Шалқар: «Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында футболдан турнир өтті
ҚМДБ бекіткен 2023 жыл – «Ислам және ізгі қоғам» аясында Шалқар аудандық «Матай Қоқанұлы» мешітінің ұйымдастыруымен мешіт жамағаттары арасында шағын футболдан турнир өтті.
Сайыс әнұран айтумен басталды. Жарысқа «Матай Қоқанұлы» мешіті, «Жанаман ахун Сейітімұлы» мешіті, «Айбынды ағалар», «Жалынды жастар», «Иман», «Ихсан», «Мұхажирлер» және «Ансарлар» атты жалпы саны 8 команда қатысты.
Шара барысында Шалқар ауданының Бас имамы Абзал Медетбеков ҚМДБ бекіткен 2023 жыл – «Ислам және ізгі қоғам» аясында өтіп жатқан турнирдің мақсатын айтып, салауатты өмір салтын насихаттап, ауызбіршілік пен ынтымақтастыққа шақырып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Аталған турнир – ізгі қоғам құрудағы ислам дінін насихаттай отырып, бұқаралық спортты дамыту арқылы салауатты өмір салтына үлес қосу. Сонымен қатар жамағаттың ауызбіршілігін арттыру.
Ойын қорытындысы бойынша бірінші орынды «Иман» командасы иеленіп, оларға алғыс хатпен 20 000 теңгенің сертификаты табысталды. Ал ІІ орынды «Ансар», ІІІ орынды «Мұхажирлер» командасы иеленіп, оларға 10 000, 15 000 теңгенің сертификаты берілді.
Сонымен қатар жекелеген үздік ойыншыларға «Үздік ойыншы», «Үздік қақпашы», «Үздік қорғаушы», «Үздік шабуылшы» және де әдептілік танытып ойнаған ойыншылар үшін «Көркем мінезді ойыншы», «Сабырлы ойыншы», «Әдепті ойыншы», «Тәртіпті ойыншы», «Байсалды ойыншы» номинацияларымен марапатталып, сыйлықтар тарту етілді.
«Дені саудың – жаны сау» дегендей, жамағаттарды салауатты өмір салтына, ынтымақ пен берекеге шақыратын мұндай ойындар алдағы уақытта жалғасатынын ауданның Бас имамы айтты.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі