НАУРЫЗБАЙ ҚАЖЫ ТАҒАНҰЛЫ ӘЛ-АЗҺАР УӘКІЛІ МҰХАММЕД АД-ДУИНИМЕН КЕЗДЕСТІ
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Мысырға сапары барысында әл-Азһар уәкілі Мұхаммед ад-Дуинимен кездесті.
Кездесуде Мысырда діни білім алып жатқан қазақстандық шәкірттердің жай-күйі сөз болды. Уәкіл Қазақстан мен Мысыр арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуымен құттықтады. Сондай-ақ ол әл-Азһар шейхы Ахмет Тайыптың сәлемін жеткізіп, екі елге қатысты ортақ мәселелердің оң шешімін табатынына сенім білдірді.
«Биыл Қазақстан мен Мысыр арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толды. Бұл – үлкен белес. Алайда екі ел арасындағы байланыстың тарихы тым әріде, тереңде жатыр. Алтын орда хандары мен Мәмлүк сұлтандары арасындағы бауырластық байланыс бүгінде әлі де жалғасып келеді. Мысыр мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық бұдан ары дами береді деген сенімдемін» деді Мұхаммед ад-Дуини.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қазақстандық шәкірттердің Мысырдағы атақты әл-Азһар университетінде, Тіл орталығында оқығысы келетінін алға тартып, осы бағыттағы бірнеше нақты ұсынысын жеткізді. Атап айтқанда, Нұр-Мүбарак университетінде екі жыл оқып, қалған екі жылды Мысырда жалғау жайлы ұсыныс білдірді.
Мұхаммед ад-Дуини бұл жайлы: «Сіздің ұсынысыңызды қыркүйекте өтетін әл-Азһар университетінің Қамқоршылар кеңесінің жиынына ұсынамыз. Одан бөлек Мысырда қысқа мерзімді түрлі курстар бар. Осы курстар арқылы да қазақстандық шәкірттер қосымша білім ала алады», – деді.
Сондай-ақ Бас мүфти Мысырдағы студенттердің алаңсыз білім алуына жағдай жасау мақсатында жатақхана салу мәселесін көтерді. Уәкіл бұл ойды қуаттап, жәрдем беретінін жеткізді. ҚМДБ Төрағасы Мысырдан Республикалық ақпараттық-насихат тобы (РАНТ) мүшелеріне арналған арнайы дәрістер өткізіп, тәжірибе алмасу мәселесін де алға тартты. Уәкіл мұндай қысқамерзімді курстардың тиімді және барлық шығынды өтеуге даяр екенін жеткізді.
Басқосу нәтижесінде тараптар екіжақты ортақ жобаларды жан-жақты қолдайтынын мәлімдеді. Кездесу соңында Бас мүфти әл-Азһар уәкілін елімізде өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер дидерлерінің съезіне шақырды.