Ақтөбе: Бас мүфти турнир жеңімпаздарын марапаттады 1431

Ақтөбе: Бас мүфти турнир жеңімпаздарын марапаттады

19 наурыз 2022 164 Оқу 1 минут

ҚМДБ Ақтөбе облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен «Ислам – ынтымақ пен бірлік» жылы аясында облыстық қазақ күресінен ересектер арасында ашық турнир өтіп, жеңімпаздарды Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы марапаттады.

«Діни басқарма әрқашан салауатты өмір салтын насихаттап келеді. Халқымыз «Тәні саудың – жаны сау» деп текке айтпаған. Денсаулық –Алланың аманаты. Ал аманатқа қиянат жасамау – мұсылманның міндеті. Бүгінгі турнир жеңімпаздарын шын жүректен құттықтаймын!» деді Бас мүфти.

Төрешілердің шешімімен 18 жастан асқан ересектер мен 80 келіден асқан түйе балуандар арасында (жалпы 15 балуан) «Жеңіске деген жігері үшін» номинациясы бойынша Жалғас Абдухан, «Ең жас балуан» номинациясы бойынша Мерей Тайған, «Үздік әдіс» номинациясы бойынша Еламан Қойшыбаев жеңімпаз атанып, ақшалай сыйлық пен сертификаттар табысталды.

Ал жастарды имандылыққа, салауатты өмір сүруге баулу мақсатында ұйымдастырылған додада І орынды (300 000 теңге) Азат Қуанов, ІІ орынды (200 000 теңге) Еламан Қойшыбаев, ІІІ орынды (100 000 теңге) Көбеген Айдосұлы иеленді.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі