Сұңғат САМЕТОВ. Жарғанаттан да, саясаттан да емес – өзімізден...
Коронавирус пандемиясы 2019 жылы желтоқсан айының ортасында көршілес «аспан асты» елінде орналасқан Ухань қаласының тұрғындары белгісіз пневмонияға шалдыққаны анықталған кезден басталды. Сол сәтте аса бір қауіпті көріне қоймағанымен, бүгінде Әлемді жалынды оттай шарпыған түсініксіз індетті түпкілікті зерттеуге барын салған зертханалар да, әзірге дертке дәру табар емес.
Бүгінде бұл аурудан айыққандар да, соның себебінен болған адам шығыны да аз емес. Ендігі жерде жұрттың арасында алып-қашпа әңгімелер де, түрлі пікірлер де жетерлік. Біреулер «зертханадан ұшып шыққан жарғанат» десе, енді біреулер «саяси астары бар індет» деп, дүрлігіп жүр. Алайда, жаратқан Хақ қасиетті Құранда: «Алла оларға зұлымдық етпеді. Бірақ, олар өз-өздеріне зұлымдық еткен еді» («Нахыл» сүресі, 33-аят) деп, осындай сындарлы сынақтың адамдардың өздері жасаған кінәсі себепті екендігін айтады. Бұл кеселді көбісі «кесірлік» деп, қоғамнан көреді. Шындығында, қазіргі адам қандай, қоғам сондай. Өйткені, қоғам адамнан тұрады, оның жақсы болуы да, жаман болуы да адамнан. Бүгінгі біздің тынысымыз не, тіршілігіміз не? Осыған бір шолу жасап көрейікші.
Біріншіден, «Әуелгі байлық – денсаулық» десек, Алланың берген алғашқы аманаты құлшылықтың да, тіршіліктің де ләззатын сезетін – тәнің. Абайша айтсақ: «Адам ұғылы екі нәрседен: бірі – тән, бірі – жан». Жан рахатын іздейміз деп, небір тәнді тоздыратын дүниелерді, мәселен, түрлі сауық-сайран, ішімдік, нашақорлық, зинақорлық, т.б. ерсі көрмейтін болып алдық. Қысқаша айтқанда, рухани тұрғыда азып-тоздық.
Шынында, адам денесінде жүрегінен басқа барлық мүшесі демалып, дамылдайды, себебі, тек қана жүрек үздіксіз соғып, тіршілік етуімізді тоқтатпай тұратын тәніміздегі ең басты мүшеміз. Жанның рахаттануы да – жүрек демалғанда ғана болмақ. Ал «оның демалысы неде?» деген сұрақтың жауабын, сол жүректі кілтипансыз жаратқан Алла былай деп береді: «Біліңдер! Жүректер Алланы еске алумен ғана жай табады». Осы аяттан жанымыздың да, тәніміздің де рахаты құдайға жасаған құлшылығымызда екендігін түсінеміз. Іле-шала алған дәретіміз бен оқыған ала-құла намазымыз, ұйқыда өткен таңғы намаздарымыз, бар бола тұра бөліспеген малымыз бен бермей жүрген садақамыз, күнәсі зіл батпан болған өтірік пен өсегіміз бүгінде жанымызға жай тапқызып жүр ме?!
Екіншіден, адамзатты жер бетіне халифа етіп жаратқан Алла, аманатына жасалып жатқан зор қиянаттың қайтарымын осындай сынақ беріп, кешірім бермей, ақыретке алып қалғандағы жағдайымыз қандай болмақ еді? Әлемдегі түрлі жаманшылықтар, адамдарға жасалған қаскүнемдік, жазықсыз жандардың төгілген қаны, табиғатқа жасалған қиянаттар, осының барлығы Алланың назарынан тыс қалды дейсіз бе сонда, әсте олай емес. Өйткені, Алла – құрлықтағы, теңіздегі нәрселерді білуші.
Айдалада ағаштан бір жапырақ түссе де, Алла оны біледі. Ибраһим сүресінің 7 аятында: «Егер шүкір етсеңдер, сендерге оны міндетті түрде арттыра беремін. Ал, егер күпірлік етсеңдер, шын мәнінде азабым өте қатты»,- деп ескертті. Ал Нахл сүресінің 112 аятында: «Алла (ғибрат аларсыңдар деп) мынадай ауылды мысалға келтірді: Ол ауыл бейбіт, мамыражай еді. Ризық-несібесі жан-жақтан ағыл-тегіл келіп жататын. Алайда, ол ауылдың халқы Алланың осынау нығметтерінің қадірін біле алмады (яғни, тұрақтылық пен ризық-несібеге, Алланың нығметтеріне күпірлік етті). Сөйтіп, Алла оларға қылықтарының салдарынан ашаршылық пен қауіп-қатердің шекпенін кигізіп, ащы дәмін таттырды» деп баян етеді.
