«Нұр Ғасыр»: Әйел жамағатына арналған семинар өтті
Бүгін әйел жамағатының сауатын жетілдіру мақсатында ҚМДБ «Халал Даму» мекемесінің Ақтөбе облысы бойынша жауапты өкілі Жарасхан Әбдісаламов пен ҚМДБ «Әйел-қыздар» секторының ұйымдастыруымен облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде «Адалдан болсын асыңыз» тақырыбында семинар өтті.
Семинарды «Халал Даму» мекемесінің технолог-маманы, медицина маманы Айзат Сатаева жүргізіп, адал асты тұтыну – бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселе екенін тоқталды.
Еліміздегі күллі мұсылмандар мен қарапайым әйел тұтынушыларға пайдалы білім беру мақсатымен ұйымдастырылған семинарда халал өнімдер технологиясы, Е тағамдық қоспалар, халал медицина, дәрі-дәрмек, халал диета төңірегінде сөз қозғалды. Сондай-ақ адал ас ішудің исламдағы, жалпы адам саулығына пайдасы хақында айтып өтті.
«Адал ас – ұлттық, елдік мәселе. Халал өнім – ел болашағын ойлаған әрбір азаматты алаңдатуға тиіс. Кезінде бұл мәселеге мойын бұруға мүмкіндік болмады. Ал, қазір тәуелсіздігімізді, елдігімізді халалмен байланыстыру деңгейіне көтеріп келеміз. Аллаға шүкір, бұл – тәуелсіздігіміздің арқасында келген өлшеусіз сый. Сол себепті, осы мол мүмкіндікті пайдаланып, отандық халал индустриясын дамытуға барынша ат салысуға тиіспіз»,-деді технолог-маман Айзат Сатаева.
Шара қортындысында қыз-келіншектер күнделікті өмірде тұтынып жүрген заттар, дәрі-дәрмек пен астың халалдығына байланысты Айзат Сатаева сұрақ қойып, тұшымды жауап алды.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі