Ақтөбеде облыстық бата сайысы өтті 3288

Ақтөбеде облыстық бата сайысы өтті

18 наурыз 2024 650 Оқу 1 минут

Қазақ ұлттық құндылықтарының бірі – бата беру дәстүрін дәріптеу, жаңғырту және кейінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында ҚМДБ Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, Ақтөбе облысы С.Бәйішев атындағы университеттің президенті Бекежан қажы Аханұлының бастамасымен, ҚМДБ-ның Ақтөбе өкілдігінің қолдауымен аталған университет қабырғасында ақсақалдар арасында «Бата – тәрбиенің бастауы» атты облыстық бата сайысы өтті.

Сайысқа Ақтөбе қаласы және аудандардан ақсақалдар қатысты. Бата сайысына Ақтөбе облысының бас имамы Серікжан Еншібайұлы, ҚМДБ Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, Бопай ханым жоғары медициналық колледжінің директорының орынбасары Шалғынбай Жандосов және Ақтөбе облыстық қоғамдық келісім мүшесі, ардагер ұстаз Ықсан Көшерұлы төрелік етті.

Аузы дуалы, көненің көзін көрген қариялардың баталарына оқу орнының оқытушылары, студенттері және қала жамағаты көрермен болды.

Бірнеше кезеңге созылған бата сайысында төрешілер батаның шарттарына сай бағалады. Ережеге сәйкес берілген батаның қазақи дәстүрге негізделуі, шариғат шеңберінен шықпауы, қазақ тілінің тілдік ережелерінің сақталуы, бата берушінің қолын жаюы, өзін ұстауы секілді шарттар негізге алынды.

Байқаудың алғашқы шартында қатысушылар өздерін алма-кезек таныстырды. Екінші шартта адам басына үш түрлі бата беріп жарысты. Жас отау құрған жастарға, шілдехана тойына, нәрестеге, халыққа, шаңыраққа, көпшілікке берілетін баталарды жатқа айтты. Соңғы бөлімінде қазақ халқының ұлттық құндылықтары: салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары сұрақтарына жауап беру алқылы өз тәжірибе, білім, ілімдерін көрсетті.

Іс-шараның әр бөлігінде текті сөздің төресі термеге кезек беріліп, Бопай ханым жоғары медициналық колледжінің студент - жас өнерпаздары әннен шашу шашты.

Бата беру байқаудың жүлдегерлері және қатысушылар арнайы дипломдармен, сертификаттармен, сыйлықтармен марапатталды.

Он алтыға жуық қатысқан ақсақалдардың арасындағы бата сайысының қорытындысында Алданаев Тілеген Бақтығалиұлы Бас жүлдені, Ахмет Аманжол Ерғалиұлы І орын, Сарсенов Казыбек ІІ орын, Тураналиев Айдынғали Аскаргалиұлы III орынды иеленді. Қалған қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары: «Шежірелі қария», «Қазыналы қария», «Өнегелі қария», «Парасатты азамат», «Текті азамат», «Бекзада азамат», «Көңілі ашық азамат», «Мәрт азамат» - т.б. номинациясы марапаттар берілді.

Жеңімпаздарды С.Бәйішев университетінің президенті Бекежан қажы Аханұлы мен облыстың Бас имамы Серікжан Еншібайұлы құттықтап, мұндай жобаның жас ұрпақтың тәрбиесі үшін қажет екенін жеткізді.



Ақтөбе облыстық орталық 

 «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі