Облыстық мешіт Қадір түнін атап өтті
ҚМДБ Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешіті Қадір түнін ерекше дайындықпен атап өтті. Өйткені бұл — күллі мұсылман қауымының асыға күткен ұлық түні. Бір қуантатыны — ақшам намазы кірісімен ауыз ашар дастарханына қатысып, Қадір түнін мешітте өткізу үшін Алла үйіне жиылған жамағаттың қарасы көп болды. 500 адамға ауызашар, 1000 адамға сәресі берілді. Сонымен қатар облыстың Бас имамы Серікжан Еншібайұлы жиналған көпшілікті Рамазан айындағы ең ерекше түн — Қадір түнімен құттықтап, айтулы түннің қадір-қасиеттерін атап көрсетті. Одан өзге жамағатқа арнап викториналық ойындар өткізіліп, сыйлықтар таратылды. Имамдар таң атқанға дейін жамағатқа уағыз-насихаттар айтты. Арнайы Қадір түні ретінде лэд экран арқылы тікелей қосылым жасалып, мешітте өтіп жатқан шараларды көру мүмкіндігі қарастырылды. Ұлық түннің құрметіне орай күндіз Ақтөбе облысының жамағаты арасында «Қасиетті Құран» атты Құранның 30-шы парасын жатқа оқудан білім сайысы өтті. Сайыс барысында қатысушылар Құранның 30-шы парасын жатқа әрі қатесіз оқу бойынша бақ сынасты. Алдын ала хабарландыру нәтижесінде 30 азамат сайысқа қатысуға ұсыным білдіріп, тіркелді. Олардың арасында іріктеу кезеңі өткізіліп, ақтық кезеңге 10 азамат жолдама алды. Құран жарысына қатысушыларды «Ақжар» қайырымдылық мекемесінің (қарилар орталығы) директоры, облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Бекжан қари Әлденов, Ақтөбе қалалық мешітінің наиб имамы Ерәлі қари Құлмағанбетұлы және Бекзат қари Тасбулатов т.б әділқазы ретіндде сараптады. Дода нәтижесі бойынша: I орынды иеленген қатысушы Ұмра қажылығына жолдама алды; II орынды иеленген қатысушы 250000 теңге қаржылай сыйлық табысталды; III-орынды иеленген азаматқа 150000 теңге қаржылай сыйлыққа ие болды. Ал ақтық кезеңге өткен 7 азамат ынталандыру мақсатында бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сайыс жеңіпаздарын Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлы құттықтады. Мың айдан да қайырлы Қадір түнінде облыстық орталық мешітінде ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының бастамасымен «Ел үлесі пәтерге» жобасы аясында ұлық Рамазан айында «30 күнде 30 баспана» республикалық акциясы негізінде Ақтөбе қаласында мүмкіндігі шектеулі, жалғысбасты, мүгедек балалар асырап отырған 3 отбасыға және 1 ауыл имамына, жалпы 4 баспана табысталды. Аталған игі шара өңірдегі «Зекет және қайырымдылық» қорының атсалысуымен жүзеге асты. Ауызбіршілік танытқан дін жанашырларына алғыс айтып, жасаған жақсылықтарыңыз өздеріңізге еселеп қайтсын деп тілейміз! Еске салсақ, облыстық «Нұр Ғасыр» мешіті мен өзгеде мешіттерде қасиетті Қадір түні Құран хатым аяқталды. Ал облыстың Бас имамы Серікжан Еншібайұлы елімізге тыныштық пен татулық тілеп, Құран Хатым дұғасын жасап, қариға алғыс білдірді. Тарауих және таспих намаздары оқылып болған соң облыстық мешітте тарауих намазын өткізген қариға арнайы сый-құрмет көрсетілді. Алла Тағала Қадір түнінде жасалған барлық дұға-тілектер мен ұстаған оразаларымызды қабыл етсін!
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі