Ақтөбе имамдарының біліктілігін арттыруға арналған семинар өтті
4-5 маусым күндері Ақтөбе қалалық орталық мешітінде ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігі мен «Аңсар» ақпараттық талдау орталығының ұйымдастыруымен өңірдегі имамдар мен ұстаздарға арналған семинар өтті. Діни қызметкерлердің біліктілігін арттыруға бағытталған 2 күндік семинарда ҚМДБ РАНТ мүшесі, Жамбыл облысы, Байзақ ауданының Бас имамы Қанат Жұмағұлов, «Орал» медресе-колледжінің ұстазы Ерлан Кенжин және алаштанушы, философия ғылымдарының кандидаты, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының меңгерушісі Үмбетхан Сәрсенбин дәріс оқыды.
Семинардың алғашқы күні ұстаз Қанат Жұмағұлов жат ағыммен күресте Әбу Ханифа мәзһабының ұстанымы мен негізгі дәлел көздерінің шығу тарихы айтылды. «Ханафи мазһабының үкім шығару әдіснамасы» және «Фиқһ саласының қалыптасуы» тақырыбында дәрістер оқыды. «Мәзһаб ұстану мәселесі» секілді тақырыптары кеңінен түсіндірілді.
Ұстаз Ерлан Кенжин «Хадис усулінің негіздері» және «Хадис терминологиясы» тақырыптарында оқу тәжірибесімен бөлісіп, дәріс оқыды. Сондай-ақ, Ханафи мәзһабы мен басқа мәзһабтардың хадис талдаудағы методологияларының айырмашылығы талданды. «Сахих және әлсіз хадиспен амал етудің ғылыми түсіндірмесі» туралы білім берді.
Семинардың екінші күні Алаштанушы Үмбетхан Сәрсенбин Қазақ мәдениетіндегі дін мен діни тұлғалар тағылымы (ХІХ-ХХ ғасырларға қатысты тарихи деректері негізінде) атты тақырыпта дәріс оқып, имам-ұстаздарға кең ақпараттар берді.
Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлы имам-ұстаздарға арналған семинарлардың жиі өткізілуінің маңызды екендігіне тоқталды. Семинардың соңғы күні облыстың бас имамы семинар қатысушыларына сертификат табыстап, облыстағы діни тұрақтылық жолында жасап жүрген қызметтеріне сәттілік тіледі.