«Ұлы халықтың Ұлы Абайы» атты байқау өтті
Шалқар аудандық «Матай Қоқанұлы» мешіті мен Шалқар аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай «Ұлы халықтың Ұлы Абайы» атты байқау өтті.
Жарысқа Шалқар аудандық «Матай Қоқанұлы» мешітінің жазғы сауат ашу курсында тәлім алып жатқан шәкірттері қатысып, Абай Құнанбайұлының өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқудан бақ сынады.
Игі шарада Шалқар ауданының бас имамы Абзал Медетбеков Абай мұрасының өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі орнына тоқталып, оның шығармаларын оқыту арқылы жас буынды адамгершілікке, әділдікке, білім мен еңбекке баулудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ, жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, осындай игі бастамалардың жалғасын табатынына сенім білдірді.
Шара барысында «Шалқар аудандық мәдениет үйі» МКҚК-нің қызметкерлері рухани шараның басты мақсаты — ұлттың рухани ұстазы Абай Құнанбайұлының шығармашылығын жас буынның санасына сіңіру, көркем сөз арқылы тәрбиелеу, сондай-ақ оқушылардың сөйлеу мәдениеті мен сахналық шеберлігін арттыру екенін атап өтті. Мәдениет үйі ұжымы іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне белсене атсалысып, оқушыларға рухани серпін сыйлады.
Жарыс қорытындысы бойынша Бас жүлдені Жұмахан Абдулқадыр иеленді. Жүлделі І орынға Қондыбай Абдулғафур мен Шапағат Жалғасұлы, ІІ орынға Диас Ұзақбай мен Расул Жарқынбай, ІІІ орынға Исмаил Мәжиев, Нұртілек Жұмалин, Арсен Құрманғалиев және Абдурахман Омар лайық деп танылды. Жарыс жеңімпаздары арнайы алғыс хаттар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі