Отбасы құндылықтарын қастерлеу — бабалар аманаты 85

Отбасы құндылықтарын қастерлеу — бабалар аманаты

10 қыркүйек 2020 195 Оқу 1 минут

Мыңдаған жылдар бойы барша адамзат үшін отбасы — қоғамның тірегі, қоғамдағы мейірім мен ізгіліктің, береке мен бірліктің бастау көзі саналды. Бір шаңырақ астындағы ерлі-зайыптылар, бір әкеден өрбіген бауырлар түгіл, бесінші бәлкиалтыншы атадан қосылатын туыстардың арасына сызат түскеннің өзінде ел-жұрт ондайдан шошынып, қоғамдық пікір еш ымыраға келместен, бірауыздан айыптаған. Ата-бабаларымыздың әріден келе жатқан салт-дәстүрінде, олар ұстанған ислам дінінде ерлі-зайыптылар арасындағы, ата-ана мен перзент арасындағы сыйластық, отбасы бірлігі кеңінен насихатталады.

Облысымыздың бас имамы Төлеби Оспанды біз осы тақырыпта сұхбатқа шақырған едік.

— Бұрынғы ата-бабалар дүниетанымында, олардың ұстанған салт-дәстүрінде отбасы — имандылықпен егіз ұғым, имандылықпен пара-пар құндылық еді. Біз ол түсініктен алыстап бара жатырмыз…

— Иә, отбасы — қоғамның тірегі,қоғамның салауаттылығы отбасының тұрақтылығына тікелей тәуелді. Қазақ халқы ежелден отбасы құндылықтарын ерекше қастерлеген. Дастарқан басындағы әке мен ұл, ата мен немеренің әңгімесі және ене мен келіннің байланысы үлкен тәрбиелік мектеп үлгісін бейнелейді. Дастарқан төңірегінде отбасы институты қалыптасып, ата-баба салты мен дәстүрі әкеден балаға беріліп келді. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», «Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің», «Қарты бар үй — қазына» сынды өнегелі сөздер — соның бір айғағы. Келін түсіріп, қыз ұзатып, құда болу салты жарасымды отбасының алғышарты еді. Осылай көтерілген шаңырақ баянды некенің кепілі болды. Үйлену мәселесітек екі жастың ғана шешімі емес, тұтастай екі әулеттің ортақ ымырасы еді. Бұл — асыл дініміздің һәм ата дәстүріміздің сара жолы. Қазақ әлмисақтан әкесіз қалған баланы жетімсіретпейтін. Ұл ержетіп, қыз бойжеткенше бүтіндей әулет қамқорлығына алатын. Ал әкесі бар бола тұра, тірі жетім болу деген тіпті атымен болмаған еді.

—Осы қазақи болмыс пен мұсылмандық міндетке бүгінде неліктен қылау түсті?

— Бұл ерлі-зайыптылардың өз міндетіне жауапкершілікпен қарай алмауынан туындап отыр деп ойлаймын.

Пайғамбар өсиетінде: «Сендердің әрбірің — бақташысыңдар. Ер кісі — отбасының бақташысы. Ол бала-шағасына жауапты. Әйел — күйеуінің үйіне және балаларына бақташы. Әйел осыларға жауапты. Шаңыраққа жауапты», — деген. Ер адам отбасының асыраушысы ретінде өз жауапкершілігін сезінуі, ал әйел отбасының ұйытқысы болып, күйеуінің дүниесі мен сырын сақтауы тиіс. «Төркіні жақынның төсегі жиналмас» демекші, қазіргі таңда телефон төркінді тіптен жақындатып жіберді. Келін күнде анасына үйдегі жағдайдың бәрін баяндап отырады. Жеткізілген хабар бірде жағымды болса, енді бірде анасы үшін жағымсыз болуы мүмкін. Жағымсыз жайттар ананың жүрегіне қаяу түсіреді. Сосын екі жастың ортасына түсіп, арты ұрыс-керіске айналып, оған құда-құдағи кірісіп, соңы үлкен дауға ұласып кетеді. Сондықтан үйдегі кейбір сақталуы тиіссырларды келіннің, тіпті анасына да айтпауы көп пәленің алдын алады.

Әйел адам күйеуінің табысымен санасуы қажет. Оның қолынан келмейтін материалдық жағдайды талап етпеуі тиіс. Ер адамды қылмысқа итермелейтін жайттардың бірі — әйелдің қанағатсыздығы. Нәзік жандылар өткінші өмірдегі алдамшы тілектерге ерік беріп, күйеуінен басқалар кигенді кигіз, басқалар ішіп-жегенді тап деп талап етеді. Мұндай жағдайда кей ер адамдар пара алуы,ұрлық жасауы немесе басқа қылмысқабаруы да мүмкін. Олай болмаған күннің өзінде де отбасының шырқы бұзылады, береке кетеді. Сол себепті, қазір әйел адамдардыңосы мәселеге тереңірек үңіліп, жіті мән бергені жөн.

