Шамшәдин Керім атындағы аудитория ашылды
Нұр-Мүбарак университетінде алғашқы проректор, профессор Шамшәдин Керім атындағы аудитория ашылды. Аудиторияның тұсаукесеріне ректор, профессор Мухаммад әл-Жинди, проректор, доцент Қайрат Құрманбаев және шәкірттер тарапынан арнайы өкіл Болатбек Абуов қатысты.
«Университеттің алғашқы сәтінен 17 жыл бойы басқарған ғалым Шамшәдин ұстазымыздың осы білім ордасының қалыптасып, аяғынан тік тұруына атқарған еңбегі орасан. Білім тұрғысынан ғана емес, діннің өзін дұрыс түсінбеген қоғамда жоғары оқу орнын ашу, жаңа мамандық қалыптастырудың қиындығы айтпаса да түсінікті. Соның барлығын атқарып, қыруар қиындықтармен күресіп, еліміздегі Ислам ғылымының қара шаңырағының іргесін қалаған ғалымдарымызды кейінгі ұрпақ біле жүрсін, өнеге тұтсын деген ниетіміз болды» деді проректор, доцент Қайрат Құрманбев ашылу салтанатында.
Жаңа технологиялық мүмкіндігі мол LED экранды электронды тақта, ғалымның жеке монографиялық еңбектері мен кітаптары қойылған су жаңа аудиторияның ашылуымен профессор Ш.Керімнің шәкірті Қызылорда облысының бас имамы Болатбек Абуов арнайы құттықтады.
«Университет табалдырығын аттаған сәттен шәкірттердің маман ғана емес, адам, тұлға болып қалыптасуына ерекше мән берген ұстазымызға алғысымыз шексіз. Осыны ескеріп, тұңғыш проректор Шамшәдин Керім атындағы аудитория ашу жөнінде қазіргі ізбасары, шәкірті Қайрат Құрманбаев ұсыныс жасап, бұл кейінгі ұрпаққа өнеге болсын деп университет түлектері қолдау жасады. Ғылымға сіңірген еңбегі бір төбе, әрі ұстаз, әрі басшы Шамшәдин Тұрсынұлының атқарған еңбегіне тәнтіміз» деген Болатбек Ұласханұлы ұстазға шәкірттерінің сәлемін жеткізіп, иығына шапан жапты.
Электронды тақтада тарихи суреттерді тамашалап, уақыт шегінісіне саяхаттаған сәтте профессор Шамшәдин Керім естеліктерін бөлісіп, шәкірттеріне ризалығын білдіріп, алғысын жаудырды.
Сондай-ақ ректор, профессор Мухаммад әш-Шаххат ақ батасын беріп, барлығы естелік суретке түсіп, аудиторияда білім алатын шәкірттер арасынан өресі биік, ойы ұшқыр, білімі асқан ел игілігіне қызмет ететін тұлғалар шығуына тілектестік білдірді.