңгіме

Кезінде Сары би деген ақылгөй ақсақал бала Сырымға: «Балам, бұл дүниеде алты ұлы сөз бар, соны есіңнен шығармай жүрсең, ең алдымен беделді, сыйлы боласың. Егер ол сөзді ұмытсаң, халық сенің маңайыңа жоламай аулақ қашады», – деген екен. Сонда Сырым ақсақалдың ұлы сөз дегеніне қызығып: «Ол қандай сөз ата, айтыңызшы», – дейді. Сары би осы кезде: «Арлы-ұжданды бол, елге деген парызыңды ұмытпа, намысыңды жастан сақта, халқыңды алалама, жақыныңды жаралама, қалысыңды қаралама!» – деп өсиет айтады. Міне, осы сөзді Сырым шешен қартайған шағына дейін есіне сақтап жүрген екен. Осы айтылған сөздегі «Жақыныңды жаралама, қалысыңды қаралама» деген өсиеттер бауырмалдыққа, ағайындыққа шақырып, туыстықты үзуден, олардың арасын бөлуден сақтандырған. Осындай ұлы сөздерді бойына сіңіріп өскен халқымыз қанша тарихи зорбалаңдардан өтсе де, әрқашан әулет арасындағы береке-бірлікті сақтауға тырысқан.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

مَنْ كَانَ يُؤْمِنُ بِاللَّهِ وَالْيَوْمِ الْآخِرِ فَلْيُكْرِمْ ضَيْفَهُ ، وَمَنْ كَانَ يُؤْمِنُ بِاللَّهِ وَالْيَوْمِ الْآخِرِ فَلْيَصِلْ رَحِمَهُ  وَمَنْ كَانَ يُؤْمِنُ بِاللَّهِ وَالْيَوْمِ الْآخِرِ فَلْيَقُلْ خَيْرًا أَوْ لِيَصْمُتْ

«Кім Аллаға және Қиямет күніне иман келтірсе, қонағын сыйлап, құрметтесін. Кім Аллаға және қиямет күніне иман келтірсе, туысқанымен қарым-қатынасын үзбей, жалғастырсын. Кім Аллаға және қиямет күніне иман келтірсе, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін», – деген (Бұхари, Мүслим).

Хадисте айтылғандай, ақыретке қалтқысыз сенген адам қонағын сыйлап, сонымен қатар туған-туысқандармен қарым-қатынасты үзбей әрі тіліне абай болған жөн. Қиямет күніне сену – иманның негізгі шарттарының бірі. Сондықтан туыстармен байланысты үзбеудің ақыретке иман келтірумен байланыстырылуы бұл амалдың Алла құзырында айрықша маңызға ие екенін білдіреді.

Жалпы туыстық қарым-қатынасты сақтау мәселесінде адамдар үш түрлі болады:


Бірінші, туыстық қатынасты сақтап әрі оларға жақсылық жасаушы адамдар

Хадисте ондай адамдар – «әл-уасилу» (туыстық байланысты сақтаушы) деп аталған. Мұндай адам туыстардың ішіндегі сыйластық танытқандарымен ғана сыйласу емес, туыстық қатынасты үзіп қойған туыстарымен қарым-қатынасын бірінші болып түзеп, оларға жақсылық жасай біледі. Осы себепті де ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

لَيْسَ الْوَاصِلُ بِالْمُكَافِئِ ، وَلَكِنَّ الْوَاصِلَ الَّذِي إذَا قَطَعَتْ رَحِمُهُ وَصَلَهَا

«Туысқандық қарым-қатынасты үзбейтін адам (ол оған қандай қарым-қатынас жасаса), сонымен ғана жауап беретін адам емес. Шындығында, туысқандық қарым-қатынасты үзбейтін адам – ол туыстарының онымен қарым-қатынасын үзгеніне қарамастан, олармен араласуын үзбейтін адам!» – деп айтқан (Имам Бұхари).

Туыстық қатынасты сақтаған адамды Алла Тағала қияметте шексіз сауапқа бөлеп, бұл дүниеде ризығын мойлайтып, өмір жасын ұзартады. Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

مَنْ أَحَبَّ أَنْ يُبْسَطَ لَهُ فِي رِزْقِهِ وَيُنْسَأَ لَهُ فِي أَثَرِهِ فَلْيَصِلْ رَحِمَهُ

«Кімде-кім ризығының көбеюін және өмірінің ұзаруын қаласа, туысқанымен қарым-қатынасын үзбесін», – деген (имам Бұхари, Мүслим).

Кейбір ғалымдар хадистегі «өмір жастың ұзаруына» деген сөздерді: «Алла Тағала ол адамның өміріне берекет беріп әрі ризық-несібесін молайтады. Әрі сол арқылы ол адам өзінің өмірінде басқалардың шамасы келмеген істі істеп үлгереді», – деп түсіндірген.

Ибн Омар (Алла оған разы болсын): «Алладан қорқатын және туыстармен араласатын адамның өмір мерзімі ұзартылады, байлығы көбейеді және жақындарының сүйіспеншілігіне бөленеді», – деген.

Туыстар мен байланысын үзбеу дегеніміз олардың хабарын алып, қал-жағдайын сұрау, хат жазу, телефон соғу, ауырғанының көңілін сұрау, қуаныш пен қайғысына ортақтасу, сапарға шығып кеткен ағайынның мал-жанына қарайласу сынды істер жатады.

 

Қисса

Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарлық келместен бұрын көкесі Әбу Тәліптің материалдық әл-ауқаты төмен болатын. Өзі шеттей бала-шағалы жан. Көптеген қиындықтарға тап болып, әжептәуір қиналып қалады. Мұны байқаған Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туысы Аббасқа келіп: «Көкешім! Бауырың Әбу Тәліптің бала-шағасы көп екендігін білесің! Адамдар аштыққа душар болып, қиналып жатыр. Қанекей! Екеуміз Әбу Тәліпке барып сөйлесейік. Ұлдарының бірін мен, бірін сен ал. Осылайша оның ауыртпалығына қол ұшын берейік», – дейді.

Хазірет Аббас (Алла оған разы болсын) бұл ұсынысты қуана-қуана қабыл етеді. Сөйтіп, екеуі бірге Әбу Тәліптің үйіне барады. Әбу Тәліп ұсынысты естіп: «Ақылға тимеңдер! Қалған ұлдарымның арасынан таңдағандарыңды алыңдар», – дейді.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Әлиді, ал көкесі Аббас Жаппарды өз қамқорлығына алады. Осылайша, адамзаттың асылы Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарлық келгенге дейін хазіреті Әли оның қанатының астында тәрбиеленеді.

 

Екіншітуыстық қатынасты үзушілер

Ондай адамдар хадисте – «әл-қатиғу» (үзуші) деп аталған. Бұл атау туыстық қатынасты сақтамайтын, олармен араласпайтын, қиналғанда жанынан табылмайтын адамдарға қатысты айтылады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресі, 1-аятында:

وَاتَّقُوا اللَّهَ الَّذِي تَسَاءَلُونَ بِهِ وَالْأَرْحَامَ  إِنَّ اللَّهَ كَانَ عَلَيْكُمْ رَقِيبً    

«Алладан қорқыңдар, туыстық байланысты үзуден сақтаныңдар! Күдіксіз, Алла сендерді бақылап тұрушы», – деп ескерткен. Қасиетті Құран Кәрімдегі әрбір сөз, әрбір әріптің өзі, орналасу реттілігі үлкен хикметті білдіреді. Бұл аятта тақуалықтан кейін туыстық байланысты үзуден сақтандыруы тегін емес. Өйткені тақуа адам ешуақыт туыстық қатынасты үзбейді. Туыстар жағынан теріс әрекеттер болғанның өзінде кешіріммен қарап, Алланың бұйрығын орындап, әркез туыстық ақыларды сақтауға тырысады.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

لا يَدْخُلُ الْجَنَّةَ قَاطِعٌ

«Туыстық қатынасты үзуші жәннатқа кірмейді», – деп айтқан (имам Бұхари, Мүслим). Аталмыш хадисте туыстық қатынасты үзген адамға қатысты «жәннатқа кірмейді» делінуінен, туыстық қатынасты үзудің қаншалықты ауыр күнә екендігін түсінуімізге болады.

Жалпы ғалымдарымыз туыстық қатынасты үзуді үлкен күнәлар қатарына жатқызған. Имам Зәһәби өзінің «Китабу әл-кабаир» (Үлкен күнәлар кітабы) атты еңбегінде, жетпіс түрлі ауыр күнәні тізіп, оның ішінде туыстық қарым-қатынасты үзуді тоғызыншы орынға қойған.

Сол үшін де, мұсылман адам туысқандық байланыста ұсақ-түйек дүние үшін ұғыспастыққа салынуға, ниеті бұзық адамдардың өсек-аяңы үшін ренжіске түсуіне,  дау мен жанжал қууына еш болмайды.

Сүйінбай Аронұлы бабамыз:

Ел баққанның тұқымы,
Көптің көңілін аулайды.
Дау баққанның тұқымы,

Болмашы істі даулайды.
Туысқанын жат көріп,
Жаудан жаман қармайды,
– деп айтқан.

Бабамыздың бұл жерде: «ел баққан» деп «бағу» сөзін қолдануы тегін емес. Себебі, «бағу» сөзі  көбіне төрт түлік мал баққанға қолданылып жатады. Мал баққан адам оның түрлі машақатына төзіп, төрт түрлі мезгілде ауа-райының ыстығы мен суығында сабыр етіп, бар ыждахатын салып, қарағанда ғана еңбегінің жемісін көретіндігі сияқты, жақындарының бірлігін ойлаған адам да олардың кей ұнамсыз қылықтарына сабыр етіп, кешірімділікті ту ету арқылы ғана өзінің игілікті мақсатына қол жеткізбек.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

الرَّحِمُ مُعَلَّقَةٌ بِالْعَرْشِ تَقُولُ: مَنْ وَصَلَنِي وَصَلَهُ اللَّهُ ، وَمَنْ قَطَعَنِي قَطَعَهُ اللَّهُ

«Аршыға ілулі тұрған туыстық байланыс былай дейді: «Мені сақтаған адам Алла Тағаламен де  байланысын сақтайды. Менімен байланысын үзуші Алла Тағаламен де  байланысын үзеді», – деп айтқан (имам Бұхари, Мүслим). Дініміздің осындай қазыналарын тереңінен түсінген бабаларымыздың «Ағайынның азары болса да, безері болмас» деген сөзіне үңілер болсақ, туыс адам жаман болғанның өзін де одан безінуге, қарым-қатынасты үзуге болмайтындығын түсінеміз.

 

Үшіншіжоғарыда айтылған екі дәреженің ортасындағы адамдар

Мұндай адамдар туыстарына жақсылық та жасамайды, жаманшылығын да тигізбейді. Сыйласқанымен ғана сыйласады, араласпағандарымен араласпайды, оларды арнайы іздемейді.

Осылардың ішінде мұсылман адам бірінші санаттағы, яғни туыстық қатынасты сақтаушылардан болып, екінші мен үшінші санаттағылардан болудан сақтануы қажет. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 177-аятында:

لَيْسَ الْبِرَّ أَنْ تُوَلُّوا وُجُوهَكُمْ قِبَلَ الْمَشْرِقِ وَالْمَغْرِبِ وَلَٰكِنَّ الْبِرَّ مَنْ آمَنَ بِاللَّهِ وَالْيَوْمِ الْآخِرِ وَالْمَلَائِكَةِ وَالْكِتَابِ وَالنَّبِيِّينَ وَآتَى الْمَالَ عَلَىٰ حُبِّهِ ذَوِي الْقُرْبَىٰ وَالْيَتَامَىٰ وَالْمَسَاكِينَ وَابْنَ السَّبِيلِ وَالسَّائِلِينَ وَفِي الرِّقَابِ وَأَقَامَ الصَّلَاةَ وَآتَى الزَّكَاةَ وَالْمُوفُونَ بِعَهْدِهِمْ إِذَا عَاهَدُوا  وَالصَّابِرِينَ فِي الْبَأْسَاءِ وَالضَّرَّاءِ وَحِينَ الْبَأْسِ أُولَٰئِكَ الَّذِينَ صَدَقُوا وَأُولَٰئِكَ هُمُ الْمُتَّقُونَ

«Жүздеріңді шығысқа және батысқа жөнелту игілік емес. Бірақ кім Аллаға, ақырет күніне, періштелерге, кітаптарға, пайғамбарларға иман келтірсе және туыс-жақындарына, жетімдерге, міскіндерге, жолда қалғандарға, сұраушыларға және құлды азат етуге жақсы көре отырып, мал сарп қылса, әрі намазды толық орындап зекет берсе, өзара байласқан уәдесін орындаушы, таршылықта, қиыншылықта және соғыс кезінде сабыр етуші болса, міне солар шыншылдар әрі осылар тақуалар», – деп айтқан.