Бүгінгі күнге дейін ғажайып, мамыражай, берекелі кезеңді басымыздан кешіріп жатқан едік. Алайда, Алланың берген сансыз нығметтерінің иесі бола тұра, шүкіршілік етпедік. Керісінше күпірлік қылып, астамшылыққа жол беріп қойдық. Сол себепті Алла Әлем халқының жүректеріне қорқыныш ұялатып, тыныштығымызды алып, бүгінде бір ел емес, бүкіл Әлем қатердің шекпенін киіп отырмыз.
Дерт беруші – Алла, оның дауасын да беруші тек қана өзі екендігі сөзсіз. Одан құтылудың басты жолы мүміннің негізгі қаруы – дұға және истиғфар. Алладан кешірім сұрау – истиғфар айтып, күнә жасауды қайтадан жалғастыра беру деген сөз емес. Алладан жүрекпен (көңілмен) де, тілмен де шынайы кешірім сұрау, өкініп, тәубе ету және енді сол күнәні енді жасамауға ниет ету – шынайы тәубе ету болып табылады.
Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Истиғфар (әстағфируллаһ) айтуды әдет еткен, көп оқитын адамды Аллаһ Тағала дерттерден, қиыншылықтардан құтқарады. Оны ойламаған жерден ризықтарға қауыштырады» (Бәйһақи), - дейді. Және де: «Күнә көңілде із қалдырады, тәубе және истиғфар еткенде ол дақ жойылады, көңіл тазарады» (Тирмизи), - деп те айтып кеткен.
Кешірім туралы Құран аяттарында: «...Алладан жарылқау тілеңдер. Шын мәнінде Алла, тым жарылқаушы, ерекше мейірімді» («Музәммил» сүресі, 20-аят) және «Раббыларыңнан жарылқау тілеңдер. Сонан соң Оған тәубе етіңдер. Ол сендерді белгілі бір мерзімге дейін көркем түрде пайдаландырады да, әрбір мәрхамет иесіне артық сыйлық береді. Егер жалтайсаңдар, расында сендер туралы ұлы күннің азабынан қорқамын» («Һуд» сүресі, 3-аят) деген. Аяттардан анық байқағанымыздай, истиғфар айтушының дұғасы қабыл, ал дұға – тілек, демек, Алла тілегеніңді қабыл алушы.
Алланың берген осы сынағының себебінен, бір-ақ сәтте жердің беті күл-қоқыстан, аспаны ала бұлттан тазарып, Әлемнің барлық түнгі жын-ойнақтары тоқтап, адамзат тәубаға келіп, бүкіл Әлем бір-біріне бауырмал боп, отбасылық қарым-қатынасы түзеліп, шын мәнінде бұл өмірде не нәрсенің маңызды екендігіне көз жеткізгендей. Абайша айтар болсақ: «Адамды сүй, Алланың хикметін сез. Не қызық бар өмірде, одан басқа?!»,- дегеннің кейпіне келгендей.
Ақиқатында мұсылман баласы жақсылық келсе – шүкір етіп, жамандық келсе – сабыр қылып, сауап алады. Өйткені, «Расында Алла – сабыр етушілермен бірге». Алла берер сынағын 100 жылда бір берсе де, 100 күнде бір берсе де, өз еркінде. Қазақ мәтелінде «Құдайсыз қурай да сынбайды» делінеді, бұл – біздің мұсылманшылық ақидамыз һәм қазақы сенім-нанымымыз.
Қалай болған жағдайда да, біз мұсылман болғаннан кейін, осынау бір қасіреттің себебін, жарғанаттан да, жапалақтан да іздемей, өзімізден іздеп, Алланың өзі Құранда үйреткен: «Уа Раббым! Расында мен өз-өзіме зұлымдық жасадым, мені кешіре гөр!» деген дұғасын жасап, жарылқау тілеп, жалбарынуымыз қажет.
Сұңғат САМЕТОВ,
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің
наиб имамы