РАНТ мүшесі Ақтөбеге келді
ҚМДБ «Діни оқу-ағарту» бағытының 2023 жылға арналған жылдық жұмыс жоспарына сәйкес, 1 апталық тәжірибе алмасу және уағыз-насихат іс-сапары бойынша Ақтөбе қаласына РАНТ мүшесі, Алматы қаласындағы «Орбита – 3» мешітінің Бас имамы Дастан Құрманбаев келді.
Аталған іс сапар Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлының облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде РАНТ мүшесін таныстырумен басталды. Ал ақшам намазының уақытында Алға ауданы, Бестамақ ауылындағы Ақтөбе медресе-колледжінің асханасында "Ислам және ізгі қоғам" жылы аясында ауызашарға жиналған жамағатқа яғни 350 адамға «Білімдіге дүние жарық» туралы насихат айтты.
Сонымен қатар Дастан Құрманбаев «Aqtobe» телеарнасындағы «Сәті түскен сұқбат» хабарында қонақ болды. Тікелей эфир барысында діннің қоғамға әсері қандай? бүгінгі қоғамның дерті, әлеуметтік желінің әдебі, саналы ұрпақ тәрбиелеу т.с.с туралы сүбелі сұхбат берді.
Одан өзге бесін намазында облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінде «Бірлік түбі – береке» тақыбырында уағыз айта келе, «Бірлік – тағылымы мол сөз. Қасиетті кітабымыз Құранда бірлік туралы көп жерде баяндалған. Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде де адамзаттың ауызбіршілігін уағыздаған. Жаратушы Иеміз «Әли Имран» сүресінде: «...Бөлінбеңдер», – деп әмір етсе, Оның Елшісі: «...Көпшілікпен бірге болыңдар! Бөлінуден сақтаныңдар», – деп, жамағатты, барша адам баласын мейірімділікке, ортақ мақсатқа үндеген»,-деді Дастан Жанасұлы.
Айта кетсек, РАНТ мүшесінің іс сапары 7 қыркүйекке дейін жалғасын табады.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз хатшысы