Ырғыз жамағатына ас беру мәдениеті түсіндірілді
Ырғыз ауданының бас имамы Ардақ Жұмабекұлы мешіт жамағатына елордада өткен «Ислам – мәдениет пен ізгіліктің бастауы» атты имамдардың IV республикалық форумында қабылданған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Ас беру мәдениеті» атты құжатын таныстырды. Құжатта баяндалған ас берудің тәртіптері, ысырапшылыққа жол бермей, әркімнің өз шама-шарқын ескеруі, қайғылы үйге көп жүк түсірмей, көңілдерін жұбатудың маңыздылығы, құдайы аста қарапайымдылықты сақтау және Құран оқып бата беру мен уағыз-насихат айтып, марқұмды еске алудың әдептері жайлы жан-жақты түсінік беріп өтті.
Бұл құжаттың мақсатының еліміздің барлық аймағында шариғат шеңберіне сай, салт-дәстүрге лайықты деңгейде ас беру мәдениетін қалыптастыру екенін жеткізді. Қазалы үйдің иелері бастарына қайғы түсіп отырғанда ас берудің қамымен қайғылары одан сайын еселенбеуі жағын баса ескертті. Мешіт жамағатын да осы бір игі бастамаға қолдау көрсетіп, халық арасында кеңінен жайылуына үлестерін қосуға шақырып, білген білімін басқаларға үйретудің сауабының мол екендігін баяндады.
Ырғыз аудандық мешітінің баспасөз қызметі