ӘЙЕЛДІҢ ҚУЛЫҒЫ
Бұл баяғы бір заманда араптың ен даласында болған қисса. Тоғыз жол торабында орналасқан көне қаланың базарына жан-жақтан саудагерлер тауар әкеледі екен. Жат жерлік саудагерлер демалып тынығып отырса керек. Маңайларына бейтаныс әйел келіп көмек сұрайды. Саудагерлердің бірі тұрып:
«Тыныштық болар, не шаруа?» - деді. Әйел: «Маған біреуіңіздің көмегіңіз керек. Жәрдемдескен кісіге жиырма динар сыйлығым бар», - дейді. Араларынан бірі түрегеп: «Не көмек керек?» - дейді. Сонда әйел: «Күйеуім ізін-ғайып жоқ болғанына он жылдан асты. Оралар деп күтіп жүрмін, бірақ неғайбыл», - деді. Әлгі кісі: «Құдай бұйырса, есен-аман қайтып келер» - дейді жұбатып. Әйел болса: «Қашанғы күтемін, менің де басқа әйелдер сияқты өмір сүргім келеді. Біреуіңіз менімен бірге қазиға барып, осы әйелдің күйеуімін деп өзін таныстырса. Сосын маған талақ берсе, болғаны», - дейді. Сонда әлгі кісі оңай олжадан дәмеленіп: «Мен барамын», - деп шықты.
Екеуі келіскен бойда сот үйіне қарай жол тартып кетті. Қазидың қабылдауына кірген әйел: «Құрметті қази! Мынау он жылға жуық жоғалып кеткен күйеуім. Енді, маған талақ бергісі келеді», - деді. Қази кісіден жай-жапсарын сұрап еді, ол да әйелдің сөзін қоштады. Қази әйелден де ажырасуға келісетіндігін сұрады. Әйел де мақұлдады. Қази: «Олай болса, әйеліңе талақ бер», - деді. Кісі «талақ» деп айтқаны сол екен, әйел көзін төмен салып, жимиып тұрып: «Құрметті қази! Күйеуім он жыл жоқ болды. Осы жылдары маған ешбір нәпәқа бермеді. Менің жағдайымды да сұрамады. Мен он жыл нәпәқа мен талақ нәпәқасын талап етемін», - деп қоя берді. Қази да өтірік күйеуге: «Осыншама жыл көк тиын бермей, қамқорлықсыз қалдырғаның не?», - деп жазғыра бастады. Оңай олжа іздеп, оңбай тұзаққа түскен бейшара саудагер жағдайы мүшкіл екенін енді түсінді. Алайда, шегінерге жер жоқ, шындықты айтуға қорқады. Жалған куәлік еткені үшін дүре соғып, зынданға да тастауы мүмкін. Сасқанынан: «Жұмысым басымнан асып, келуге мүмкіндігім болмады», - дей салды. Қази әйелдің нәпәқасы ретінде 2 мың динар беруді міндеттеп, төрелігін айтты. Шарасыз күйге түскен саудагер басын аман алып қалу үшін нәпәқа беріп құтылды. Екі мың динар табыс тапқан әйел: «Міне, мынау мен уәде еткен 20 динар»,-деп саудагердің қолына ақша салды да, жөніне кете барды. Сау басына пәле тілеп алған саудагер «Бір қатынның айласы қырық есекке жүк болған» деген осы шығар деп басын шайқап қала берді.
Юсуф сүресінде: «...Расында сендердің айла-қулықтарың өте үлкен[1]», - деп әйел затының қулығы жайлы айтылған. Әйтсе де, айтпағымыз бұл ғана емес. Әзіл-шыны аралас бұл қиссаның түйіні өтірік сөйлеу, жалған куәлік беру сынды жат қылықтардан қашық жүру керек екендігін ескертеді. Әйелге де, ерге де.
«Нұр Ғасыр» мешіті
[1] Юсуф сүресі, 28-аят