Осы бір аяттан Аллаға, ақырет күніне, періштелерге, кітаптарға, пайғамбарларға иман келтіргеннен кейінгі игілікті іс – туыс-жақындарына бағышталуы тиіс екендігін аңғарамыз. Және бұл амал жетімдерге, міскіндерге, жолда қалғандарға, сұраушыларға малды сарп ету бірінші аталып, ол шыншылдар мен тақуа жандардың іс-әрекетінен екендігі баяндалған. Демек, туыстық қарым-қатынасты берік ұстанған адамның дәрежесі шыншылдар мен тақуа жандарға теңестірілмек.

Осындай аяттар мен хадистерді көкейіне берік тоқыған ата-бабаларымыз ағайын арасын бөлмей, елдің бірлігі мен берекесін қатаң сақтай білген. Ауыл арасындағы той-томалақтан бастап, айшылық жерлердегі тумаларымыздың өлім-жітімінде де ағайынгершілікпен атқарар салт-дәстүрлеріміз  көптеп кездеседі. Біздің атқарып жүрген ағайын аралық сан түрлі тамаша дәстүрлерімізді «Ағайыннның қадірі торқалы той, топырақты өлімде» деп бір ауыз сөзбен ғана бекіткен елміз. Осылайша біздер Алланың бұлжымас заңдылығы туыс-туғанмен қарым қатынасты үзбеуді өмірлік ұстанымызға айналдырған халықпыз.

 

Қадірменді жамағат!

Туыс адамдар той-томалақ, қуанышты сәттерде ортақтасу, қиындық кезінде көмек қолын созу, ауырып қалса қал-жағдайын сұрап бару, ақыл-кеңеске мұқтаж болса, ақыл қосу сияқты т.б. істерде бір-біріне жәрдемші болулары тиіс. Қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 215-аятында Алла Тағала сүйікті Пайғамбарына (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

يَسْأَلونَكَ مَاذَا يُنْفِقُونَ قُلْ مَا أَنْفَقْتُمْ مِنْ خَيْرٍ فَلِلْوَالِدَيْنِ وَالْأَقْرَبِينَ وَالْيَتَامَى وَالْمَسَاكِينِ وَابْنِ السَّبِيلِ وَمَا تَفْعَلُوا مِنْ خَيْرٍ فَإِنَّ اللَّهَ بِهِ عَلِيمٌ

«Олар сенен Алла жолында не беретіндіктерін сұрайды. «Нендей қайыр сарып қылсаңдар; әке-шеше, жақындар, жетімдер, міскіндер және жолда қалғандар үшін. Қайырдан не істесеңдер, күдіксіз Алла оны біледі» де», – деп айтқан.

«Туыстан асқан жақын жоқ, ұмытуға хақын жоқ», «Бауыр шырын, бас тәтті, Ағайынмен ішкен ас тәтті» дейтін халқымыз, әрдайым ұрпағына туыстық қатынасты сақтаудың артықшылығы жайында айтып, ескертіп отыратын болған. Мәшһүр Жүсіп бабамыз да осыған орай:

Аманыңда елжіреп, мақтайтын да ағайын,

Алыстамай айналып, жақтайтын да ағайын.

Ауырыңды жеңіл ғып, жоқтайтын да ағайын,

Еркелетіп бетіңнен, қақпайтын да ағайын, – деп айтқан.

Ағайын-туыстық ақысын ойлайтын адам, әсіресе қиналған уақыттарында олардың қасынан бірінші болып табылуға тырысуы қажет. «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің, ағайынның қадірін жалалы болғанда білерсің» делінген аталы сөзден осыны ұғынамыз. Туыс адам үшін жұмсалған қаражат шығын емес, қияметтік сауап деп танылады. Асыл дінімізде ағайын-туысқа жасалған жәрдемде екі садақаның сауабы бар. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

الصَّدَقَةُ عَلَى الْمِسْكِينِ صَدَقَةٌ ، وَعَلَى ذِي الرَّحِمِ ثِنْتَانِ: صَدَقَةٌ وَصِلَةٌ

«Кедейге садақа беру – садақа, ал туысқанға көмектесу болса екі сауап. (Бірі) садақаның, (ал екіншісі)  туысқандық қарым-қатынасты сақтаудың (сауабы)», – деген (имам Тирмизи).

  

ЖҰМА УАҒЫЗЫНА ҚОСЫМША

(Қазақ халқының ұлттық құндылықтары туралы)

 

Құрметті жамағат!