— Бұрын қазақ арасында ажырасу ілуде бір кездессе, қазір ажырасушылардың 100 мың адамға шаққандағы «үлесі» жөнінен еліміз әлем бойынша тізім басындағы ондыққа енді. Ажырасу ұлттық қасіретке айналды. Ажырасудың күрт көбеюінің себептері неде?

— Жас жұбайлар некелескен сәтте қалыңдық өзін «табыс еттім» деумен және күйеу жігіттің «қабыл еттім» деуімен некенің басты шарты орындалады. Бұл сөздер бұрын әкесінің жауапкершілігінде болған қызды некелесу арқылы ер-азаматтың аманаттап алып отырғанын білдіреді. Ер-азамат ең алдымен осы жауапкершілікті сезінуі керек. Өйткені адам түгіл,судың да сұрауы бар.

Кеше ғана сүйіп қосылған адамдар арада жыл өтпей жатып неге ажырасады? Өйткені қазір құндылықтардың орны ауысып кетті. Шаңырақ көтеріп жатқан жігіт пен қыз өздеріне тиісті міндеттерін білуі қажет. Дұрысында бұл алдымен ата-ананың тәрбиесінде көрініс табуы тиіс. Пайғамбарымыз: «Әйелдердің сендерге қатысты міндеттері бар. Сондай-ақ, сендердің де әйелдеріңе қатысты міндеттерің бар», — деген. Қазір үйленгелі отырған жастарды сөзге тартып, «үйлену дегенді қалай түсінеді?» деп барласаңыз, «елде жоқ той өткізу, той киімін таңдау, жақсы мейрамхана, ең ұзын лимузин жалдау», әйтеуір бір күндік қызық үшін «ананы алсам, мынаны алсам» деп аласұрып жүргенін көресіз. Бұлардан бұрын ең алдымен отбасылық өмірдегі міндеттерін меңгеруге бас ауыртуы қажет екені мүлде ұмыт қалған.

— Исламда көп (төрт) әйел алуға рұқсат етіледі. Бүгінгі күні, өкінішке қарай, бұл да ажырасу оқиғаларының көбеюіне соқтырған факторлардың біріне айналған секілді. Көптеген ер-азаматтар тым жақсы отбасы, бала-шағасы бар бола тұрып, өзін екінші әйел алуға құқылымын деп есептейді, мұның соңы ерлі-зайыптылар арасының сууына апарады.

— Иә, дініміз бұған рұқсат етеді. Бірақешкімді көп әйел алуға міндеттемейді. Екінші әйел алудың өз жауапкершілігі бар. Базбіреулер сол жауапкершілікке мән бермей, ондай қадамғатек нәпсіқұмарлық жетегінде жүріп барады. Кейбіреулер «екінші отбасын жасырын ұстауға болады» деп те ойлайды. Жеңгемізден жасырып, «тоқал» алған бір кісі: «Күнде үйге келе жатқанда, «бүгін не деп өтірік айтсам екен» деп, қулық ойлай бастайсың. Қысылғанда, күнде бір өтірік ойлап табасың. Бірақ сол үшін ақыры өз-өзіңнен жиіркеніп кетеді екенсің» деп мұң шаққан еді. Қазақта «Екі сиыр — айран, екі қатын —ойран» деген сөз бар. Шариғат талабында екінші әйел алу ешқашан отбасының шырқын бұзуға себеп болмауы керек. Өйткені Құран қағидаларында тоқал алу бірінші отбасын тастап кетуге құқық береді деп жазылмаған.

— Сонымен қатар «екінші әйел етіп алады» деген «үмітпен» отбасылы адамға алданып қалып жатқан қыздардың тағдыры да бар…

—Сөзіміздің басында құда түсу, қыз ұзату, сырға салу жөнінде айтқан едім. Міне, бұның барлығы да ұлтымыздың отбасын құру мәселесіне асқан жауапкершілікпен қарайтынын көрсетеді. Қыз бала, ең алдымен, өз шаңырағынан пәк күйде, әкесінің батасын алып, болашақ күйеу жігітке ұзатылуды ойлауы керек. Жар таңдау — өте жауапты іс. Қазақта бұған атүсті қарау деген болмаған. Кейде мешіттегінеке қию рәсіміне жастар ата-анасыз, өздері ғана келіп жатады. Мұндай маңызды сәтте ата-ана ұл-қызының жаңа қадамын қолдап, қасынан табылуы тиіс емес пе?! Баласы үшін өмірінде бір-ақ рет болатын, ең маңызды сәт. Осы сәтте ақ тілегін арнап, ақыл-өсиетін айтсын. Әсілінде, ата-ана баласының некесі қиылмастан дабұрын,оның жақсы жар таңдауына тікелей дәнекер болуы тиіс қой?

— Қазақ халқы тектілік мәселесіне зор мән беріп, тек адал некеден ұрпақ өрбітуді көздеген. Ал бүгінгі күні некеге тұрмайтын «азаматтық отбасылар», 30-40 жасқа дейін тұрмыс құрмаған қыздарды «өзі үшін» бала туып алуға үгіттеу жағдайлары кездеседі…

— Өкінішке қарай, қазір жалпы адамзат баласында: «Мен ешкімге тәуелді емеспін, еркексіз, яки әйелсіз өмір сүре аламын» деген жалған пікірді, астам көзқарасты ұстанушылар қатары арта түсті. Көп жағдайда «материалдық мәселеде ешқандай мұқтаждығым жоқ. Сондықтан ешкімге тәуелді емеспін» деген пікірді ұстанатындар осындай қадамға барады. Алла Тағала барлық жаратылыс иесін жұп-жұбымен жаратқан. Әр нәрсе өз жұбымен жарасымды. Бұл — Жаратқанның заңдылығы. Сондықтан мәселе тек қана материалдық тұрғыдан шешілмейтінін де ойда ұстаған абзал.

Құранда: «Зинаға жоламаңдар» деген аят бар. Аяттағы «зина» деген сөз —адамның аты емес. Зина — некесіз қарым-қатынас жасау. Құран, яғни Алланың сөзі адамзат баласын некесіз қарым-қатынасқа апаратын барлық істерден тыйып отыр. Некесіз қарым-қатынас — үлкен күнә. Осылайша күнәға кіріптар бола тұра, «бала таптым» деп мақтанып-шаттанамыз… Тіпті ұлан-асыр той да жасаймыз…Ол аздай, «мен өмірімде біреуді алдап-арбап, кісінің ала жібін аттаған емеспін» деп ақталамыз…

Әрине, мұндай оқиғалардың орын алуына тек қана әйел заты кінәлі деуге болмайды. Бұл жерде таяқтың екінші ұшы да бар. Ол — жат ұяны жағалайтын көкек еркектер. Яғни Алла Тағала алдындағы, қоғам мен ұрпақ алдындағы жауапкершілік те, айып та екеуіне теңдей бөлінеді.

Нағыз ер-азамат деген атқа әр қыз-келіншекке өзінің жары, қызы, туған әпке-қарындасындай қарай білетін жандар ғана лайық.

— Халқымыздың дүниетанымы, сонымен бірге дініміз де ер-азаматты қоғам мен отбасындағы жетекші тұлға ретінде айқындайды. Бірақ соңғы кезде көптеген отбасыларда бар жауапкершілік әйелдің мойнына жүктелгендей сезіледі. Тіпті баласы дүниеге мүгедек боп келсе, оны әйеліне тастап, қашып кетіп жатқандар да бар. Әлде біз ұл баланың тәрбиесін ақсатып алдық па?

— Ер-азаматтар әдетте Құрандағы: «Ер адамдар әйелдерге басшы» дегенді оқып, оны отбасындағы әр істе алға тартады. Алайда көпшілігіміз бұл аяттың жалғасына аса мән бере бермейміз. Шынтуайтында, ер-азаматтың үстемдігі әйелге әлімжеттік жасауда емес. Аяттың жалғасында ер адамның үстемдігі — әйелге мәһр беруі мен отбасы нәпақасын табу сынды маңызды жауапкершілік арқалауында деп толықтырылады.

Шариғатта ауыр күнәнің бірі — өзінің жауапкершілігінде болған жандарды қараусыз қалдыру. Бұл жайында хадисте: «Ер кісіге өзінің асырауында болғандарға қарамай қоюы күнә ретінде жетіп артылады», — деп ескерту жасалған. Демек, адам баласы Құдай сүйетін қанша игі амалдар жасай тұра, отбасының жауапкершілігін сезінбесе, бұл оныңАлланың алдында күнә арқалауына жеткілікті болады.

— Отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатында мешіттер тарапынан қандай істер қолға алынды?

— Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен барлық облыстық мешіттерде, оның ішінде Ақтөбеде де «Отбасы мәселелері бойынша кеңес беру» орталығы ашылды. Мұнда тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтар бойынша діни мамандардан кеңес алады. Мәселен, өткен жылы мешіттегі орталықтың ақыл-кеңесіне 865 адам жүгінген.Орталыққа көп жағдайда отбасының шырқы бұзылып, бір-бірімен түсінісе алмай жүрген ерлі-зайыптылар келеді. Оларға өз міндеттерін түсіндіріп, орын алғанкеліспеушілікті шешуге жәрдем береміз. Біз осы түсіндіру жұмыстары арқылы ажырасудың алдын алып, ерлі-зайыптылардың арасындағы татулық пен сүйіспеншіліктің сақталуына үлес қоса алсақ, мақсатымыздың орындалғаны деп білеміз.

Әңгімелескен Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.