Кәсіпкерлерге исламдағы уақып жүйесі түсіндірілді
Ақтөбе облысы Бас имамының тапсырмасымен Хромтау ауданына «Көшпелі уағыз-насихат» жобасы іске асқан болатын. Іс-сапар аясында ҚМДБ «Уақып» қорының Ақтөбе облысы бойынша жауапты маманы Мәжит Әбішев «Уақып – сарқылмас қазына» атты семинар өткізді. Жиынға Хромтау ауданының кәсіпкерлері қатысты. Кездесуде «Уақып» қоры жайлы кең көлемде мағлұмат берілді.
«Уақып» қоры қайырымдылықпен айналысады. Дініміздегі ең бір ізгілік сипаты ол қайырымдылық жасау. Бұл туралы қасиетті Құранда және хадистерде жиі айтылады. Бұл игі істер жұртшылықтың береке-бірлігін нығайту, діни дұрыс насихат беру, аз қамтылған отбасыларды қолдау бағытында жасалуда» деді.
Ол сонымен қатар кәсіпкерлерді ел игілігі үшін бірге қызмет етіп, қайырымдылық жасауға, уақып түрлерінен кез-келгенін жасауға шақырды. Сұрақтарға жауап берді. Жиынға қатысқан кәсіпкерлер қауымы «Уақып» қорының қызметінен тың деректер мен мағлұматтар алғанын айтып, ризашылықтарын білдірді.
Асыл дініміз Исламда қайырымдылық атаулының ең құрметтісі уақып деп танылады. Ол туралы Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 267-аятында: «Уа, иман келтіргендер! Маңдай терлеріңмен тапқан малдарыңды және біздің сендер үшін жерден шығарғандарымызды Алла жолында сарп етіңдер!» – деп айтқан. ҚМДБ бастамасымен «Уақып қоры» нақты жобалар бойынша өз жұмысын атқарып келеді.
«Тілдік тұрғыда «уақып» сөзі ұстау, тоқтату, кедергі болу деген мағыналарды білдірсе, шариғатта белгілі бір мүлікті (жарамсыз болып қалғанға дейін) үздіксіз қайырымдылық жолында пайдалануды уақып деп айтамыз».
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің
баспасөз қызметі