Облыстық мешітте мүмкіндігі шектеулі жандарға ауызашар берілді
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде облыстың Бас имамы Серікжан Еншібайұлының бастамасымен, дін жанашырының демеушілігімен қасиетті Рамазанның құрметіне орай мүмкіндігі шектеулі 70 адамға, жалпы 250 адамға ауызашар берілді. Сондай-ақ ауызашарға көпбалалы аналар қатысты.
Сауабы мол игі басқосуда Ақтөбе облыстық мүгедектер қоғамының мүшелері құрметті қонақтар қатарында болды. Сонымен қатар ауызашарда облыстың наиб имамы Нұрбол Смағұлов қасиетті айдың қадір қасиеті мен ұлылығына тоқталып, бұл айдағы дұға-тілектеріміз қабыл болып, елімізге тыныштық, халқымызға амандық болуын тіледі.
Одан өзге облыстық мүгедектер қоғамының мүшелері ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, тілектерін айтты. Ауызашарды «Зекет және қайырымдылық» қорының өңірдегі жауапты өкілі, наиб имам Алмат Әли жүргізіп, өнерпаздар салт-дәстүрді жаңғыртып, жарапазан айтты. Жыршылар мен термешілер мүмкіндігі шектеулі жандардың көңіліне демеу болып, мерекелік қуанышты көңіл күй сыйлады. Шара соңында мүгедектер қауымдастығы мен аналар «Зекет және қайырымдылық» қорының жауапты өкілі Алмат Әлиге алғыстарын айтып, жыл сайын қол ұшын созып, назардан тыс қалдырмайтынын тілге тиек етті.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі