Шалқар ауданында мешіт жамағаты  табиғат аясына шығып, тағылымды демалыс өткізді. 3436

Шалқар ауданында мешіт жамағаты табиғат аясына шығып, тағылымды демалыс өткізді.

23 маусым 2024 885 Оқу 1 минут

ҚМДБ - ның жұмыс бағытының бірі "Дін мен дәстүр" бағыты аясында Шалқар аудандық «Матай Қоқанұлы» және қалалық «Жанаман ахун Сейітімұлы» мешітінің ұйымдастыруымен мешіт жамағаты өзара бас қосып, Шалқар көлінінің жағасында   демалып қайтты. Шалқар ауданының бас имамы Абзал Медетбеков мешіт жамағатымен бірге болып, жас болса да діннің ережелерін бекем ұстап, құлшылық қағидасын орындап жүрген мұсылман жастарға уағыз - насиxат айтты. "Жастардың діндегі рөлі" және "Ілім алудың маңыздылығы" тақырыбында болған уағызда бас имам Ислам тариxында болған жас мұсылмандардың өмірінен үлгі өнеге айтып, адамның жастық шағында жасалатын амалдардың берік те тәуекелі мықты, ықыласы мол болатынын жеткізді.

Мұсылмандардың бір – бірімен бауырмалдық қатынасын күшейту, салауатты өмір салтын ұстану мақсатында өткен игі шарада білім сайысы ,  садақ ату, ләңгі тебу, балалар ойыны, футбол ,арқан тартыс сайыстары ұйымдастырылды. Рухани шара  жамағатпен дастархан басында жалғасын тауып, жиналған жамағатқа уағыз – насихат айтылды. Сондай – ақ, жамағат көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, пікір алмасты.

Тартысты өткен додаға 5 команда қатысып,  жалпы ұпайлар бойынша жүлделі 1 – орынды «Жәннаттағы құрдастар» командасы иеленді. Ал, 2 – орынға «Қыран» командасы, 3 – орынға «Жастар» командасы ие болды. Жүлделі орын алған жеңімпаздар мен белсенді атсалысқан қатысушыларға арнайы дипломдар мен сыйлықтар табысталды.

 Бір-біріне деген бауырмалдықты күшейткен, Алланы еске алып, оған құлшылық етуді насихат еткен рухани отырысқа  70 – ке жуық мешіт жамағаты қатысып, ризашылықтарын білдіріп тарқасты.