Ақтөбе: «АДАМЗАТТЫҢ АРДАҚТЫСЫ» тақырыбында мәуліт кеші өтті (ФОТО) 2180

Ақтөбе: «АДАМЗАТТЫҢ АРДАҚТЫСЫ» тақырыбында мәуліт кеші өтті (ФОТО)

17 қазан 2022 130 Оқу 1 минут

ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігінің ұйымдастыруымен Студенттер сарайында «Адамзаттың ардақтысы» атты рухани мәуліт кеші өтті.

Руханиятты байытуға арналған шара облыстың Бас имамы Серікжан Еншібайұлының құттықтауынан басталды.

«Біз бүгін адамзатты қараңғылықтан шығарып, нұрға бөленуіне дәнекер, әлемнің мәңгілік мақтанышына айналған, ең таңдаулы, мақтаулы, парасатты тұлғасына арналған Мәуліт кешіне жиналып отырмыз.

Қасиетті Құран Кәрімде «Сендерге – Аллаға және Ақырет күніне үміт ететіндер әрі Алланы көп еске алғандарға – Алланың Елшісінде көркем өнеге бар» («Ахзаб» сүресі, 21-аят) делінген.

Мәуліт – отбасылық мереке. Қасиетті Мәуліт айында отбасымызға ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегелі өмірі туралы насихат айтып, Алла елшісіне салауат жолдап, қарияларға құрмет көрсетіп батасын алу, балаларымызды қуанышқа бөлеу – мерекенің сәні мен мәнін арттыратын сауапты амалдар. Мұндай игі дәстүр біздің елде де бірнеше жылдан бері жалғасын тауып келеді. Осы айда еліміздің әр түкпірінде пайғамбарымыз Мұхамедтің (с.ғ.с) туған күні, яғни мәуліт мерекесі аталып өтілуде. Бұл мереке – адамзаттың ардақтысы болған Хақ Елшісіне (с.ғ.с) деген ерекше сүйіспеншіліктен туындағанын ұмытпауымыз керек.

«Шүбәсіз, сен теңдесі жоқ ұлы көркем мінез құлыққа иесің» («Қалам» сүресі, 4-аят) айтылғандай, біз ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) ардақтау мақсатында өткізілген игі шарада жүздескеніме қуаныштымын. Жылдағы дәстүр бойынша кешіміздің құрметті қонағы Алматыдан ат артып келген «Өнер қырандары» театрына алғысымызды білдіреміз!

Асыл дінімізде тойланатын кез келген мереке ізгілік пен құлшылыққа, қайырымдылық пен жақсылыққа үндейді. Алла елшісінің дүниеге келген айында орындалатын амалдар мұсылман баласын тақуалыққа тәрбиелейді»- деп, ұлық айдың қадір қасиетін айта келе, рухани кешті ұйымдастырудың мақсатына тоқталды.

Аталған шара барысында Мәуліт жыры оқылды. Ал «Өнер қырандары» театры «Көрші ақысы – Тәңір ақысы», «Дүниеге мастанбау», «Адал ас» тақырыбында қойылымдар қойып, театр әншілері иллаһи тақырыпта ән шырқады.

«Аллаға шүкір, Мәуліт тамаша өтті. Кең сарайдың іші лық толы, ине шаншар жер жоқ. Бұл дегеніміз – халықтың имандылыққа бет бұрғаны. Кешке келген әр жан сүйікті пайғамбарымызға (с.ғ.с.) шекіз махаббатын көрсетті. Алла ұзағынан сүйіндірсін! Игі бастаманың өтуіне мұрындық болған облыстық «Нұр Ғасыр» мешітіне Алла Тағала сауаптан жазсын! Әмин!», -деп 85 жастағы Бибіхадиша қажы Тілеумағанбетқызы ақжарма тілегін білдірсе, жас буыннан келген Эльмира Көшекбай атты көрермен: «Ақтөбемізде Мәуліт мерекесінің қарсаңына керемет кеш ұйымдастырылды және соның куәгері болдым. Кештің басты қонақтары «Өнер қырандары» болды. Рухани кештен ерекше әсер алып, бір серпіліс алып қайттым. Кеш өте қатты ұнады. Шынымен де тәкаппар дүниенің қызығына кіріп, көп дүниені ұмыт қалдырып жатамыз. Өнер қырандарының әрбір көрінісі терең мағынаға толы. Қалың көрерменнің көңілінен шыққандығын ыстық ықыластан, соғылған шапалақтан-ақ білуге болады деп ойлаймын. Осы кештің өтуіне атсалысқан барша жандарға ерекше алғыс білдіремін!»,-деп кеш туралы ойын айтты.

Мәуліт кешіне жиналған көрермен кеш соңында ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, осы секілді руханиятты байытатын игі шаралар көбейсе деген ұсыныстарын білдірді.

Шара қортындысында Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлы БАҚ өкілдеріне Мәуліт кеші туралы сұхбат берді.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі