СҰЛТАН АХУН ТУРАЛЫ 3134

СҰЛТАН АХУН ТУРАЛЫ

08 сәуір 2024 220 Оқу 1 минут

Қысқы каникулда үйге барғанымда газеттегі энциклопедияға әзірленіп жатқан тізімді ақсақалдарға, мұғалімдерге, молдаларға көрсеттім. Тұшымды да толығырақ жауап берген 85 жастағы Дәулетбай Меңдібайұлы болды.  

-Қазіргі Байғанин ол кезде Табын ауданы деп аталатын,- деп бастады ол әңгімесін.

1929 жылы Хорезм бойына көшкенге дейін сонда тұрдық. 

Жаз жайлауын сұрасаң

Хантөрткүл мен Жем бойы.

Қыс қыстауын сұрасаң

Маңғыстау мен Сам құмы... деген өлең жолдары әлі есімде. Доңызтаудың қойнауы толған болыс-болыс ел, мыңғырған мал болатын. Тау баурайлары мен бұлақ бастарында мешіт-медресе ұстайтын ауылдар көп еді. Есімде анық қалғандары Ишан шилісі деген жерде Досеке хазірет отырды. Ащыбұлақ басында Сұлтан ахун мешіті болды. Одан әрі Ақсайда тілеп Сарыбас ахун, Тасастау қайнарда қоңыр Сүндет ишан отырды. Ұлы Сам құмында шабан Үбіжан ишан, балықшы Тұрыш ишан, қырықмылтық Көшербай ишан, бегей Көшпағанбет ишан, Сам құмында Мәдірейім ахун, Матай құмында Шалабайұлы Елеу ишан отырды.Теріскенді, Жуантөбе, Бақы құдығы, Қайрақты деген жерлерде қобызшы Сарыбай әулие, Хантөрткүлдің үш Оймауытында Сары ишан, Ащы айырық қуысында бөлек Тұрмағанбет ахун, Бекбайда Мұхамедқали ахун, одан әрі Доңызтауда ажым Жиенғали ахун отырды.

Осы кісілердің ішінен менің көбірек білетінім ұстазым Сұлтан ахун туралы айтайын. Сұлтан ахунның арғы әкесі Текей деген кісі. Сүйегі табын руынан - жалпақтыл, оқшы, бесарық болып жіктеледі. Текейдің екі баласы да асқан өнерлі, ескіше сауатты жандар екен. Үлкені Жаңаберген жырау, екіншісі Сексен әнші болған. Осы екеуі туралы ел аузында әлі күнге дейін айтылып жүрген әңгімелер бар. Жаңабергеннің бетінде шешектен қалған дақ бар екен. Темір уезінің Қарақамыс жәрмеңкесінде жүрген ол музыкалық аспаптар сатушы татар саудагерінің бұйымдарын көріп тұрып, қызды-қыздымен домбырада біраз шырқатса керек. Айналаға қарақұрым халық жиналып, аспаптар қолдан-қолға тимей кетіпті. Жаңабергеннің өнеріне, әрі тауарының өткеніне риза болып кеткен саудагер оған: «өнерің мың теңгелік, көркің бір теңгелік екен»,- деп иығындағы жібек шапанын жауып, әлгі домбырасын да тегін беріп жіберген екен. 

Жаңалыққа жаны құмар ағайынды жігіттер ел аралап жүрген қожаларға еріп кетіп Бұхарада төрт-бес жыл оқып келеді. Ол жақтан ахун дәрежесін алып келген Сексен бала оқытуға көшеді. Үнемі көшіп жүрген оқудың берекеті болмаған соң орташа дәулеттің бәрін салып, әрі халықтан түскен көмектің арқасында таудың етегіне Ащыбұлақ басына мешіт салдырған. Мешіт құрылысына Сексеннің әйелі қараш адайдың қызы Ақтолы да көп еңбек сіңірген. Сауатын алғаш әкесінен ашқан баласы Сұлтан да он жеті жасында Хиуаға кетіп, Хурбияз медресесінде оқыған. Медресені ол да ахун дәрежесімен бітіріп, елге келген соң әкесі салдырған мешітке иелік етіп, ұстаздық қызметін жалғастырған.

Сексен ахун қайтыс болған соң Бесқалаға кіре тартып барған керуеншілерден «қырда не жаңалық бар?» деп сұраса, «Сексен ахун қайтыс болды» депті. Адам атын сан деп ойлаған ойдағылар: «әттеген-ай, қырда ахун қалмапты ғой» деп қатты қиналған екен.

Ахун медресесі жанында шәкірттердің алғашқы тобын оқытатын бастауыш мектеп болатын. Онда жалпақтыл, малай руынан Ерғали молда ұстаздық етті. Шәкірттер әліппи, әптиек, Құран Кәрім, Супы Аллияр, Шәхар кітап, Навои шығармаларымен, парсы тіліндегі Хожайы Хафиз, Фзули бәйіттерімен сонда танысады. Осы кітаптарды меңгеріп, әбден тілін жаттықтырып болған соң ахун алдына көшеді. Онда намаз оқу жөнінде «Пікайдан», Мұхтасардың жиырма сегіз кітабы, парсы тіліндегі «Бідан», «Жәлай Опия», «Тәркап», «Кәпия», «Шарқым молла», «Шәмсия», т.б көптеген кітаптарды оқытатын. Әуелі өзі оқып береді, соңынан мағынасын түсіндіреді, артынан бәрімізге дауыстатып оқытып, не түсінгенімізді сұрайтын. Бірнеше күн діни кітаптарды, арасында араб-парсы ақындарының еңбектерін оқытатын. Медреседегі ең озық шәкірттер Жолшы, Сағын, Жиенбай деген балалар болды. Кейіннен үшеуі де ахун дәрежесін алды. Шәкірттер ұстазға иіліп, құрметпен сыйлап тұратын. Медреседе барлығы екі жүзге тарта шәкірт болса, қыста бұл сан азайып, нағыз білім қуған қырық-елу бала қалатын еді. 

Жұма сайын жанына ересектеу бес-алты шәкіртін ертіп, таң намазынан соң зираттарды аралап құран оқитын. Жұма сайын мешіт жанында үлкен жеті қазанға ас пісіріліп, шүлен қазан таратылатын. Оны келген жұрттың бәрі құран оқып бөліп жейтін. Ештеңені рәсуә етуге жол берілмейтін. Бірде тары төккен бір шәкірт үшін бәрімізді жинап алып: «Ертең бақи дүниеде сендер заялаған әрбір дән бір-бір қошқарға айналып өздеріңді сүзеді. Астың құрметін әрқашан ұмытпаңдар»,- деп бәрімізге үш күн ораза ұстауға кеңес берген болатын.

Ахун мінезі сабырлы, салихалы жан еді. Көп сөйлемейді, шешіліп сөйлегенде де қорытындылап, нақтылап бір айтатын. Бітімі ірі, кесек денелі, қоңқақ мұрын, сақал-мұрты ақбурыл, өзі қараторы кісі. Жылда керуеншілермен Хиуаға кетіп, екі-үш айда айналып келгенінде түйеге теңдеп қағаз-қалам, кітаптар әкелетін. Шәкірттер де өрік-мейізге, әртүрлі базарлықтарға қарық болатын. Мешітке байлық жинамайтын. Шәкірттерді де байлығына емес, біліміне қарап бөлетін еді. Жағдайы келмейтін кедей балаларынан ақы сұрамайтын, тегін оқытатын. Тұрман деген кісі мешіттің малын бағатын. Сол малдан шәкірттердің қыстық азығына елу-алпыс қой, бес-алты жылқы, екі нар түйе күзде сойылып, ас үйдің қоймасына жиналып қойылады. Сол азықтан балтамен шауып алып тамақ дайындалады. Отын-шөпті алдын ала ел адамдары дайындап береді. Көшуге ауырсынған артық жүктерін де мешіттің қасына аманатқа тастап кететін еді.

Сұлтан ахунның кейінгі өмірі мен отбасы жайлы дәл мәліметтерді 1919 жылы туған қызы Қадиша апай әңгімелеп берді:

-Әкем 1867 жылы туған. Бәйбішесі Жұпар шешеміз балықшы адайдың қызы. Одан Талып, Насырұлла, атты екі ағамыз, Әзиза есімді апамыз болған. Әкемнің Жұмағазы деген інісі көкірек ауруынан қайтыпты. Жыл садақасын өткізген соң келіні Жаңылсын өз еркімен әкеме қосылған. Ол екеуінен Хабибулла, Сағидулла, Атағұлла, Бақтылы және мен туылдым. Бақтылы жастай шетінеп кетті. 1929 жылдан бастап әртүрлі қысымнан мезі болған ел ауыл-ауыл болып ойға қарай көше бастады. Әкеміз сабыр сақтап, мешітті қимай әрі-бері отырғанмен жалғыз үй тағы қала алмадық. Ақыры 1932 жылы ағайындар келіп Қоңыратқа алып кетті. Аз ғана дүние-мүлік, көтергенше кітап алып, қалған кітапты киізге орап мешіт ішіне көміп кеттік. Қоңыратта да негізінен қырдан түскен Кіші жүз қазақтары екен. Марқабайдың терегі деген жерде отырдық.

Әкемді діндар деп ұстап, тергеген ОГПУ қызметкері Мажитов деген «панисламист, түрік тыңшысысың» деп айып таққанда, «Шырағым, ондай жалаңды қой. Мұсылманша бала оқыттым. Алла жолымен жүріңдер дедім. Оның несі қылмыс?» деп сабырмен жауап беріпті.

Талып ағам 1934 жылы суға кетіп өлді. Әкеме естірте барғандарға «Топырағы осы жерден бұйырған ғой, жақында түс көріп едім. Қалғандарың елге қайтудың қамын қылыңдар» депті. Күздің аяғында көп адамды су жолымен Қазақстанға жібергелі жатқанда ахун қасындағы адамдарға «Япырау, мен осында қалуым керек еді ғой»,- деп айта берсе керек. Шынында да пароходқа мінгізсе қайта-қайта сөніп қала беріпті. Ызаланған уәкілдер ахунды түсірсе мотор жұмыс істейді. Мінгізсе қайта сөніп қалады. Ахунды қайтадан абақтыға апарып жабады. Арадан айға жуық уақыт өткен соң, қысқы ораза кезінде құран оқып отырып жан тапсырыпты. Түрме бастығы Төрехан мен милиция Естекбай келіп қазаны хабарлады. Оразымбет, Қонай, Қадірберген, Сағындық деген ағайындар түнде барып денесін әкеліп, ақ жуып арулап, дарияның жағасына апарып жерлеп келді. Келесі жылы он алтыға толған мені ағаларым ұзатты да, елге қарай көшіп кетті. Мешітке барса бәрі таланған. Мешітте алтын бар деп ойлаған шолақ белсенділер іші-сыртының бәрін қазып, көмілген кітаптарды да жойып жіберген екен. 1937 жылы Хабибулла Сұлухан деген қызға үйленіп, Нұрпейіс, Зибаш есімді екі сәбилі болғанымен екеуі де жастай шетінеп кетті. Отан соғысы басталғанда аурушаң Насырұлла жарамай қалған да, Хабибулла, Сағидулла, Атағұлла үшеуі де майданға аттанған. Хабибулла екі жылдай Ленинград майданынан хат жазып тұрды. Насырұлла аурудан айықпай 1946 жылы Жұрында қайтыс болды. Сұлухан жеңешем менің қолыма келіп бірнеше жыл тұрды да, артынан «Шаңырақтың отын өшірмеймін» деп, әкемнің басына ағайындар тұрғызып берген үйге барып түтін түтетіп отырды. 1975 жылы Тақиятас ауданында ел адамдары Сұлтан ахунға және майданда шейіт болған балаларына арнап үлкен ас берді.

Бұл мәліметтерді Дәулетбай ақсақал мен Қадиша апайдан басқа, Абыт ақсақал, 89 жастаға Иманғали Мыңбайұлы, 86 жастағы Айтжан Сатқанұлы сияқты қариялардан жазып алдым. Әрқайсысынан бөлек жазып алып, салыстырып, ежіктеп қайта сұрап отырдым. Жер-су, кісі аттары, оқиғалар көбіне дәл келіп отырды. Сұлтан ахун зираты қазір үлкен қабірстан, түгелге жуық қазақ бейіттері. Орналасқан жері Хожелі ауданының Пристань елді мекенінде, Әмудария өзенінің жағасында. Қарақалпақ халқында бір мәтел сөз бар: «Көңілің тасыса қабірстанды арала, көңілің жасыса дария бойын жағала» дейді. Ия, бұл қорымда небір тағдырдың тезінен өткен әртүрлі пенделер мәңгілікке бас қосқан. Ал өзінің бұрынғы тентектігінен арылған Әму де пенделер ұйқысын бұзғысы келмегендей баяу ағып барады...

Ел ішінде әртүрлі әңгімелер әлі де көп ақ. Кезінде халыққа рухани нәр берген, адамгершілік пен имандылыққа, ағартушылыққа үндеген кісілердің артында жақсы аты қалды, шәкірттері қалды. Сұлтан ахун шәкірттері де негізінен Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Қарақалпақстан мен Түркменстанға таралған. Сұлтан ахунның әдеби прототипі жазушы Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» романындағы Лабақ ахун бейнесінде берілген. Роман жазуға дайындық кезеңінде жазушы ел ішіндегі көпті көрген қариялардан 20-30 жылдардағы оқиғалар туралы тәмпіштеп сұрап кеткен екен. Солардың бірі менің атам Бақыт Бигелұлы. «Смағұл жиен келіп әңгіме сұраған соң, киіз үйді көлеңкеге тіктіріп, бір апта әңгімеге суардым ғой» деп күліп отыратын. 


Айшуақ Дәрменұлы, тарихшы 

(Мақала 1998 жылы жазылған)