АЛЛА ЕЛШІСІНІҢ БАЛАЛАРЫ
Қасиетті Құранда: «Күллі аспан әлемі мен жердің бар билігі мен иелігі бір Аллаға тән! Ол қалағанын жаратады. Қалағанына қыз сыйлайды, қалағанына ұл сыйлайды. Яки қалағанына ұл мен қызды бірге береді. Сондай-ақ қалағанын бедеу етеді…» («Шура» сүресі, 49-50 аяттар) делінген. Бала – Алла Тағаланың адам баласына берген үлкен сыйы. Себебі бала арқылы ұрпақ жалғасын табады, адамзат көбейеді. Алла Тағала қалаған пендесіне ұл немесе қыз береді. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) да бірнеше баласы болды.
Ол балалардың арасын бөлмеді, қыз болса да, ұл болса да, Алланың берген үлкен нығметі деп санады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) балаларды жақсы көрді. Олардың жағдайын жасады, тәрбие берген кезде әдеп пен парасатты бекем ұстанды. Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жеті баласы (үш ұл, төрт қыз) болды. Ұлдары – Қасым, Абдулла, Ибраһим, ал қыздары Зейнеп, Руқия, Фатима, Үммігүлсім. Жеті баланың алтауын Хадиша анамыз дүниеге әкелсе, жетінші баласының анасы мысырлық Мәриям анамыз болатын.
Тұңғыш баласы Қасым екі жас шамасында шетінеген болатын. Ол пайғамбарлық келмес бұрын дүниеге келген. Арабтардың әдетіне сәйкес, ұл бала үйдің негізі деп саналатын. Алайда Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алланың қалауы бойынша қыз немесе ұл болса да бірдей көрді. Қасым қайтыс болған кезде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қайғырды, алайда, бұл бейнетті сабырлықпен қабылдады.
Екінші баласы – қызы Зейнеп. Ол өмірге келген кезде Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қатты қуанды. Бойжеткеннен кейін анасы жағынан немере туысы болып келетін Абу Асқа тұрмысқа берді. Зейнеп Әли есімді ұл мен Умамат есімді қызды дүниеге әкелді. Зейнептің жұбайы Абу Ас Исламды қабылдағанға дейін Бәдр шайқасында тұтқында болды. Зейнеп жұбайын тұтқыннан босатып алу үшін анасы тойына сыйлаған алтын алқасын жібереді. Алла елшісі сол кезде қызын аяп, Абу Асты кепілсіз босатуға бұйырып, Зейнепті Мәдинеге жіберуді талап етеді. Осыдан кейін Абул Ас өз еркімен Исламды қабылдап, Мәдинеде қоныс аударады. Хижраның сегізінші жылында Зейнеп дүние салды.
Пайғамбарымыздың үшінші баласы Руқия болатын. Әуелгіде Руқия Әбу Лахабтың бір ұлы Үтбаға тұрмысқа шыққан еді. Әбу Лахаб Пайғамбарымызды жек көргендіктен, оған қарсы шығып, ұлын Руқиямен ажырасуға мәжбүрлейді. Ажырасқаннан кейін Руқияны Осман (оған Алла разы болсын) сахабаға тұрмысқа береді. Руқия Османмен бірге екі рет қоныс аударған: біріншісінде – Эфиопияға, екіншісінде – Мәдинаға. Екеуінен ұл бала дүниеге келген, кейін шетінеп кеткен. Руқия Бәдр шайқасында ауырып, өмірден өткен.
Алла елшісінің төртінші баласы – Фатима. Алла елшісі Фатиманы (оған Алла разы болсын) қатты жақсы көрген. Оны Әлиге тұрмысқа берген. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қызына өзі ең қатты жақсы көретін адамға тұрмысқа бергенін айтқан. Фатима анамыз Хасан, Хусейн, Мухсин (кішкентай кезінде шетінеген), Үммігүлсім, Зейнеп есімді бес баланы дүниеге әкелген. Фатиманың мінез-құлқы әкесіне ұқсайтын. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Фатима – менің жанымның бір бөлшегі, оны ренжіткен адам мені ренжіткені», – деген. Алла елшісі өмірден өтер алдында Фатимаға тіл қатып, құлағына сыбырлайды. Сол кезде Фатима жылайды. Содан кейін ол тағы тіл қатады. Сонда Фатима қуанады. Айша (оған Алла разы болсын) анамыз кейін мұның себебін сұрағанда Фатима (оған Алла разы болсын): «Алла елшісі алғаш рет құлағыма сыбырлағанда: «Жәбірейіл әр жылы маған Құранды басынан аяғына дейін бір рет қайталататын, ал бұл жылы екі рет қайталатты. Осыған қарағанда, менің өлім сәтім таяды-ау», – деді. Мен мұны естіп жыладым.
Сосын Алла елшісі менің жылағанымды көріп, маған қайтадан сыбырлап: «Отбасымның ішінде бірінші боп маған жолығатын сенсің», – деді. Мұны естіп, мен қуанғанымнан күлдім», – деген.
Әкесі қайтқаннан соң алты айдан кейін Фатима да көз жұмады. Бұл кезде ол 28 жаста болған. Пайғамбарымыздың ұрпағы осы Фатимадан өрбиді. Яғни Хасан мен Хусейннен ұрпақ жалғасқан. Бұл тұқымнан шыққан адамдар шариғат талаптарына берік, Исламға адал болған. Олардың ұрпағы қазір де бар. Олардың есімдерінің алдында «ас-саййид» сөзін қосып айтады. Бұл сөз – Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбардың ұрпағы екенін білдіреді.
Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бесінші баласы – Үммігүлсім. Әуелде ол Әбу Лахабтың бір ұлына тұрмысқа шыққан еді. Ерінің отбасы Исламды қабылдаудан бас тартқанда ол ажырасып, әкесінің қасында болады. Руқия қайтыс болғаннан кейін Үммігүлсімді Османға тұрмысқа береді. Осыдан кейін Османды «Зуннурайн» (екі шырақ иесі) атап кеткен. Үммігүлсім мен Осман алты жыл отасқан. Һижраның тоғызыншы жылы Үммігүлсім дүние салған.
Пайғамбарымыздың алтыншы баласы – Абдулла. Ол пайғамбарлық келген соң дүниеге келген. Жас кезінде шетінеген. Абдулла өмірден өткен кезде Ислам дінінің жаулары «Мұхаммедтың ұлы өлді, демек ұрпақсыз қалды» деп табалайды. Алла Тағала сол кезде «Кәусар» сүресін түсіреді. «(Мұхаммед) Шын мәнінде саған кәусәрді бердік. Сондықтан Раббың үшін айт намазын оқы, құрбан шал. Расында дұшпаныңның өзі ұрпақсыз қалады». Алла Тағала осы сүреде пайғамбарымызға барлық жақсылықтарды бергенін, сонымен қатар дұшпандарының өздері ұрпақсыз қалатынын айтқан болатын.
Һижраның сегізінші жылы Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жетінші баласы Ибраһим өмірге келді. Оның анасы Мысыр билеушісінің Пайғамбарымызға сыйға тартқан күңі Мәрия болатын. Ибраһимнің туғанына жеті күн болғанда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қой сойып, елге күміс таратқан. 17-18 айлық шамасында Ибраһим шетінеп кетеді. Ұлы өмірден өткенде Пайғамбарымыздың жылағанын көргендер: «Уа, Алланың елшісі! Сен де жылайсың ба?» – деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бұл – мейірім жасы. Көз жасқа толады, жүрек қайғырады. Біз Раббымыз разы болатын сөздерді ғана айтамыз. Ей, Ибраһим! Шынында біз сенімен қоштасатынымызға қайғылымыз», – деп жауап береді (Бұхари). Осы жерде бір мәселені атап өткен дұрыс. Ибраһим өмірден өткен кезде күн тұтылады, мұны көрген адамдар бір қасиет бар деп болжам жасайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұны жоққа шығарды. Муғира ибн Шуғба былай деген: «Алла елшісінің кезінде баласы Ибраһим шетінеген күні күн тұтылды. Адамдар өзара «Ибраһим өлгені үшін күн тұтылды» десті. Мұны естіген Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында, күн мен ай біреудің өлімі, не өмірге келуі себепті тұтылмайды. Егер күн тұтылғанын көрсеңдер, намаз оқып, Аллаға дұға қылыңдар», – деген болатын (Бұхари).
Адамзаттың таңдаулысы (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) баланың өмір есігін ашқанын қуаныш көретін. Оларға мұсылмандық тәрбие беруге тырысатын. Мәселен, қызы Фатима (Алла оған разы болсын) босанып, немересі Хасанды алғаш көргенде, үстіндегі сары жаялығын шешіп, ақ жаялыққа ораған. Бұл оның сәбидің жынысына сай түсті таңдағанын білдірсе керек. Сондай-ақ сәби туғанда сүйінші бергенді ұнататын. Ұлы Ибраһим туғанда сүйінші сұрап келген Әбу Рафиға сый-сыяпат жасаған.
Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жаңа туған сәбиді құшағына алып тұрып, игі дұға тілейтін. Сосын құрманың сөлін таңдайына жағып, дәм таттыратын. Айша анамыз (оған Алла разы болсын) бұл жайлы: «Пайғамбарымыз өзіне әкелген нәрестелердің әрқайсына береке тілеп, дұға оқитын», – деп еске алған. Балаларды жүректің жемісіне (сәмәрәтүл-құлуб), көздің нұрына (құрратул-айн) теңеген Мейірім жаршысы (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Абдуллаһ ибн Аббасқа (оған Алла разы болсын) бала кезінде: «Иә, Алла Тағалам, бұған хикмет үйрете гөр!» – деп дұға жасаған. Ал Әнәсқа (оған Алла разы болсын) байлығы мен бала-шағасының көп болуын, ұзақ өмір сүруін, берген садақаларының қайырлы болуын тілеген. «Ата-ананың баласы үшін жасаған дұғасы қабыл болады» деген Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бала тәрбиесінде Алладан тілек тілеп, дұға жасауда үлкен мән бар екенін осылай ұқтырып отырған.
Нәрестелерге ат қойған кезі болған. Бұған нәресте туғаннан кейінгі жетінші күнді дұрыс көрген. Сәбиге азан шақырып, ат қоюды ата-ананың баласына деген алғашқы міндетінің біріне жатқызған. Сондай-ақ әрдайым балаға мағыналы, жақсы ат қоюға шақырған. Немерелері Хасан мен Хусейн (оларға Алла разы болсын) өмірге келгенде, немерелі болғанына шүкірлік білдіріп, арнайы құрбан (ақиқа) шалған. Қызы Фатимаға (оған Алла разы болсын) сәбидің үлпілдек шашын алып, алынған шаштың салмағындай садақа беруді тапсырған. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жылаған баланы жұбатуға, алдамауға да ерекше көңіл бөлетін. Жамағатқа намаз оқытып тұрғанда, жылаған баланың дауысын естісе, намазды тезірек бітіруге тырысатын. Баланы алдамау, берген уәдені орындауды ерекше талап еткен.
Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) балаларға деген сүйіспеншілігі алабөтен еді. Он жыл қызметінде болған Әнәс (оған Алла разы болсын): «Бала-шағасына Пайғамбарымыздан артық мейірімді болған жанды көрмедім», – деген. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) балаларды райхан гүліне ұқсатып, ал иісін жәннаттың иісіне теңеген. Немерелерін жиі-жиі қасына шақырып, бауырына басып, мейірлене иіскейтін. Тіпті кейде оларды құшақтап, сүйгеннен кейін: «Иә, Алла Тағалам, бұларды мен жақсы көремін, Сен де жақсы көре гөр!» – деп дұға ететін. Қорыта келгенде, Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарымыз өз өмірінде балаларға қатты көңіл бөліп, тәрбиесіне асқан жауапкершілікпен қараған. Ата-ана ретінде отбасында жақсы өнеге көрсетіп, баланы жастайынан тазалыққа, адамгершілікке, әдепке баулуды үлгі еткен.
Жолдас ҚОСПАҚҰЛЫ,
Павлодар облысының бас имамы
«Иман» журналы, №9, 2023 жыл