Ақтөбеде облыстық Құран сайысы өтті 6256

Ақтөбеде облыстық Құран сайысы өтті

04 April 2026 190 Оқу 1 минут

Шалқар аудандық «Матай Қоқанұлы» мешітінің ұйымдастыруымен Құран Кәрімнің 30-шы парасын жатқа оқу бойынша облыстық сайыс өтті. Оған өңірдегі қала, аудан мешіттерінен 42 шәкірт қатысып, бақтарын сынады. Ал, облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы, «Ақжар» қайырымдылық (қарилар орталығының) мекемесінің директоры Бекжан қари Әлденов, Ақтөбе қалалық орталық мешітінің наиб имамы Ерәлі қари Құлмағанбетұлы, Шалқар қалалық «Жанаман ахун Сейітімұлы» мешітінің жанындағы «Шалқар қайырымдылық мекемесінің» ұстазы Нұржігіт Сәдуақасов әділқазы ретінде төрелік етті.

«Құран жаттау, оны үздіксіз оқып жүру үлкен сауап. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Ендеше, Алланың шексіз рақымына бөленеміз десеңдер, Құран оқылғанда, оған құлақ түріп, үнсіз тыңдаңдар!» – деген. Демек, осында жарысқа келіп, Құранды тыңдаудың өзі үлкен сауап және Алланың рақымын жақындатады», – деп Шалқар ауданының Бас имамы Абзал Медетбеков Алланың мұғжиза ретінде түсірген кітабының мәртебесін түсіндіріп, Құран жарысының маңызына тоқталып, сайысқа қатысушы үміткерлерге сәттілік тіледі.

Құран жарысы жоғарғы деңгейде өтіп, әділқазылар алқасының шешімімен Құран жарысының жеңімпаздары марапатталды. Құранның 30-шы парасы бойынша жүлделі І орынды Ақтөбе қаласы, «Әл-Ләтиф» мешітінен Сабыр Молдағалиев иеленіп, Ұмраға жолдама жеңіп алды. Ал, ІІ орынды Хромтау ауданынан Нурболат Райсов (300 000 теңге), ІІІ орынды Ырғыз ауданынан Нұржан Төлеген (200 000 теңге) иеленді.

Одан өзге, жарысқа қатысқан барлық қатысушыларға 10 000 теңге ынталандыру сыйақысы мен арнайы алғыс хаттар табысталды. Сондай-ақ, Шалқар ауданына арнайы келіп, жарыста төрелік еткен ұстаздарға қазақы дәстүр бойынша шапан кигізілді.

Айта кетейік, жарысқа Шалқар ауданының кәсіпкер азаматы Бекнұр Мұқанов демеушілік етті.