Ұлттық құндылықтар – ұлт қорғаны 478

Ұлттық құндылықтар – ұлт қорғаны

21 сәуір 2023 9467 Оқу 1 минут

Бүкіл жаратылыс атаулыны өз құдіретімен, шексіз сүйіспеншілікпен жаратқан Аллаға сансыз мақтаулар болсын. Пайғамбарымызға (с.ғ.с.), оның жанұясына, сүйікті сахабаларына және осыларға ізгілікте ерген барша момын мұсылмандарға Алла Тағаланың салауаты мен сәлемі болғай!

Ұлттық құндылық – ел бірлігі. Ұлттық құндылықтардың әрбір елде өзіндік алатын орны бар. Сол секілді, дәстүрлі қазақ қоғамы үшін де ұлттық құндылықтар мен діни құндылықтар ажырағысыз байланыста болып табылады. Бірақ, соңғы уақыттарда ұлттық мүдде мен діни мүддені бөліп қарастыратын, ортамызға от ала келген қауіпті діни ағымдар пайда бола бастады.

«Ар-намыссыз – ұлттық сана мен ұлттық намыс та тұл» деп елбасы айтқандай ар-намыс, абыройдың қадірін ұғына білген ата-бабаларымыз бізге осыншалықты кең-байтақ жерімізді аман-есен жеткізіп, ең басты байлық - дін дәстүрімен көркемделген теңдессіз ділімізді, ұлттық болмысымызды, салт-сана, әдет-ғұрпымызды атаның батасымен, ананың ақ сүтімен бойымызға дарытты. Қазақ сол бойына дарыған тәрбие мен салт-дәстүрді сақтап келе ме?! Әлде діни ағым арбауында қалып, одан шығудың жолын таба алмастай шырт ұйқыға кетті ме? Жасыратыны жоқ, бүгінде бәрі болмаса да қаншама халық жат ағымның жетегіне кетуде... Елімізде протестанттық және неопротестанттық діни ағымдардың миссионерлік қызметтері ұлттық құндылықтарымызға, халықтың ауызбіршілігі мен ынтымағына кері әсерін тигізе бастады деуге болады. Халықтың әртүрлі діни ағымда болуы ұлттық тұтастықты сақтауға үлкен қауіп төндіреді. Діни ағым өкілдері өздерінің нанымдарын таратуда көптеген әдіс-тәсілдерді пайдаланып жатыр. Бұл ағымның қатарына «Елуіншілер», «Евангелшіл христиандар», «Жетінші күн адвентистері», «Иегова куәгерлері», «Біріккен шіркеуді» атап айтсақ болады. Олар заң аясында тіркеліп, жария түрде мемлекетке қарсы келмей, жақсы жұмыс атқарып жатқандай көрінгенімен, астарлы түрде көптеген жұмыстарды жүзеге асырып жатыр. Бұған мысал ретінде, қазіргі қайырымдылық қорларының көбейіп кетуін және сол арқылы өздеріне жақтастар тауып жатқанын айтуға болады. Бәрінен қауіптісі – ел болашағы жастардың сәләфизм, уаһабизм сияқты діни бірлестіктер мен протестанттық ағымның арбауына түсуі және олардың ислам дінінің атын жамылып ғаламтор арқылы жастардың санасын улап, тұзағына түсіруі.

Сондай ағымдардың бірі – «Біріккен шіркеуге» тоқталатын болсақ, оның негізгі мақсаты – адамзатты өз дініне кіргізу екенін көре аламыз. Оның негізін қалаушы Мун осы мақсатқа жету үшін барлық әлемдік діндерді, мемлекеттерді, зайырлы құрылымдарды біріктіріп, өзінің билігіне мойынұсыну керек деп санайды. Бұл ағымға кірушілерге өзінің қаны қосылған шарап ішкізіп, өзіне халықты тәуелді еткізеді. Ата-анасынан гөрі Мунды артық санап, туыстық қарым-қатынасты үзуге дейін барады. Олар аралас некені жақтайды. Үлкен-кіші, қазақ-орыс демей, бір-бірімен Мунның таңдауы бойынша некелестіреді. Ал біздің қазақта ұрпақ саулығын, қан тазалығын, тектілікті сақтаудың ең ұлы әрі сенімді жолы ретінде жеті атаға толмай қыз алыспаған. Бұл жалған христиандық синкреттік секта гипноз, сиқыр әдістерімен қатар шаманистік сипаты көп бола тұра Қазақстанда тыйым салынбаған. 1999-2003 жылдың өзінде 3 ұйымы тіркеліпті. Адамдарды зомбиге айналдыруды қалайтын бұл топтың ұлттық құндылығымыз бен салт-дәстүрімізге үлкен қауіп төндіргенін көре отырып, қара домалақ қазақ балаларының сол жерге өздері барып, ұлттан алыстауы ұлт болашағының жойылуына үлкен қатер. Осы жағдайда Шерхан Мұртаза ағамыздың сөзі есіме оралып отыр: «Ұлттығыңды жойып, тіліңді кесіп, аузыңды буа берсе – қорқақ та боласың, бүгежек те, именшек те боласың». Шынында да, бұл адамды терең ойға салатын жайт.

Діннің атын жамылған жат ағымдардың мүшелері діни сауаты төмен, әлеуметтік тұрмысы нашар жастарымызды өз қармақтарына түсіру үшін сенімсіз, тұйық , кісі киік мінезді жастарды таңдайды. Өздерінің айтқандарына толық сенім тудырарлықтай әңгімелер жүргізу арқылы оларды тартуды мақсат етіп, өздерінің байсалдылығымен және ертеңгі күнге деген сенімділігімен сендіруге тырысады. Өздерін ақиқат жолындағы шынайы діндарлар етіп көрсетіп, отанына, отбасына, дәстүрлі дінімізге, салт-дәстүрімізге күдік келтіріп, қарсы қояды. Адамдарды тарту ашық түрде жасалынбайды. Алдымен оның сеніміне кіріп, содан кейін дәрменсіз қалған адамды өзіне тартып алады.

«Ел боламың десең – бесігіңді түзе» демекші салт-дәстүрімізбен, әдет-ғұрпымызды жастардың бойына сіңіріп, ұлттық құндылықтарымызды қайта жаңғырту қажетпіз. Қоғамдық жағдайлар күн өте ауысқан сайын ұлттық құндылық дағдарысы басым болып келеді. Бұл дағдарыс ой дағдарысына әкеледі. Ұлттық құндылықтардың қорғаны - тіл. Тіл – ұлттың біртектілігін сақтаудың бірден бір жолы. Тілдің жойылуы – ұлт жойылуының негізі. Осы ұлттық құндылықтарды жойылуына әсер етуші діни ағымдар тобы болып саналады.

Ұлттық құндылықтар жойылуының себептерін ашып айтар болсақ:

1. Сананы тұрмыс биледі. Бұған себепші – дұрыс тәрбие мен білімнің берілмеуі. Әлеуметтік теңсіздіктің пайда болуы, байлар мен кедей арасының жыл сайын алшақтауы, өмірдің басты негізі ретінде мансап, ақша, байлықтың алға шығуы. Осылардың біріне қол жеткізе алмағандардың жанынан табылып жүрген кімдер? Әрине, материалдық көмегімен жетіп келетін діни ағым мүшелері.

2. Әр түрлі ұлттар мен түрлі мемлекеттердің азаматтары арасында неке пайда болды. Бұл арқылы діни ағым мүшелері ұлттың болашағы мен Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайына кері әсерін тигізеді.

3.Ағымдар діни ұғымдардың мағынасын бұрмалап, жанұя ішіндегі ұрыс-керіс, бір-біріне деген құрметсіздік, ажырасу, баланы тастап кету, ата-анаға қарсы шығу секілді айлаларымен бейбіт халықты түрлі алауыздыққа, жік-жікке бөлінуге итермеледі.

4. Ұлттың тарихы мен мәдениеті туралы дұрыс емес түсініктер қалыптасуы арқылы отанын қорғаудан, мемлекеттік әнұранды айтудан бас тартады. Бұл да діни ағымдардың белсенді жұмысының нәтижесінде болып отыр.

5. Жастардың басқа мәдениетті тез қабылдау қасиеті себебінен еліктегіш, жаңаға құмарлықтың әсерінен жат ағымға тез сіңіседі.

Кез-келген жаңа діни ағым қоғамдағы құндылықтарды күйрету арқылы өзін орнықтыруға жол ашады. Діни ағымдар – мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін, елдің ел болып қалыптасуына кедергі келтіретін, дәстүріміздің жойылып кетуіне ықпал жасайтын, ұлттығымызды жоюға ат салысатын, дінараздық шиеленісті дау-дамайға алып баратын астарлы саяси жүйе. Бұлар сәлем салуға, рәміздерге, беташарға қарсы.

Осының ішінде беташарға келер болсақ, келін өз елінен бөтен жұртқа келген кезде танысып, білісуі үшін оның әр үйді аралап жүруі шариғатқа, әдепке сай келмейді. Сол үшін әдеппен ортаға тұрғызып, басына орамал жауып, бүкіл елді шақырып, таныстырады.

Беташардан қандай пайда аламыз дейтін болсақ:

1. Неке қиылғаннан кейін отбасылы болғанын жария етуі. Жария ету – үй болғандықтың белгісі. Ата-ананың келісімі бар екі жас шариғат жолымен қиылған некелерін баршаға жария ету арқылы елдің ақ батасын алуы керек.

2. «Үйлену оңай, ал үй болу қиын». Сондықтан беташар арқылы ер адам өзінің қолына қондырған құсымен бірге жауапкершіліктің артқанын түсіне алады.

3. «Некелеріңді жария етіңдер. Мешітте неке қиып, естіртіңдер». (Тирмизи) Бұл хадиске де қарай отырып, беташардың мақсаты келінді өзі келін боп түскен әулетке таныстыру болып табылады.

4. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет». Беташарда туыстарға сәлем салынып, келін иіледі. Мұндағы сәлем салу табынуға жатпайды. Бұл танысу сәлемі. Ислам кішіпейілділікті насихаттайды. Келінді биязылыққа үйрету мақсатында туыстары алдында кішіреюге шақырады. Бұл да үлкен әдептердің қатарына жатады.

6. Беташарда келінге жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыятын көптеген өсиет-насихаттар айтылады.

Көптеген теріс пиғылды діни ағымдардың шариғат жолымен неке қидық деп, заңнан теріс айналулары арқылы жасырын неке қиюшылар саны көбейді. Көп жағдайларда, өздерін «намазхан» деп атаған жігіттер діннен хабары жоқ қыздардың басын айналдырып, жасырын түрде өзге жерлерде жалған куәгерлер арқылы некелерін қияды. Осылайша, бірнеше әйелмен жасырын неке қиып, біраз уақыт өткеннен кейін әйелдерін талақ етіп жатады. Ал мұны тоқтату үшін ата-ана келісімімен шариғат жолымен көпшіліктің алдында жария етуі арқылы жауапкершілікпен шаңырақ көтерулері қажет.

Қазіргі кездері қазақ қоғамында діни білімге құштарлық жастар арасында кең өріс алып жатыр. Әрі діни құлшылық орындарында халықтың көпшілігі де сол жастар. Жастар діни білімінің аз болуы себепті көптеген қателіктерге ұрынады. Діни ағымдардың басты қаруы – қатыгездік пен шапқыншылық, тұрақсыздық пен бұзақылық.

Қоғам кері әсер бермегендіктен қазақ осылай ұйқыда қала береді. Көзіміз ашық, нақты дәлеліміз болмаса, айыптауымыздан ешқандай пайда болмайды. Бізде дұрыс білім болатын болса, оларды тығырыққа тірей алатын едік. Сондықтан да бізде төмендегідей шарттар болуы керек:

1. Жан-жақты білім алу. Тек діни біліммен шектелмей, дүнияуи (философия, мәдениеттану, әлеуметтану және т.б.) ілімдерді қоса үйрену;

2. Сауатты диалог орната білу;

3. Заңды толық меңгеру. Діни ұйымдарды қайта тексеру жұмыстарын жүргізуді талап ету қажет. Бірақ ол үшін бізде біріншіден, жетік білім болу қажет. Тек заң ғана бізге құқық бере алады.

Әрбір қазақ өзіне тән жағымды әдет-ғұрыптары мен заңдылықтарына ерекше мән беруі шарт. Қазіргі жастардың қателігі өз халқының тарихы мен ділінен, тілінен бейхабар болуы. «Ұлтымыздың тілін құрметтейік, әрі сол тілде сөйлейік» деген ұғым шынайы қалыптасуы керек. Елбасы: «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін», - деді. Біз оны орындап жатырмыз ба? Жоқ. «Еліктеу – ойға кісен, санаға тұсау» демекші қазақ жастары еліктеуін қояр емес. «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтынның тәрбиесімен тәрбиеле» деген екен дана халқымыз. Сондықтан да, бала күнінен ұлтшылдық пен отаншылдыққа баулып, мемлекетін көзінің қарашығындай қорғауға үйретілсе, ол ешқашан өз ұлтын, дінін, тілін сатпайды. Тәрбие көрген бала ата-анасының алдында арды аттамайды. Тұманбай Молдағалиев:

«Менің тілім өлмейді – халқым тірі,

Қазағымның сөнбейді алтын күні», -

деп ұлт болашағына деген нық сеніммен айтқан сөздеріне біз де шын жүрекпен сеніп, отанымыздың дамуына барынша үлес қосып, жағымсыз қасиеттен аулақ болып, елімізді діни ағымдардан таза ұстап, ұлттық құндылығымызды қорғауды ең әуелі өзімізден және отбасымыздан бастайық!


Тлеубай Жұлдыз Жамбылқызы 

Шалқар аудандық «Матай Қоқанұлы» мешітінің ұстазы,

«Дін мәселелері және қоғаммен байланыс 

жөніндегі орталығы» КММ-нің теолог маманы