Ақтөбе: «Тәлімі мол Мәуліт айы» атты рухани кеш өтті 3799

Ақтөбе: «Тәлімі мол Мәуліт айы» атты рухани кеш өтті

08 қазан 2024 808 Оқу 1 минут

ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігінде «Әйел-қыздар» секторының ұйымдастыруымен «Тәлімі мол Мәуліт айы» атты рухани кеш өтті. 

«Zhazira Hall» мейрамханасына Мәуліт айының қортындылау кешіне қала тұрғындарымен қатар Хромтау мен Ембі қаласынан және аудандардан 200 астам қыз-келіншектер қатысты.

Игі шараның шымылдығы сектор жетекшісі Кенжегүл Кушкарова мен Зейнеп қари Ералиеваның Мәуліт жырын оқып және Пайғамбарымызға (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Құран хатым бағыштаумен ашылды.

Сонымен қатар қонақтардың дастарханына арнайы Пайғамбар(с.ғ.с) сүйген астар қойылды.

Одан өзге ғибратты көріністермен илләһи жырлармен жалғасын тапты.

Ізгілікке жол бастар кеште Ақтөбе облысының Бас имамы Амантай Садиев Мәуліт мерекесімен құттықтап, ардақты Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туылған айдың қадір-қасиеті мен мән-мағынасын кеңінен ашып, насихат айтты. Ал мешіт ұстаздарын қасиетті аймен қатар келген Ұстаздар күнімен құттықтай келе, сыйлық беріп, алғыс хат табыстады.

«Ақтөбе» медресе-колледжінің шәкірттері жиналған қауымға илләһи ән тарту етіп, «Нұр Ғасыр» мешітінің шәкірттері «Пайғамбарға арнау» айтты.

«Бақытжан» мешітінің ұстазы Анар Қойшығұлова Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алланы ұлықтаудың бір түрі – шашы ағарған мұсылманға құрмет көрсету» хадисін негізге алып, қарттардың діндегі орнын атап өтті. «Бақытжан» мешітінің атынан рухани кешке келген ақ жаулықты әжелерге шәкірттер сыйлық сыйлады.

Дін мен дәстүр сабақтастығын көрсеткен рухани кеште «Ер Едіге» жыр мектебінің шәкірті Қанатқызы Әмина «Қысыр ешкінің сүт беруі» шығармасын орындады.

«Кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, қонағын құрметтесін» деген ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өсиетін амал етіп, қалалық әйелдер сауат ашу орталығының ұстазы Назерке Айбекқызы мен «Әзіреті Біләл» мешітінің ұстазы Жазира Айбекқызы шәкірттерімен бірге алыстан ат арытып келген қонақтарға кәде-сыйлар таратты.

Шара барысында қызықты ойындар ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатталды. Рухани кешке келген қонақтардың ішінен суырылып шығып, Пайғамбарымызға (с.ғ.с) деген сағынышын жыр шумақтарымен жеткізді.

Сектор жетекшісі кешті қортындылап, шараға атсалысқан ұстаздарға, «Нұр Ғасыр» мешітінің шәкірттері мен «Ақтөбе» медресе-колледжінің шәкірттеріне рахмет айтып, сыйлықтар тарту етті. Мерекеге келген әжелер батасын беріп, алғыс айтып, жамағат разы болған күйде қимастық сезіммен тарасты.

Айта кетсек, жақын күндері «Тәлімі мол Мәуліт айы» атты рухани кешті «Мұнара» арнасындағы Мүфтият тынысы яғни жаңалықтардан көре аласыздар.

Ақтөбе облыстық орталық

 «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі