Ақтөбе имамдары біліктілікті арттыру семинарына қатысты 228

Ақтөбе имамдары біліктілікті арттыру семинарына қатысты

20 қазан 2020 226 Оқу 1 минут

19-20 қазан күндері «Ақтөбе» медресе-колледжінің оқу ғимаратында Ақтөбе облысы Дін істер басқармасының ұйымдастыруымен өңірдегі деструктивті діни ағымды ұстанушылар арасында оңалту жұмыстарын жүргізетін имамдар мен теологтарға арналған семинар өтті.

Діни қызметкерлердің біліктілігін арттыруға бағытталған 2 күндік семинарда «Нұр Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің ұстаздары PhD докторы Жамашев Азамат және докторант Нұржан Стамбакиев лекция оқыды.

Жат ағыммен күресте Әбу Ханифа мәзһабының ұстанымы мен негізгі дәлел көздерінің бірі болып табылатын хадис ғылымының шығу тарихы айтылды. Сондай-ақ, Ханафи мәзһабы мен басқа мәзһабтардың хадис талдаудағы методологияларының айырмашылығы талданды.

Сонымен қатар, "Намаз оқымайтын адамның үкімі", "Исламдағы жиһад ұғымы", "Сахих және әлсіз хадиспен амал етудің ғылыми түсіндірмесі" және "Мәзһаб ұстану мәселесі" секілді тақырыптары кеңінен түсіндірілді.

Ақтөбе облысының Бас имамы Төлеби Оспан имам-теологтарға арналған семинарлардың жиі өткізілуінің маңызды екендігіне тоқталып, аталмыш семинарды ұйымдастырған Дін істері басқармасының басшылығына және оқыту семинарын «Ақтөбе» медресе-колледжінің базасында өткізуге ұйытқы болған медресе басшылығына алғысын білдірді.

Семинардың соңғы күні Ақтөбе облыстық Дін істері басқармасының басшысы Тұралиев Әлімбек семинар қатысушыларына сертификат табыстап, облыстағы діни тұрақтылық жолында жасап жүрген қызметтеріне сәттілік тіледі.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі