Тәуелсіздіктің 30 жылдығына 30 түп ағаш отырғызылды 651

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына 30 түп ағаш отырғызылды

14 мамыр 2021 195 Оқу 1 минут

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы биыл ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай, өкілдіктерге әртүрлі іс-шаралар өткізуді тапсырған болатын.

Тапсырмаға сәйкес Ақтөбе мешіттерінде шырша, терек, жеміс талдарын отырғызу шаралары мамыр айында жүзеге асырылуда. Бұл жолы тек мешіт аулаларына ғана емес аурухана және мектеп аулаларында да ағаш көшеттері отырғызу қолға алынды.

Осыған орай, Ақтөбе облысының Бас имамы Төлеби Оспан бастаған «Нұр Ғасыр» мешітінің ұжымы Ақтөбе қаласында орналасқан ақын апамыз Фариза Оңғарсынова атындағы №41 мектеп-гимназисының ауласына ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай 30 түп шырша және әртүрлі жеміс ағаштарын отырғызды.

Бас имам Төлеби Оспан шара барысында тілшілерге берген сұқбатында: "Еліміздің Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойының қарсаңында Бас мүфти бастамасына сәйкес мешіт қызметкерлері бірқатар іс-шараларды ұйымдастыруда. Бүгінгі тал егу шарасы соның бір көрінісі. Атадан мал қалғанша, тал қалсын демей ме?! Қазіргі таңда Ақтөбе қаласында 2 айлық тазалық жұмыстары жүріп жатыр. Осы науқан кезінде жерлестерімізді тазалық жұмыстарына атсалысуға, аулаларды таза ұстауға және тал егу шарасына қатысуға шақырамын", - деп қала тұрғындарын тазалық шараларын үлес қосуға үндеді.

Сондай-ақ, Бас имам гимназиядағы Фариза апамыздың құрметіне ашылған кабинетті тамашалады.

Естеріңізге сала кетейік, аталмыш тал егу шарасын облыстағы барлық мешіт қызметкерлері мамыр айының соңына дейін жалғастырмақ.

Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі