«УАҚЫП» ҚОРЫ ДИРЕКТОРЫ «РИКА ТВ» ТЕЛЕАРНАСЫНА СҰХБАТ БЕРДІ 6255

«УАҚЫП» ҚОРЫ ДИРЕКТОРЫ «РИКА ТВ» ТЕЛЕАРНАСЫНА СҰХБАТ БЕРДІ

04 April 2026 23 Оқу 1 минут

Ақтөбеге арнайы келген қонақ, «Уақып» корпоративтік қайырымдылық қорының директоры Азамат Әбдікәрімұлына «Рика ТВ» телеарнасының журналистері сауалдарын қойды. Тілшілер ең алдымен қор басшысының Ақтөбе өңіріне келген мақсатына тоқталып, сапар аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар туралы сұрады. Сондай-ақ, уақып тақырыбы төңірегінде атқарылып жатқан іс-шаралар мен алдағы жоспарлар да әңгіме өзегіне айналды.

Өз кезегінде қор басшысы тілшіге Ақтөбе облысында уақып мәдениетін дамыту, қайырымдылық жобаларды жандандыру және жергілікті мешіттермен бірлесе отырып әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру мақсатында арнайы іс-сапармен келгенін жеткізді. Сонымен қатар, өңірдегі бірқатар нысандармен танысып, жамағатпен кездесулер өткізу жоспарланғанын атап өтті.

Сұхбат барысында Азамат Әбдікәрімұлы уақыптың қоғамдағы орнына тоқталып, оның тек бір реттік көмек емес, ұзақ мерзімді игілікке бағытталған жүйелі қайырымдылық түрі екенін түсіндірді. Бұл бағытта еліміз бойынша жүзеге асырылып жатқан жобалар мен нақты нәтижелер де мысал ретінде келтірілді.

Сондай-ақ, «Қазақ Құран баспасы» жобасы жайында да кеңінен баяндалып, оның басты мақсаты – қасиетті Құран Кәрімді сапалы басып шығару және халыққа қолжетімді ету екені айтылды. Жоба аясында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы да тың мәліметтер берілді.

Сұхбат соңында көрермендерге қайырымдылық жасаудың маңыздылығы түсіндіріліп, уақып ісіне белсенді қатысуға шақыру жасалды. Қор басшысы қоғамда жанашырлық пен ізгілік құндылықтарын қалыптастыру – баршамызға ортақ міндет екенін атап өтті.