ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігі жастар күніне арналған онлайн семинарға қатысты
Елордада ҚМДБ Жастар ісі секторының ұйымдастыруымен «Жастық шақтағы кемелділік» тақырыбында онлайн форматта республикалық жастар семинар-тренингіне ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігі қатысты.
Халықаралық жастар күніне орай ұйымдастырылған семинар мақсаты – Жастардың ішкі потенциал мен шығармашылық қабілеттерін арттыру және өзін-өзі дамытуға алғышарттар беру мен жастар арасында ихсан ілімін насихаттау.
Семинарда жастардың арасында танымал дін, спорт, психология және тұлғалық даму саласы бойынша кәсіби мамандар, атап айтқанда, ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат қажы Ағыбайұлы, Жастар ісі секторының меңгерушісі Әділет Рахымұлы, абайтанушы «Толық адам және 4 даму» жобасының авторы Ернат Мелсұлы, Нұр-Мүбәрак Египет ислам мәдениеті университетінің оқытушысы, PhD докторант, исламтанушы Әбілқайыр Мәдиұлы, «Qsport» жобасының жетекшісі, спорт жаттықтырушы Жандос Абумуталифұлы мен психология ғылымдарының магистранты, жас психолог Ақторғын Даниярқызы баяндама жасады.
Аталған семинар-тренингке ZOOM платформасында 200-ге жуық адам қатысса, МУФТИЯТ ҚМДБ Youtube каналы мен @muftiyatkz инстапарақшасында тікелей эфирден оқырмандар мен көрермендер көре алды.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі