Нұрлыбек Шакизадаұлы: Тәуелсіздік – Алланың берген үлкен нығметі 3016

Нұрлыбек Шакизадаұлы: Тәуелсіздік – Алланың берген үлкен нығметі

24 қазан 2023 63 Оқу 1 минут

Әлемдердің Раббысы Жаратушы Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде «Хужурат» сүресінің 13-аятында: «Уа, адамдар! Шүбәсіз, сендерді бір ер мен бір әйелден жараттық. Сондай-ақ сендерді бір-біріңмен танысып, табысуларың үшін сан-алуан ұлыстар мен руларға бөлдік. Біле білсеңдер, Алланың алдындағы ең ардақтыларың – ең тақуаларың», – деп айтқан. Демек, жер бетінде жаратылған ұлттардың ішінде болуымыз бір бақыт болса, баянды тәуелсіз ел ретінде жасау өз алдына бір бақыт.

Әлем сахнасында жасаушы миллиондаған ұлт пен қауымдардың ең алдымен аңсайтыны һәм ең ұлы мақсаты – тәуелсіздік.

Аталған тәуелсіздік жолында ұлт тарихында қанша ғұмырлар мен тағдырлар қиылса, тіпті бүтін бір елдің жоқ болып, түбегейлі бір жұрттың жер бетінен жойылып жатқаны да өзгермейтін ақиқат. Демек, ел басындағы бақыт пен бейбіт өмірдің ұйытқысы – заман тыныштығы. Өйткені, ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім өз үйінде (отбасының қасында)амандықпен ешкімнен қорықпай, дені сау және бір күндік тамағы болып таң аттырса, бүкіл дүние алдына жиналғандай болады»,-деген.

Дербес ұлт болудың қадірін мамыражай уақыттың ұландары жіті түсіне бермесе де, осы жолда тыныш ұйқы мен жұмсақ жастық көрмеген бабалар өмірінен аңғару қиын емес. Елдің қалыптасуында, азаттық таңын аңсап өткен жолда, отбасы мен жақындарын, тіпті өз өмірін де осы жолда пида еткендер де қаншама.

«Ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермеген» бабаларымыз ұлан-ғайыр атырап даламызды терең даналықпен, асқан идеологиялық құндылықпен сақтап қана қоймай,

Түн ұйқымды бөлгенмін,
Жұртымды жөнге салам деп.
Бас кессе де басылмай,
Ақ ісімді жасырмай,
Атқа мінген ер едік, ( Жиембет жырау )-деп жырлаумен ғасырлар легінен аман-сау бізге жеткізді.

Сондай-ақ «Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық саяси ісін ұғынбаса, тезек теріп, тарих жолында артта қалады,» деп қам жеген Әлихан Бөкейхан сынды бабаларымыздың мақсаты бізге үлгі.

Қаншама арпалыс пен қыршын ғұмырлардың өтеуі – бүгінгі біз өмір сүріп отырған бейбіт заман. Демек, бұл заман тыныштығы мен тәуелсіздігіміздің тұғырын биік етіп, келешекке жеткізу бүгінгі біздердің мойнымыздағы үлкен аманат. Қазіргі қоғам білім мен ақыл сынға түсетін парасат майданы болғандықтан, бізге жауға шауып, білек пен күшті қайратын сәт емес. Яғни тәуелсіздік деген аманатымызды сақтауға әрбір жан өз қолынан келгенше, шама-шарқы жеткенше атсалысуға міндетті:

1.Отанның әрбір мүлкі (тау-тасы, ағашы, ауасы мен жолы) Жаратушының бізге сыйлаған уақытша мүлкі деп қарап, сол мүлікті сақтауға асқан жауапкершілік таныту.

2. Елді сүюде шынайы жанашырлық пен бауырмалдықты сезіне білу. Ол дегеніміз қоғамның әрбір мүшесіне, жасы мен жынысына, қызметі мен мансабына қарамастан риясыз қарым-қатынас жасау.

3. Қандай да болмасын іс атқарғанда «Мен болмағанда, кім атқарады?» деген ықтиярлы ниетті әрдайым жадымызда ұстау. Осы тұста ғибраты мол мына бір оқиғаны айта кеткен жөн.

Бір күні ел билеуші патша халқына ашаршылық пен қуаңшылық болатынын ескертіп, халық алдына шығып: «Ертең алдымызда қиын-қыстау күн туғалы тұр, ертең таңға дейін барлығың келіп сарай алдында тұрған үлкен ыдысқа шамаларың жеткен үйлеріңдегі бар суды әкеліп құйыңдар!» деп жар салады. Сонда патшаның бұл сөзін естіген халқы, әрқайсысы «Осы алып ыдысты толтыру менің үйімдегі бір шелек суға қарап қалып па екен» деген оймен тарқасады. Таңертең патша келіп әлгі ыдысты қараса ішінде түк жоқ. Сөйтіп, немқұрайлықтың кесірінен қауымы қуаңшылықтан қырылып қалған екен. Демек, оқиғадан түйеріміз, «Менің жасағанымнан не пайда?» деген ойдан арылып, керісінше «Мен атқармағанда кім жасамақ?» деген дұрыс ниетті әрқашан алға тарту бүтін бір елдің тағдырына әсер етуі бек мүмкін.

Арайлы таңымыздың еш қауіп-қатерсіз атып, күніміздің уайым-қайғысыз батуы, құлшылығымызды қиындықсыз атқарып, қызметіміздің ауыртпашылықсыз жасалып жатқандығы, отбасымыздың амандықта болып, ұрпағымыздың алаңсыз ұйықтап, күліп-ойнауы осының барлығы Тәңіріміз сыйлаған тәуелсіздігіміздің арқасы. Бейбіт күннің қадірін берекесі қашқаннан кейін білуден сақтағай! Ендеше, келіп жеткен еліміздің айбынды мерекесі Республика күні баршамызға құтты да берекелі болғай!

Ибраһим пайғамбар (а.с) да өз жеріне: «Уа, Раббым! Бұл жерді қауіпсіз, бейбіт мекен қылғайсың! Бұл жердің халқына, араларындағы Аллаға және ақирет күніне иман келтіргендерге түрлі жеміс-жидектер, көкөністерден ризық бергейсің!»-деп дұға еткеніндей, біз де еліміз әрдайым амандықта, молшылық пен берекетте болуын тілеп, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай дейміз!


 

Нұрлыбек Шакизадаұлы

Ақтөбе қалалық орталық мешітінің Бас имамы