ТРАМАДОЛДЫ ҚОЛДАНУДЫҢ ҮКІМІ 2256

ТРАМАДОЛДЫ ҚОЛДАНУДЫҢ ҮКІМІ

09 қараша 2022 109 Оқу 1 минут

Трамадол – апиындық анальгетик, синтетикалық препарат. Бұл дәрі кейбір ауру түрлерін тыныштандыру, ауырсынуды басу үшін қолданылады.

Трамадолдың үлкен дозасын қабылдау – адамды мас етеді және есірткі сияқты тәуелділікті туғызады. Қазіргі таңда бұл препаратты есірткі ретінде қолдану әдетке айналуда.

Ғалымдар трамадолды шарап, есірткі ретінде қарастырып, оған тыйым салады[1]. Алла Тағала қасиетті Құранда:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ إِنَّمَا الْخَمْرُ وَالْمَيْسِرُ وَالأَنصَابُ وَالأَزْلاَمُ رِجْسٌ مِّنْ عَمَلِ الشَّيْطَانِ فَاجْتَنِبُوهُ لَعَلَّكُمْ تُفْلِحُونَ

«Уа, иман келтіргендер! Ақиқатында, арақ, құмар ойындары, пұттар және (бал ашуға тігілетін) жебелер – шайтанның лас істерінен. Одан аулақ болыңдар, бәлкім, мұратқа жетерсіңдер!»[2] – деген.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

قَالَ النَّبيُّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: كُلُّ مُسْكِرٍ خَمْرٌ وَكُلُّ مُسْكِرٍ حَرَامٌ

«Барлық мас қылушы шарапқа жатады, барлық мас ететін нәрсе – харам»[3], – десе, келесі хадисте:

مَا أَسْكَرَ كَثِيرُهُ، فَقَلِيلُهُ حَرَامٌ

«Көбі мас қылатын нәрсенің азы да – харам»[4], – деп айтқан.

Трамадолды дәрігердің нұсқауынсыз қолдану ағзаға (асқазан, жүрек, жүйке жүйесі т.с.с.) қауіпті екені медицина тұрғысынан нақтыланған[5]. Ал шариғатымызда адам баласының денсаулығына зиян беретін заттарды қолдануға тыйым салынады. Алла Тағала қасиетті Құранда:

وَلا تُلْقُوا بِأَيْدِيكُمْ إِلَى التَّهْلُكَةِ

«Өздеріңді өз қолдарыңмен құрдымға кетірмеңдер ...»[6], – деген.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

لَا ضَرَرَ وَلَا ضِرَارَ

«Өзіңе де, өзгеге де зиян келтіруге болмайды»[7], – деп ескерткен.

Сондықтан трамадолды дәрігердің нұсқауынсыз қолдануға тыйым салынады. Сондай-ақ дәріханада сатушы трамадолды рецепт қағазынсыз сатуына болмайды. Себебі бұл күнә іске жәрдемдесу болып саналады. Тіпті кейбір мемлекеттерде трамадол есірткі тізіміне енгізілген.

 Үкім:

Трамадол есірткі секілді адамның ақыл-есіне кері әсер етіп, ағзаға зиян келтіретіндіктен, оны дәрігердің нұсқауынсыз пайдалану және сату – харам.

 

ҚМДБ Ғұламалар кеңесі

 

[1] Фәтауа уә ахкам әл-муамалату әл-мәлия, 29-бет.

[2] «Мәида» сүресі, 90-аят.

[3] Имам Бұхари, Мүслим, Термизи, Әбу Дәуід риуаяты.

[4] Имам Ахмад, Ибн Мәжә, Термизи риуаяты.

[5] Қадая тәшғалу әл-әзһан, 88-89-беттер.

[6] «Бақара» сүресі, 195-аят.

[7] Ибн Мәжә риуаяты.