Әрбір ұлт пен халықтың жүріп өткен жолы мен ұзын сонар тарихы, құндылықтар жүйесі, соның негізінде ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық құндылықтар, салт-дәстүрлері мен мәдениеті болары белгілі. Олардың қалыптасуында діннің алар орны ерекше. Өз кезегінде қазақ халқының ұлт ретінде ұйысуына Ислам дінінің жасаған ықпалы бір бөлек. Алла Тағала қасиетті Құранның «Хұжұрат» сүресі, 13-аятында:

يَا أَيُّهَا النَّاسُ إِنَّا خَلَقْنَاكُمْ مِنْ ذَكَرٍ وَأُنْثَىٰ وَجَعَلْنَاكُمْ شُعُوبًا وَقَبَائِلَ لِتَعَارَفُوا ۚ إِنَّ أَكْرَمَكُمْ عِنْدَ اللَّهِ أَتْقَاكُمْ ۚ إِنَّ اللَّهَ عَلِيمٌ خَبِيرٌ

«Әй, адам баласы! Шүбәсыз, сендерді бір ер, бір әйелден жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында, Алланың қасында ең ардақтыларың – тақуаларың. Шәксіз, Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы», – деп айтқан. Алла Тағала адамдарды бір-бірімен танысып, білісулері үшін  түрлі ұлт пен ұлыстарға бөліп, өздеріне тән ұлттық ерекшеліктер сыйлаған.

Қасиетті Құранда бекітілген құндылықтардың белгілі бір уақытқа, мекенге, ұлтқа ғана тән емес екенін баяндаған. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) да осы дәстүрлерді іс жүзінде көрсете отырып, адамдарды түр-түсіне, реңіне, тегіне, әлеуметтік жағдайына қарай алаламау қажет екенін айтып: «Уа, адамдар! Естеріңде болсын! Раббыларың біреу, ешбір араб араб еместен, араб емес арабтан, ақтың қарадан, қараның ақтан діндарлығынан басқа ешқандай артықшылығы жоқ. Күмәнсіз, Алланың құзырында ең мәртебелілерің тақуа болғандарың», – деген (имам Ахмад).

Қазақ халқының дәстүрлері мен ислам дінінің талаптары ықылым заманнан бері біте қайнасып, өріле өмір сүріп келеді. Халқымыздың ұрпақ санасында арлылық, адамгершілік, құдайшылдық, адалдық пен тазалық секілді қасиеттерді бойларына сіңіруде қолданған мақал-мәтелдері мен нақыл сөздеріне үңілсек, ислам дінінің ұстанымдарын анық байқаймыз. Мәселен, халқымыз «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы», «Пайда ойлама – ар ойла», «Ұят бар жерде иман бар», «Құдай деген құр қалмас», «Аққа құдай жақ», «Құдайға сенген құстай ұшар, адамға сенген мұрттай ұшар», «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген қағидаттарды өмірлік ұстанымдарына айналдырған. Қазақ халқының дүниетанымында дінімізден бастау алатын адамгершілік-имандылық, ар-ұят, кісілік қасиеттер жоғары бағаланған. Қазақ дүниетанымы мен әдеп жүйесінде күнә-тәубе, обал-сауап, «жаман болады», «ұят болады», қанағат, шүкір, сабыр, адамгершілік, үлкенді сыйлау, әділеттілік, батырлық, отансүйгіштік, парыз бен қарыз т.б. секілді ислами категориялар жоғары тұрған. Халқымыз исламның асыл құндылықтарын «жаман болады», «ұят болады», «обал болады», «сауап болады» деген қарапайым түсініктермен-ақ ұрпақ санасына сіңіре білген.

Ұлттық құндылықтарымыз – дініміз, тіліміз бен діліміздің ерекшелігі ретінде бірегейлігімізді айқындайтын рухани идеалдарымыздың жиынтығы.  Ендеше, имандылықтан бастау алатын, халқымыздың тұрмыс-тіршілігінде атадан балаға беріліп, даналықпен дараланып, жалғасын тауып келе жатқан адамдық асыл құндылықтарымызды сақтай отырып, ұрпағымызды заман талабына сай, бәсекеге қабілетті, білім мен ғылымға, еңбексүйгіштікке, ұлтжандылық пен отансүйгіштікке тәрбиелей алуымыз қажет.

 

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі 

Ұқсас жазбалар

ПАЙҒАМБАР (ﷺ) ТҮСІ

ПАЙҒАМБАР (ﷺ) ТҮСІ

23 желтоқсан 2020 380
ИМАН ЖӘНЕ ИХСАН

ИМАН ЖӘНЕ ИХСАН

03 қыркүйек 2024 28
Сахабалар көзімен

Сахабалар көзімен

28 қазан 2020 179