Ақтөбе: Наурыз мерекесін атап өтті (ФОТО)
ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігінің ұйымдастыруымен облыс, қала, аудан, ауыл мешіттерінің ауласына киіз үй тігіліп, Әз-Наурыз мерекесі аталып өтті.
Іс-шарада қонақтар мен жамағат мереке құрметіне дайындалған дастарханнан дәм татты.
«Наурыз – қаһарлы қыстан аман шыққан халықтың шүкіршілік мерекесі, ұлысты жаңа жылға, жаңа көктемге, жаңа үмітке жетелеп рухани жаңғыратын, көңілдерге қуаныш сыйлап, шаттыққа бөлейтін сонау ерте заманнан келе жатқан ізгі дәстүрлі мейрам. Күллі түркі жұртының төл тойы – әз Наурыз еліміздегі түрлі ұлтты ұйымшылдыққа ұйыстырып, кешірім мен мейірімнің мерекесіне айналып келеді. Наурыз – жаңару мен жаңғырудың, адам мен табиғат арасындағы үндестіктің, келісім мен татулықтың алтын арқауы. Халқымыз қашанда жыл басын ізгі ниетпен, үкілі үмітпен, ақ жарма тілекпен қарсы алады. Алла Тағала халқымыздың әр күнін қуаныш-шаттыққа бөлеп, рухани жаңғырып, ұлттық салт-дәстүрлерімізбен мерекелі ете бергей! Ақ мол болсын, өрісіміз төрт түлікке толып, құт қонған сайын даламызда егін жайқалып, ырысымыз бен берекеміз арта берсін! Ізгі амалдарымыз көбейіп, екі дүниеде де бақытқа кенелгендердің қатарынан болуымызды нәсіп еткей! Әмин!»,- деп имамдар мерекемен құттықтады.
Күн мен түннің теңескен, ежелгі заманнан қалыптасқан жылбасы – әз Наурыз мерекесін ҚМДБ-ның Ақтөбе облысындағы барлық мешіттер арнайы бағдарлама бойынша мерекелік шаралар ұйымдастырып қарсы алды. Думанды кеште мешіт жамағаттары мен шәкірттері арасына ұлттық ойын түрлерінен сайыстар ұйымдастырылып, әйел ұстаздар мен ақ жаулықты әжелер жастарға байырғы салт-дәстүріміздің бүгінгі өмірмен байланысын түсіндіріп, әдет-ғұрыпты қадірлеуге шақырды. Одан өзге мерекелік шараға жиналған қауымды имамдар мен ұстаздар қасиетті Рамазан айымен құттықтап, «Оразаға қатысты 150 сұрақ» атты кітапты табыстады.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітігің баспасөз қызметі